Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) медиандық жалақының кемінде жартысына тең болуы керек. Қазақстанда медиандық жалақы – шамамен 300 мың теңге. Демек, ЕТЖ-ны 150 мыңға жеткізу қисынға да, заңға да қайшы емес. Жақында Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин осы межені кезең-кезеңімен бағындыру жоспарда бар деп мәлімдеді. Нақты мерзімі әлі белгісіз. Үкімет көрпеге қарап көсілмекші. Бюджет түсімі тұрақты сақталса, жалақы да ұлғаяды. Әйтпеген жағдайда 85 мыңды місе тұтуға тура келеді.
Шыны керек, ЕТЖ көлемі көп нәрсеге әсер етеді. Біріншіден, жұмыс беруші қызметкерінің ЕТЖ сомасынан төмен жалақы төлей алмайды. Осы арқылы мемлекет жұмысшылардың құқығын қорғап, еңбек қатынастарын реттейді. Екіншіден, зейнетақы, жәрдемақы, медициналық сақтандыру жарнасы сияқты әлеуметтік төлемдер ЕТЖ-ға сәйкес есептеледі.
Жалақы деңгейі экономикалық ахуалмен тікелей байланысты. Мұны вице-министр жоққа шығармай, ашық айтты. Енді қараңыз, былтыр Қазақстанда ЖІӨ 6,5 пайыз өсім көрсетіп, кейінгі 10 жылда болмаған рекорд орнатты. «Бірақ тапқаны тамақтан артылмайтын қалың бұқараның жағдайы 6,5 пайызға жақсарды ма?» деген сұрақ туады осындайда. Қазір ЕТЖ мөлшері 85 мың теңге деп белгіленген. Яғни, жаңағы медиандық жалақының 30-ақ пайызына тең. 10 жылда ЕТЖ көлемі 19 996 теңгеден басталып, 2024 жылы әупірімдеп, 85 мыңға жетті де, содан бері мұрты бұзылмастан мызғымай тұр. Көңілге қонбайтын көрсеткіш екенін халық та біледі, билік те мойындайды. Кейде ЕТЖ-ны ешқашан дүкенге бас сұқпаған, базар аралап көрмеген біреулер бекітті ме деп таңғаласың. Азық-түлік тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сүйенсек те, 85 мың деген сома ақылға сыймайды. Екінің бірі банкке борышкер. Үкімет қанша жерден тежеп ұстауға тырысса да, тауар бағасы ауыздыққа көнбей, ала қашып барады. Тіпті, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де: «Мен өзім ол ақшаға өмір сүре алмас едім», – деп ағынан жарылған. Инфляция мен девальвацияны ескерсек, ЕТЖ бекітілген екі жылда тұрғындардың тұрмысы нашарлап кетті деуге болады. Себебі экономикада жалақы деңгейі оның номиналды мәні бойынша емес, сатып алу қабілеті бойынша есептеледі. Сондықтан бүгінгі 85 мың теңгені кедейліктің заңмен шегеленген шегі демеске лажымыз жоқ.
Жалпы, қазақстандықтар үшін жалақы – негізгі табыс көзі. Жұмыспен қамтылған азаматтардың төрттен үш бөлігі жалданып жұмыс істейді. Өз кезегінде жалақы халықтың ақшалай кірісінің 70 пайызына пара-пар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде ЕТЖ-ны 1 млн 800 мың адам алады. 329 мың адам 80 мыңнан да аз жалақыға күнелтіп жатыр.
Бірақ кей мамандар жалақыны күрт көтеруге күдікпен қарайды. Өйткені жалақы өссе, өндіріс шығындары да өседі. Соның салдарынан тауар мен тариф құны шарықтайды. Тұтыну секторына қосымша ақша құйылса, сұраныс артады, шектен тыс сұраныс инфляцияны өршітеді. Мұндай құбылыс Қытай экономикасында анық байқалған. 2014-2016 жылдары ондағы орташа жалақы 700-800 доллардан асып, арзан жұмыс күші деген түсінік жойылды. Нәтижесінде, Қазақстан нарығында қытайлық өнімдерден гөрі Ресей мен Беларусь тауарлары қолжетімді болып қалды. Сондай-ақ бюджет тапшылығы мен бизнес мүддесін алға тартып, жалақыны арттыруға қарсы уәж айтатындар көп.
Әйткенмен, екінші тараптың талаптарына да құлақ асқан дұрыс. Бізде жұмыс берушілердің мүддесі жұмысшылардың мүддесінен жоғары тұратыны жасырын емес. Сенбесеңіздер, Ұлттық экономика бюросының статистикасына жүгініп, мәселенің мән-жайын «100 теңге» мысалымен түсіндірейік. 2010 жылы Қазақстанға табыс ретінде түскен әрбір 100 теңгенің 34,3 теңгесі жұмысшыға бұйырса, 45,2 теңгесі жұмыс берушінің қалтасында кеткен. 2021 жылы ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі 31,2 теңгеге дейін азайып, капитал иелерінің үлесі, керісінше, 50,8 теңгеге дейін молайған. Ең жаманы, 2016-2019 жылдары жұмысшының сыбағасы 28-30 теңгеге дейін құлдырап, бизнестің таза пайдасы 52 теңгеге дейін көбейген. Былайша айтқанда, аталған 10 жылда байлар байыған үстіне байып, кедейлер жұтаған үстіне жұтай берген. Салыстырсақ, АҚШ пен Еуроодақта ЖІӨ құрылымындағы жалақы үлесі 55-60 пайызды құрайды. Бұл елдерде кәсіпкердің пайдасынан жұмысшының табысына басымдық беріледі. Ал біздегідей пайданың жалақыдан 20 пайызға артық болуын экономикалық теңсіздіктің аса бір сорақы көрінісі деуге болады. Ендеше ЕТЖ-ны 150 мың теңгеге көтеру шарасын халықтың хақысын қайтаруға деген талпыныс деп қабылдауымыз қажет. Президент «ұлттық байлықтың әділ бөлінуі» дегенде сыбайлас жемқорлықты ғана емес, осы проблеманы да меңзеген деп ойлаймыз.
Жұмысшы табысын инфляцияға жегізбей, қымбатшылық салдарымен (себебімен емес) күресетін бір тетік – жалақыны индекстеу. Алайда қолданыстағы заңымыз бұл жерде де жұмыс берушінің сойылын соғатын тәрізді. Еңбек кодексінің 157-бабында жалақыны индекстеу тәртібі ұжымдық келісімшартқа енгізілуі «мүмкін» деп екіұштылау жазылған. Мұндағы «мүмкін» сөзі – міндеттеу емес, ұсыныс қана. Сөйтіп, заңдағы кішкентай бір саңылау жалақыны индекстеу мәселесін қожайынның өз еркіне қалдырған. Бір ғана «мүмкін» деген сөз млн-даған жұмысшының өмір сапасын жұмыс берушінің патша көңіліне тәуелді қылып қойған.
Дегенмен енді жалақыны есептеудің жаңа дәуірі басталды десек, асыра сілтемейтін шығармыз. Былтыр Парламент Сенаты Халықаралық еңбек ұйымының №131 конвенциясын мақұлдады. Оған сәйкес, министрлер кабинеті бұдан былай ЕТЖ-ны өлшегенде, еңбек өнімділігі мен экономикадағы медианалық жалақыны міндетті түрде назарға алады.
Ең бастысы, жұмысшының қолына тиетін ақша көбейіп, оның сатып алу қабілеті бәз баяғы қалпында қалмауға тиіс. Жалақы мен баға жарысын тоқтатып, экономикадағы тұйық шеңберден «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шығатын жол табу Үкімет пен Ұлттық банкке серт болсын!
Еркебұлан НҰРЕКЕШ