Салтанатты кешке жиналған көрермен әсерлі әуенмен әрленген сахна төрінен халықтың өткен ғасырдағы тарихы, соғыс жылдарындағы рухани беріктігі мен бейбіт өмірдің қадірі жөніндегі қайталанбас өнер туындысына куә болды. Қазақтың дәстүрлі аспаптарының үні мен соғыс жылдарындағы әндердің үйлесімі мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек жетекшілік ететін «Қорқыт» этноансамблінің жанды сүйемелдеуімен көркемделіп, ажарлана түсті.
Концертте соғыс жылдарындағы қазақ шығармалары – «Батыр Бауыржан», «Жас қазақ», «Ана туралы баллада», «Әлия», сондай-ақ кеңестік кезеңнен кең танылған «Синий платочек», қазақ тіліндегі «Катюша», «Смуглянка», «Темная ночь» және «Журавли» әндері орындалды. Көрерменге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Естай Мұқашев, Гүлнұр Оразымбетова, Арайлым Рахымқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдын Жұмабаев, Парасат Отан, Диана Маева, Қымбат Жамбылбек, «Дарын» сыйлығының лауреаттары Мұратбек Хайролда мен Ақбота Құснадин, сондай-ақ «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбек мерекелік көңіл күй сыйлады.
Көрермен көңілін толқытқан мерекелік кештің атауы көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың соғыс жылдары жазылған «Кестелі орамал» атты шығармасынан алынған. Бағдарламаның идеялық жетекшісі, филармонияның эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Дана Сатаеваның айтуынша, концерт ән арқылы жететін тарихи кешке айналды.
«Кештің атауына айналған «Кестелі орамал» әні майданға аттанған жауынгерлердің отбасымен ұзақ уақыт хабарсыз қалған кезеңін бейнелейді. Олар хат жазып, оның жақындарына жететін-жетпейтінін білмесе де, әр жолына сағыныш пен жүрек жылуын сыйлады. Осы екі сөздің өзінде үлкен нәзіктік пен махаббат жатыр. Сондықтан мұндай әндерді жастар білуі және есте сақтауы керек.
Өйткені бұл туындыларда бейбіт аспан үшін өмірін қиған жандардың рухы сақталған», – деді Дана Сатаева.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ