in

Кәсіптің кілті – гаражда

Жүргізушілерді көлік күтімінің түрлі мәселесі мазалайды. Жанармайдың төмен сапасының көлік қозғалтқышына теріс әсері көп сын тудырып жүр. Көктем шыға асфальты қармен бірге «еріп» кетіп, ойдым-ойдымға айналатын жолдар да «темір тұлпардың» тез тозуына түрткі. Жалпы, елдегі автосервис нарығы қалай дамып келеді? Шынымен бұл сала табысты ма?

Техқызмет стансалары (ТҚС) клиенттерінің қатарын күрт арттыратын тағы бір іргелі фактор бар. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне жүгінсек, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктердің жалпы саны 6 миллион 25,9 мыңға жетті. Тіркелмей, транзиттік нөмірмен жүргені қаншама? Оның жария есебі жоқ. Бұл көліктердің 83,9%-ы – жеңіл автомобиль, 8,2%-ы – жүк көлігі, 4,4%-ы – тір­кеме, 1,5%-ы – автобус, 1,2%-ы – мо­то­көлік.

Көшелер мен сайын далада зымыраған осы миллиондаған машинаның басым көпшілігі немесе 71,7 пайызы – ондаған жыл жұмысқа жегілген «мәс­тектер», ескі-құсқы көлік. Өзге­сінің де оңып тұрғаны шамалы: 3 жылға дейінгі «жастары» – небәрі 14,9 пайыз. 

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметі бойынша Қазақ­станда автопарктің жас құрылы­мы бойынша 20 жылдан асқан көлік құралдарының үлесі – 45,1%. 10 жылдан 20 жылға дейін­гі көліктердің еншісі – 26,6%. 3 жылдан 7 жылға дейінгілері – 9,4%, 7 жылдан 10 жылға дейін­гілері – 4%. Ал 3 жылдан аз уақыт пайдаланылған жаңа көліктер – 14,6%, зауыттан енді ғана шыққаны – 0,3%. 20 жылдан асқан автокөліктердің ең көп саны Алматы облысында – 337,9 мың бірлік. Алматы қаласында – 226,7 мыңы, Жамбыл облы­сында – 206,3 мыңы, Қарағанды об­лысын­да 192,8 мыңы тіркелген. 

СТО-лардың көрігі қызды

Қазақстанда ауқатты станса­лар жылына орта есеппен 178 млн теңгеге дейін кіріс көреді. Бұл тартымды бизнесті қалай бастауға болады? ТҚС ашу оңай шаруа емес. Ол ғимаратты жалға алу, шеберлерді табу, клиент тарту, запасты бөлшектерді шетелден уақытылы алғызу, ақша айналы­мын қатаң бақылау сияқты ша­руа­сы шаш-етектен әрі қар­жылық, операциялық тәуекелге толы күрделі процесс. 

Мамандардың түсіндіруінше, осы кәсіпке жаңа келген бизнес­мен үшін ең ұтымды формат – бір-екі ғана бекеттен тұратын, сондай-ақ дөңгелек ауыстырып салу, май ауыстыру, техникалық қызмет көрсету, электрика, диагностика сияқты бағыттарда тар маманданған шеберхана құру болмақ. Шанақ-кузовты, қозғалтқышты жөндеу, сырлау және басқа күрделі жұмыстарды кейінірек, нарыққа бейімделген соң қосқан жөн. Олар қымбат құрал-жабдықты, желдету жүйе­сін, біліктілігі жоғары маман­дарды, мол инвестиция салуды талап етеді. 

Осы мақсатта жеке кәсіпкер­лік немесе ЖШС тіркеуге болады. Қарапайым автомобиль жөндеу қызметі үшін жеке лицензия қажет етілмеуі мүмкін. Алайда кейбір қосымша қызмет бөлек талаптарға бағынады. Техника­лық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары арнайы жабдық­талған бекетте, қауіпсіздік талап­тарын сақтап атқарылуға тиіс.

Бұл бизнестің басты бір «челленджі» – ТҚС-ке лайықты орынжай табу. Астанада және Алматыда ірі көшелер мен даңғылдарға жақын орналасқан гараждың, дүңгіршектің немесе өзге қолайлы нысанның бағасы 30 млн теңгеден басталады. Сон­дықтан бизнесті арендаға алын­ған орыннан бастауға болады. Жалға алмас бұрын нысанның мақсатын, онда станса орналас­тыру мүмкіндігін, электр қуатын, желдету, жылыту, кәріз жүйесін, көліктер кіріп-шығар жолдың болуын тексеру қажет. 

Бірақ кәсіптегі басты қауіп – кадрлық аштық. Техниканың тілін білетін, ісіне адал, жұмысы­на жауапты шеберлердің тапшы­лығы, қызмет көрсетудің сапа­сыздығы – елде техқызмет стан­са­ларының көбінің жабы­луына соқтыратын басты себеп­тің бірі. Іске қырсыз қызметкер­лер клиенттің қымбат көлігін жөн­деу орнына, бүлдіріп, қожа­йыны­ның басын дауға қалдырып, үлкен шығынға отырғызып ты­нады.

Өрт қауіпсіздігі, санитарлық және экологиялық талаптарды да естен шығаруға болмайды. Әсі­ресе пайдаланылған май, сүзгілер және басқа қалдықты дұрыс жинау мен утилизациялау – кәсіпкерлік жауапкершіліктің бір бөлігі.

Бастапқы бизнес шығыны­ның негізгі бөлігін нысанды жа­рақ­тандыру, керек-жарақ сатып алу, әсіресе көтергіштер мен ди­аг­­ностикалық жабдық, ком­прессор, құрал-сайман, ши­номонтаж жабдығы құрайды. Мұның сыртында түнде жарық шашып, алыстан менмұн­далайтын маңдайшаға, жарна­маға, қызметкерлер жалақысына, CRM жүйесіне, салық пен бух­галтерия есебіне көп шығын­далуға тура келеді.

– Автокөлік жөндеу орталығы – техниканы түсінетін немесе жанында мықты маман серіктесі бар адам үшін өте тиімді бизнес. Өткен аптада мысалы, Lexus LX 600 көлігінің иесі келді. Ма­шинасын диагностикалап, кем­шіліктерін анықтап, жөндеуге 3,5 миллиондай төлеуіне тура келді. Автосервис ашқанда кез келген шеберді жалдай салу – үлкен қате. Мықты мотористі және диагносты табу қиын. Олар үш мың долларға дейін айлық сұ­райды. Тақырға отырмау үшін басшы бекеттердің тұрақты жүктелуіне, тапсырыстардың мұқият, дұрыс орындалуына, түскен табыстың қолды болмай, бухгалтерияның дұрыс жүргі­зілуіне баса мән бергені жөн, – дейді астаналық ТҚС иесі Қайрат Сартаев.

Нарық ауқаты жарты триллионға жетті

Ұлттық статистика бюро­сы­ның деректері таңдай қақтырады. Саланың табысы соңғы 6 жыл ішінде 4,4 есеге өскен. Мұндай жетістікпен көп сала мақтана ал­майды. Атап айтқанда, 2020 жыл­дың қаңтар-маусым айларында автокөліктерге техникалық қыз­мет көрсету және жөндеу қызмет­терінің көлемі небәрі 41,7 мил­лиард теңгені құраған еді. 2026 жылдың бірінші жартысында көрсетілген қызметтер көлемі 179,6 млрд теңгеге жетті. Салыс­тырғанда, былтырғы жарты­жылдық­та бұл көрсеткіш 143,6 млрд теңгені құраған-тын.

Жартыжылдық нәтижелерін емес, тұтас жылдық қорытын­дыны салыстырсақ, онда да өсім ғаламат. 2020 жылы қызмет көр­сету көлемі 107,6 млрд теңгені құ­рады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 140,2 млрд теңгеге дейін өсті. 2022 жылы 168,3 млрд теңгені құ­раса, 2023 жылы 233,3 млрд тең­ге биі­гін бағындырған. 2024 жылы көрсеткіш 323,1 млрд тең­ге­ге дейін артып, 2025 жылы та­ри­хи белеске 435,3 млрд теңгеге кө­терілді.

Сөйтіп, 2015-2025 жылдары жылдық қызмет көлемі 69,8 мил­лиардтан 435,3 миллиард теңгеге дейін аспандаған. Сондай-ақ қарқыны да қайран қалдырады. 2015 жылы сала небәрі 2,8%-ға ғана өскен болса, соңғы 3-4 жылдағы өсім бұдан шамамен 13 есеге артық: 2023 жылы – 38,6%, 2024 жылы – 38,5%, 2025 жылы – 34,7%. Тұтастай алғанда, ста­тистика Қазақстандағы авто­мобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу нарығының тұрақты әрі қарыштап өсіп келе жатқанын айқын көрсетті.

2026 жылдың бірінші жартысында да бұл жағымды үрдіс сақталды: биылғы қаңтар-маусым айларында 179,6 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл көлем 2025 жылдың сәйкес кезеңімен (143,6 млрд теңгемен) салыстырғанда 25%-ға артық. 

Көліктерге техқызмет және жөндеу бойынша көрсетілген қызметтердің ең үлкен еншісі екі мегаполиске тиесілі. 2025 жыл қорытындысында Алматы 139,3 млрд теңгені немесе жалпы рес­публикалық көрсеткіштің 32%-ын қанжығалады. Астана­ның үлесі 73,1 млрд теңгені құраса, Атырау облысында 34,9 млрд теңгеге жетті. Жалпы, осы үш өңір нарықтың 56,8%-ын қам­тамасыз етіп отыр.

Олардан кейінгі орындарға Қарағанды (27,8 млрд), Шығыс Қазақстан (19,6 млрд) және Ақ­мола (19 млрд) облыстары жайғасты. Ең аз қызмет көрсету көлемі Ұлытау (1,1 млрд), Қызыл­орда (2,8 млрд) және Жамбыл (3,6 млрд) облыстарында тіркелді.

Ел бойынша барлығы 8 881 «СТО» бар. Ең көбі Алматыда (1 262 станса, жылдық табысы 139,3 млрд теңге), Қарағанды облы­сында (919 бірлік, 27,8 млрд теңге), Астанада (767 ТҚС, 73,1 млрд теңге), Павлодар облысында (621, 11,9 млрд), ШҚО (596, 19,6 млрд теңге) орналасқан. Ұлттық статистика бюросының мәлі­метінше, ең азы: Түркістан облысында (239 станса, 9,5 млрд), Қызылорда облысында (226, 2,8 млрд), Маңғыстау облысында (198, 6,6 млрд), Атырау об­лысында (196, 34,9 млрд), Ұлытау облысында (90 станса, 1,1 млрд).

Осы тізімнен байқалғандай, стансалардың саны олардың жинаған табысына тікелей пропорционалды бола бермейді. Мысалы, Атырау облысында бар-жоғы 196 автожөндеу стансасы жұмыс істесе де, аймақ нарық көлемі, тапқан табысы жөнінен ел бойынша үшінші орынға шықты. Онда бір ТҚС бір жылда орта есеппен 178 млн теңгенің қызметін көрсетеді. Ал Алматыда бұл көрсеткіш 110,4 млн теңгені, Астанада 95,3 млн теңгені, ел бойынша орташа есеппен ша­мамен 49 млн теңгені ғана құра­ды. Демек, Атырауда ТҚС ашу көбірек табыс түсіретінге ұқ­сайды. 

Мұндай айырмашылық бекітіл­ген баға-тариф деңгейіне, стансалардың жүктемесіне, нарықтың монополиялануына, «темір тұлпар» иелерінің ауқа­тына және сервис орталық­тарының мамандануына байла­нысты. Шанақты жөндеу, жеңіл автомобильге емес, үлкен тех­ника мен коммерциялық көлік­терге қызмет көрсету және күр­делі техникалық жұмыстарды орындау әлдеқайда көп табыс әкеледі.

Сонымен қатар бұл кәсіпкер­лердің тарифтері де тынымсыз өсіп жатыр. 2026 жылдың мау­сымында жеке көлік құралдарын техникалық қызмет көрсету және жөндеу былтырғы маусыммен салыстырғанда 13,5%-ға қым­баттады. Баға динамикасы өңір­лер бойынша әрқалай. Көлік жөн­деу сервисі ең көп қымбат­таған өңір – Павлодар облысы: бір жылда бірден 76,5%-ға ша­рықтап кеткен. Ұлытау облы­сында баға 21,5%-ға, Маңғыстау облысында – 20%-ға, Жетісу об­­лысында – 18,6%-ға, Абай об­лысында – 17,9%-ға, ал Қостанай облысында 17,5%-ға өсті.

Жөндеу жұмыстарының қымбаттауына байланысты авто­жөндеу стансалары үшін тек жаңа клиенттерді тартып қана қоймай, тұрақты клиенттерді ұстап қалу өзекті мәселеге айналған. Бағасы қолжетімді, жөндеу мерзімін қатаң сақтайтын, жұмысына кепілдік беретін және авто­сақ­тандыру жағдайлары бойынша қызмет көрсете алатын станса­лардың аты алға озып барады. Қорыта айтқанда, бұл кәсіп түрі – тынымсыз еңбекке, кәсіби шеберлікке және адал қызметке шын берілген жандар үшін үлкен мүмкіндік.

Айхан ШӘРІП