in

Арт-терапия: ерекше балалар жобасы

Осы тұрғыда Атырауда басталған «Өнер Lab» жобасы арт-терапия көмегімен ерекше балаларды дамытудың тиімді үлгісі болып отыр. Атырау облыстық балаларды оңалту орталығы базасында жүзеге асқан бастама қысқа уақыт ішінде нақты нәтижелер көрсетіп, ата-аналар мен мамандардың жоғары бағасына ие болып отыр. 

Райгүл Елеубаева үш жасар ерекше қызының алғаш рет су­ретшілер байқауына қатысып, үздіктер қата­рына енгеніне ерекше қуанды. «Қызым үшін бұл – үлкен жетістік. Біз алғаш рет бірге сахнаға шықтық. Бұл жоба қызымның мүмкіндіктерін көрсе­туіне жол ашты», – дейді ол. 

Жоба аясында бір ай ішінде 25 бала қамтыл­ған. Бір ай бойына балалармен кәсіби суретші Әсем Жексенбекқызы мен психолог Дана Бек­мұратқызы жұмыс істеген. Нәтижесінде, бала­лардың шығармашылық жұмыстары көрер­мендерді таңғалдырды.

Жобаның негізін қалаушы, арт-тера­певт дәрігер Калима Ізімованың айтуынша, бас­тама ерекше балалардың шығармашылық әле­уетін ашуға деген қажеттіліктен туған. Шы­нында да, халықаралық зерттеулер көрсет­кендей, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шамамен 60–70%-ында белгілі бір шығарма­шылық немесе бейнелік ойлау қабілеті жоғары дамыған болады. Алайда дұрыс бағыт пен қолдау болмаған жағдайда бұл қабілет толық ашылмай қалады. Сол үшін де «Өнер Lab» жобасы сурет салуды негізгі бағыт ретінде таң­даған. Өйткені бейнелеу өнері – ең қол­жетімді әрі әмбебап тіл. Балалар сөзбен айта ал­маған сезімін бояу арқылы жеткізе алады.

«Өнер Lab» жобасында негізінен еркін сурет салу, түстер арқылы эмоцияны жеткізу, коллаж жасау, саусақпен сурет салу әдістері қолданылып отыр. Бұл әдістер – баланың ішкі әлемін ашуға бағытталған. Психологтардың айтуынша, мұндай тәсілдер баланың миындағы нейрондық байланыстарын күшейтіп, когнитивті даму процесін жылдамдатады. Кей зерттеулерде шығармашылықпен тұрақты айналысатын ба­ла­лардың зейіні мен есте сақтау қабілеті 20–25%-ға жоғары болатыны көрсетілген.

Жобаға қатысқан балаларда айтарлықтай өзгерістер байқалып отыр. Яғни, бала­лардың өзіне деген сенімділігі артып, эмо­цияларын білдіруі жақсарды. Кей балаларда қарым-қатынас дағдылары қалыптаса бастады. Тіпті, бастапқыда тұйық болған балалардың уа­қыт өте ашылып, терең мазмұнды жұмыстар іс­теуі – біз үшін үлкен жетістік болып отыр»,– дейді жобаның негізін қалаушы, арт-терапевт  дәрігер К.Ізімова.

Жоба авторы Калима Ізімова алға қарай бұл тәжірибені кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты. «Яғни, көршілес Ақтау, Ақтөбе, Орал си­яқты қалаларға шығып, өзіміздің оң тә­жірибемізді тарату ойымызда бар. Ал қазіргі уақытта балалардың жұмыстарын халықаралық деңгейге шығару үшін байқауларға қатысу, онлайн платформаларда жариялау, көрмелер ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Алда арт-терапияға қоса, сәндік-қолданбалы өнер, цифрлық өнер, сон­дай-ақ көрме және шеберлік сабақтары фор­маттарын енгізуді жоспарлап отырмыз», – дейді жобаның негізін қалаушы Калима Ізімова. 

Ата-аналардың пікірінше, мұндай жобалар баланың дамуына ғана емес, оның қоғамдағы орнын табуына ықпал етеді. Өйткені ерекше балалардың әлеуетін ашу – тек медициналық немесе педагогикалық мәселе емес, бұл – әлеу­меттік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер мә­селесі.

ЮНЕСКО мәліметінше, мүмкіндігі шек­теулі балалар басқа балаларға қарағанда 2,5 есе жиі мектепке бармай қалады. Дүниежүзі бо­йынша шамамен 240 млн балада түрлі мүгедектік бар. Бұл деректер инклюзивті білімнің қан­ша­лықты маңызды екенін көрсетеді. Себебі ерек­ше балалар үшін білімнің қолжетімді болуы олардың болашағына тікелей әсер етеді.

UNICEF зерттеулеріне сәйкес, ерекше балалардың арасында мектепке мүлде бармау ықтималдығы 49%-ға жоғары. Олар әдетте оқуда, әлеуметтік ортада және эмоционалдық жағдайда жиі қиындықтарға тап болады. Яғни, білім беру мен қолдау болмаған жағдайда олардың әлеуеті толық ашылмай қалады.

Жалпы, ғалымдар да ерекше балаларды ерте жастан дамыту аса маңызды екенін айтады. ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген елдерде ерекше балалардың әлеуметтік бейімделу деңгейі 30–40%-ға дейін артады. Ал UNICEF жүргізген зерттеулер арт-терапияның балалардың эмо­ция­лық жағдайын жақсартып, күйзеліс деңгейін төмендететінін дәлелдеген.

Өнер – ерекше балалар үшін ең тиімді коммуникация құралының бірі. Мы­салы, аутизм спектрі бұзылыстары бар бала­лардың көпшілігі вербалды қарым-қатынаста қиындық көргенімен, визуалды өнер арқылы ойын әлде­қайда еркін жеткізе алады. Бұл құбылыс арт-терапия аясында кеңінен зерт­телген.

Сарапшылардың болжамынша, алдағы 10–15 жылда инклюзивті білім беру мен арт-те­рапия бағыттары әлемде ең қарқынды дамитын салалардың бірі болады. Себебі қоғамда әр адамның қабілетін бағалау мен дамытуға деген көзқарас өзгеріп келеді», – дейді арт-­терапевт  дәрігер Калима Ізімова.

Қалай десек те, ерекше балаларды дамыту – бұл тек бір топтың мәселесі емес, бүкіл қоғам­ның болашағына әсер ететін маңызды бағыт. «Өнер Lab» сияқты жобалар – сол бола­шаққа бастар нақты қадамның бірі.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы