Қазақстанда несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін қайта қарау мәселесі талқыланып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.
Оның айтуынша, агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп тиісті қаулыға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Атап айтқанда, ипотекалық несиелер бойынша бастапқы жарна 30% және одан жоғары болған жағдайда жылдық тиімді мөлшерлемені 20% деңгейінде белгілеу ұсынылып отыр. Ал алғашқы жарнасы 30%-дан төмен несиелер үшін бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы ықтимал.
Сонымен қатар, бұл бастаманың халық үшін ипотеканың қолжетімділігіне әсері алаңдаушылық туғызуда. Нарық қатысушылары елдегі ақша-несие жағдайы тұрақталғанға дейін бұл өзгерістерді кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту қажеттігін айтып отыр.
Агенттік төрағасы қазіргі таңда Қазақстандағы базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде екенін атап өтті. Оның сөзінше, мәселе әлі де талқылау кезеңінде, нақты шешім қабылданған жағдайда қосымша ақпарат беріледі.
Жүргізілген талдауларға сәйкес, қазіргі уақытта нарықтағы ипотеканың орташа мөлшерлемесі 20–22% шамасында қалыптасқан.