Он жылдан астам уақыттан бері дубляж саласымен айналысып келе жатқан ол 50-ге жуық фильмге режиссерлік етіп, ондаған кейіпкерді өзі дыбыстаған. Жақында режиссермен қазақ дубляжының бүгінгі деңгейі, көрермен талғамы, прайм-тайм мәселесі, дубляждағы локализация ерекшелігі және саланың көпшілік біле бермейтін қыр-сыры туралы сұхбаттастық.
– Шах-Мұрат мырза, бүгінде сізді дубляж саласындағы бірқатар мәнді жобаның басы-қасынан жиі көреміз. Өзіңіз қызмет еткен он жылдың ішінде бұл саланың сіз байқамаған қандай қырын көрдіңіз?
– Расында алғашқы жобаларымызбен салыстырғанда, қазір көп нәрсе өзгерді. Дыбыстау процесі де, мәтінмен жұмыс істеу тәсілі де бұрынғыдай емес. Уақыт өте келе маман тәжірибе жинап, шыңдала түседі. Біртіндеп қолың да, тілің де, санаң да жаттығады. Соның ең алғашқы байқалған нәтижесі – жұмыс жылдамдығы. Алғашқы жылдары бір фильмді дыбыстауға 20-25 күнге дейін уақыт арнайтын кездер болды. Қазір мәтін толық дайын болса, фильмді 8-9 күннің ішінде дыбыстап шығуға болады. Бұл – дыбыстау кезеңі ғана, одан кейін монтаж бен техникалық жұмыстар жалғасады. Екіншіден, әр жаңа жоба – жаңа белес, жаңа сабақ. Қазір фильмді алғаш көргеннен-ақ оның қазақ көрерменіне қаншалықты үйлесетінін, өзектілігін, оған қанша күш пен уақыт жұмсау керегін шамалай аламыз. Бұрын жақсы бір жоба көрсек болды, «осыны қазақшалайық» деп бірден іске кіріссек, қазір таңдауға тәжірибемен қараймыз. Сонымен бірге әртістермен жұмыс істеу тәсіліміз өзгеріп, оларға қоятын талабымыз да өсті.
– Он жылда көрерменнің талғамы өзгерді ме?
– Әрине өзгерді. Оның жақсы қыры да, көңілге ой салатын тұстары да бар. Біріншіден, осыдан он жыл бұрын кинотеатрға тұрақты түрде баратын орта буын көрерменнің қатары қазір біршама сирегендей. Бұған карантин кезеңінің де әсері бар. Бірақ қазақ тіліндегі контентке келгенде, керісінше үрдіс байқалады. Қазір ана тіліміздегі туындыларды тамашалайтын көрермен саны артты. Он жыл бұрынғы көрермен мен бүгінгі көрерменді салыстырсақ, айырмашылық анық сезіледі. Қазір көрермен сапалы дүние көргісі келеді. Дыбысы да, визуалы да мінсіз болғанын, ең бастысы, фильмнің айтар ойы болғанын қалайды. Қазір Threads пен Instagram секілді әлеуметтік желілерде көрген дүниең туралы ойыңды ашық айту қалыпты құбылысқа айналды. Сол арқылы қазіргі аудиторияның талабы мен талғамы өзгергенін байқаймыз. Мәселен, көрерменнің бір бөлігі ауыр жұмыс аптасынан кейін жеңіл комедия тамашалағысы келетінін айтса, енді бірі «Комедияның дәурені өтті, біз күрделі, сапалы туындыларды қалаймыз» дейді. Олар Кристофер Ноланның «Одиссея», Tenet секілді фильмдерін немесе кейінгі жылдары түсірілген қазақ тіліндегі кәсіби хоррорларды көргісі келеді. Қазіргі көрермен әлсіз әрі асығыс жасалған дүниені тез ажыратады. Тіпті жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатқан кезеңде оның көмегімен жасалған контентті де бірден байқайтын аудитория қалыптасты. Ал сапасыз өнімді тану олар үшін тіпті қиын емес. Сондықтан қазір кинотеатрға «Мен билетке ақша төледім, демек сапалы дүние көруге құқылымын» деген талаппен келетін көрермен қалыптасып келеді. Меніңше, бұл – өте жақсы құбылыс. Өйткені көрерменнің талабы мен сыни көзқарасы кино нарығын да алға сүйрейді. Актер ретінде де, дубляж режиссері ретінде де қазақ киносының қазіргі тынысына қарап іштей марқаямын. Мәселен, кейінгі шыққан «Қайтадан», «Ғашықпын саған», «Дәстүр-2» сынды туындылар – қазақ киносы үшін көңіл қуантарлық өзгеріс.
– Бір сұхбатыңызда «Біздің басты трагедиямыз – өз тілімізге, Қазақстанда жасалған деген өнімге әлі де сенбейтініміз» деп айтып қалдыңыз. Бұл қайдан қалыптасқан сенімсіздік?
– Бұл – мен бұрыннан айтып жүрген мәселе. Егер нақты дубляж бен медиа саласы төңірегінде айтсақ, оның түп-төркіні адамның ана тілімен тікелей байланысты. Егер баланың ана тілі қазақ тілі болса, отбасында әке-шешесі, ата-әжесі, бауырлары қазақша сөйлесе, онда қазақ тіліндегі контент оған жат көрінбейді. Ол сыртта, мектепте немесе университетте өзге тілде сөйлесе де, үйдегі негізгі тіл қазақша болса, екі тілді қатар меңгерген адам ретінде қазақша фильмді де, ақпаратты да, кітапты да оңай қабылдайды. Өйткені бұл – оның санасына ең алғаш сіңген, түйсігінде орныққан тіл. Ал кейін меңгерген тілдер көбіне қарым-қатынас құралына айналады. Адамның ойлау жүйесінде әуелі ана тіліндегі ұғым қалыптасады. Керісінше, егер баланың тілі орысша шығып, қазақ тілі кейіннен меңгерген екінші тілге айналса, қазақша ақпаратты қабылдау ол үшін салмақ салуы мүмкін. Өйткені ол қазақ тілін табиғи тіл ретінде емес, кейіннен игерген құрал ретінде қолданады. Ал қазақтілді контентті агрессивті түрде қабылдамауға көп жағдайда контенттің түсініксіз немесе сапасыз болуы себеп болады. Кейде қазақ тіліндегі фильмдер көрерменге ауыр, түсініксіз немесе жасанды естілуі мүмкін. Оның себебі – үйде еститін күнделікті қазақ тілі мен телеарнадан, көркем әдебиеттен немесе күрделі фильмдерде қолданылатын қазақ тілінің бір-бірінен алшақтығы. Біз күнделікті өмірде көркем әдебиеттегідей бай тілмен сөйлей бермейміз. Балаларымызбен бірге отырғанда сол деңгейде ой қозғап, ой өрбіте алмаймыз. Өкінішке қарай, бұл қоғамда білім мен тілдік мәдениетке қатысты жиі кездесетін трагедиялардың бірі. Егер бала көркем әдебиетке қанып өссе, оған қазақ тіліндегі дубляжды қабылдау қиынға соқпас еді. Әрине дубляж көрерменнен арнайы тілдік дайындықты талап етпеуге тиіс. Бірақ әлемнің көптеген елінде сапалы әдеби тілдегі дубляж қалыпты құбылыс саналады. Біз де сол бағытта жұмыс істеп келеміз. Қазақ тіліндегі контентке жатсына қараудың астарында адамның тілдік ортасында өзге тілдің үстемдік етуі жатыр деп білемін.
– Қазақ тілінде дубляждалған фильмдерді прайм-таймда көрсетпейді. Бұған Kinopark кино желісі басшыларының тікелей қатысы бар ма, әлде шынында да көрермен ана тіліміздегі нұсқасына бармай ма?
– Шын мәнінде, біз бұл мәселені көбіне фильм прокатқа шыққаннан кейін төртінші-бесінші күні байқап, «Неге қазақша сеанс прайм-таймда жоқ?» деп таңғаламыз. Бірақ қазақ тіліндегі дубляждың кинотеатр прокатына тұрақты түрде енуі бірден қалыптасқан үрдіс емес. Кинотеатрлар – жеке компаниялар. Сондықтан фильмді қай уақытта көрсету, сеанс санын көбейту немесе азайту – олардың өз құзырындағы мәселе. Меніңше, олар прокаттың алғашқы бірінші, екінші күнінде көрермен сұранысын байқап көреді. Егер сол күндері қазақша сеанстарға билет аз сатылса, кейін олардың саны да, прайм-таймдағы үлесі де қысқарады. Өйткені кинотеатр үшін бұл, ең алдымен, коммерциялық мәселе екенін ескеруіміз керек. Өз тәжірибемде танымал фильмдердің орыс тіліндегі сеансында зал лық толып, касса алдында ұзын-сонар кезек болғанын, ал қазақша нұсқасына келген көрермен саны әлдеқайда аз екенін талай көрдім. Бұл – біз мойындауға тиіс шындық. Сондықтан мұны қазақ тіліне әдейі жасалған қастандық деп қабылдау дұрыс емес. Кинотеатр да өзінің табысын есептейді. Егер қазақша сеанстың алғашқы күндерінде әр залда ине шаншар орын болмаса, сеанс санын көбейту кинотеатрдың өзіне де тиімді болар еді. Демек, көрермен қызығушылық танытса, билет сатылады, ал билет сатылса, сеанс та сақталады.
– Бүгінде әйгілі Disney студиясы өз өнімдерін қазақ тілінде жарыққа шығара бастады. Қуантатыны да сол – ана тіліміздегі өнімдерді әлемдік студияның қаржыландыруы. Мұндай бірлескен жобалар нарықта өзін-өзі ақтап отыр ма?
– Білуімше, жобалар өзін белгілі бір деңгейде ақтап келеді. Кейде бір табысты жоба осыған дейінгі көрсеткіші төмен болған бірнеше жобаның шығынын өтеуі мүмкін. Бұл – кино индустриясында кездесетін қалыпты құбылыс. Бірақ өз басым Disney-дің қазақша дубляж жобасын қолға алудағы түпкі көздегені – тек табысқа кенелу деп ойламаймын. Бұл тұста ең маңызды көрсеткіштердің бірі – қоғамның ықыласы артуы. Қазақ тілінде дыбысталған шетелдік фильм туралы қаншалықты жиі айтылады, оған деген қызығушылық өсіп келе ме және көрермен әлемдік контентті қазақ тілінде көруге қаншалықты дайын? Бастапқыда осы көрсеткіштер негізге алынады. Егер мақсат тек табыс табу болса, бәлкім, алғашқы фильмнен кейін-ақ бұл бастама тоқтап қалар ма еді?! Бірақ олай болған жоқ. Жобаның жылдар бойы жалғасуының өзі оның алдында тек коммерциялық емес, әлдеқайда ауқымды мақсаттар тұрғанын көрсетеді.
– Егер жаһандық бренд қазақ тілін нарық ретінде көре бастаса, отандық киноөндірушілер неліктен қазақ тіліндегі дубляжға дәл сондай сеніммен қарамасқа?..
– Бұл сұрақты киноөндірушілердің өзіне қойған дұрыс болар. Дегенмен бұл пікіріңізбен мен де келісемін. Өйткені қазіргі уақытта дубляж деген қолжетімді құрал бар. Мәселен, фильмнің түпнұсқасы қазақ тілінде түсірілсе, оны кейін орыс тіліне немесе шет тілдеріне кәсіби түрде дыбыстауға мүмкіндік бар. Бұған дубляж саласындағы шығармашылық тобымыздың әлеуеті жеткілікті. Іс жүзінде мұндай мысалдар да көп. Айталық, «Дәстүр» фильмінің бірінші бөлімі қазақ тілінде түсірілсе, ал орыс тіліндегі нұсқасын біздің шығармашылық топ дыбыстады. Бұл техникалық жағынан да, шығармашылық тұрғыдан да қолжетімді. Десек те барлық автор бірден қазақ тіліне көшіп кете алмайды. Оған себеп бірнеше фактор бар. Егер тіл тұрғысынан қиындық туындаса, шығармашылық тобымыз кез келген тілге кәсіби түрде дыбыстап беруге әзір.
– Кейде түпнұсқадан қазақ тіліне аударылған сарказм, сленг сияқты дүниелер мағыналық тұрғыда толық ашылмауы мүмкін. Мұндай кезде түпнұсқаны сақтауға тырысасыздар ма, әлде қазақ көрерменіне түсінікті балама іздейсіздер ме?
– Мұның бәрі фильмнің көркемдік идеясына байланысты. Кейбір қалжың немесе сөз орамы бізге жақын болуы мүмкін, ал енді бірі менталитетімізге, ойлау жүйемізге мүлде үйлеспей жатады. Егер туындының мәдени контексті бізге мүлде жат болса, көрерменге түсінікті әрі табиғи естілуі үшін кейбір тұсын бейімдеуге болады. Ең бастысы, кейіпкердің болмысы мен авторлық идея өзгермеуге тиіс. Ал кейбір өзге мәдениет өкілдері бізге географиялық тұрғыдан алыс болғанымен, рухани жағынан жақын келеді. Мысалы, «Қара қабылан: Ваканда жасасын» фильмінде Африка мәдениеті көрсетілгенімен, ондағы патшаға деген құрмет, үлкенге ізет, батырға құрмет көрсету, бір-бірімен сыпайы түрде сөйлесу секілді құндылықтар қазақы танымға бөтен емес. Кішінің үлкенге ізет білдіруі, мәртебесіне қарай сөз саптауы – біздің мәдениетімізде де бар құндылық. «Коконың құпиясы» сияқты фильмдерде де бізге жақын осындай мәдени реңктер кездеседі. Ал таза еуропалық немесе қазіргі америкалық фильмдерде жағдай өзгеше. Кейбір әзіл, сленг немесе қарым-қатынас үлгісі бізге мүлде жат көрінуі мүмкін. Мұндай кезде оны қазақ көрерменіне табиғи естілетіндей етіп бейімдеуге тура келеді.
– Кейбір сөздерді қазақша дубляжға енгізгенде, қоғамның реакциясын алдын ала ескересіз бе? Мысалы, «Астапыралла» сияқты сөздердің фильмдегі қолданысына қандай өлшеммен қарайсыздар?
– Әрине міндетті түрде ескереміз. Шығармашылық топпен бірге әр ұғымның кейіпкерге, оқиғаға, фильмнің табиғатына қаншалықты үйлесетінін талқылаймыз. Жұмыс барысында кейде аяқ астынан туған шешімдер де болады. Мысалы, «Өрмекші адамда» орысша сөйлеген кейіпкерге Өрмекші адамның «Рақмет, бірақ мен орысша түсінбеймін» деген репликасын қостық. Бұл түпнұсқада болмаған, сол сәтте пайда болған шешім еді. Кейін бір ғана сөйлемнің көрермен арасында үлкен резонанс тудырғанын көрдік. Сол сияқты «Коконың құпиясында» «Астапыралла» деген репликаны енгізгеніміз есімде. Ол алғашқы анимациялық күрделі жобаларымның бірі еді. Бәлкім, кей тұста локализацияға еркінірек қарап, бояуын қалыңдатып жіберген шығармыз. Бірақ бір нәрсені ескергеніміз жөн. Қазақша дубляж ең алдымен қазақтілді көрермен үшін жасалады. Сондықтан сөз кейіпкердің эмоциясына дәл келіп, қазақ аудиториясына табиғи естіліп, фильмнің негізгі мазмұнына нұқсан келтірмесе, оны орынды қолдануға болады. «Астапыралла» да сол сахнада жат естілген жоқ, керісінше қазақ көрермені мұны түсінікті әрі табиғи ұғым ретінде қабылдады.
– Қазір дубляжда танымал әншілер мен блогерлер жиі көрініп жүр. Бұл көрерменді тартудың бір тәсілі ме?
– Оның негізгі себептерінің бірі, әрине, маркетинг. Біз қазақша дубляж туралы мүмкіндігінше көп адамның білгенін, қазақтілді көрерменнің ғана емес, жалпы аудиторияның назары осы бағытқа ауғанын қалаймыз. Сол себепті жасыратыны жоқ, бұл маркетингтің қалыпты тәсілі. Екінші себеп – шығармашылық қажеттілік. Әсіресе музыкалық фильмдерде кәсіби дубляж актерінің вокалдық мүмкіндігі кейіпкердің ән партиясын орындауға жете бермейді. Бұл үлкен вокалдық дайындық пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан мұндай сәтте кәсіби әншілердің көмегіне жүгінеміз. Мәселен, түрлі жобада Жарқынай Ханайым, Айгүл Иманбаева, NAZIMA, Abik Jeksen, Динара Сұлтан және т.б өнер иелері қатысты. Танымал тұлғаларды тартудың тағы бір тиімді тұсы бар. Көрермен өзі жақсы көретін әртістің дауысын үлкен экраннан естігенде, оның сол жобаға деген қызығушылығы да оянады. Мысалы, ертең Димаш Құдайбергенге дәл келетін, оның дауысы мен мүмкіндігін толық аша алатын кейіпкері бар фильм ұсынылса, оны қуана-қуана шақырар едік. Димаштың уақыты сәйкес келсе, әрине. Өйткені қазақ тіліндегі мұндай жобалар әншінің шетелдегі жанкүйерлерінің де назарын аударуы ықтимал.
– Қазір дубляж саласында өзін сынап көргісі келетін жастар көбейді. Дубляжға жол ашу үшін алғашқы қадамды неден бастаған жөн? Бұл салаға тек дайын таланты бар адамдар келе ме әлде осы ортаға келгеннен кейін өзінің жаңа қырын ашқан мысалдар да бар ма?
– Ең әуелі айтарым, бұл салаға ешкім дайын талант болып келмейді. Қанша жерден табиғи дарыныңыз, жақсы дауысыңыз немесе актерлік қабілетіңіз болса да, оның бәрі біліммен толығып, тәжірибемен шыңдалуға тиіс. Елімізде «дубляж актері» деген бөлек мамандық жоқ. Оның түп негізі – актерлік өнер. Ал сол өнерді кейін қай арнаға бұратыныңыз өзіңізге байланысты. Бақытымызға қарай, Қазақстанда актер мамандығын кәсіби деңгейде үйрететін оқу орындары бар. Сондықтан бұл жолға шынымен келгісі келген адам ең алдымен мықты негіз қалыптастыруы керек. Қазір менен «дубляжға қалай кіруге болады?», «кастингке қалай қатысамын?», «қай жерден үйренемін?» деп жиі сұрайды. Иә, бұл саланы оқытатын арнайы курстар да көбейді. Олардың арасында шынымен пайдалысы бар шығар. Бірақ бірнеше айлық курс немесе онлайн сабақ кәсіби оқу орнында қалыптасатын мектептің орнын баса алмайды. Сондықтан ең дұрыс жолы – кәсіби маманның алдынан өту. Академиялық мектеп кейде ескірген дүние секілді көрінуі мүмкін, десе де актерлік өнерде оның беретін іргетасы өте мықты. Жақсы ұстаздың шеберханасында шыңдалу – кейін өз жолыңды сенімді бастауға көмектеседі.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық өрлеу тілейміз!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ