Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова туған күніне орай әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, – деп жазды Aikyn.kz.
Өнер иесі осы уақытқа дейін қандай іс атқарғанын еске алып, есеп бергісі келмейтінін жасырмады. Сонымен қатар енді өнер әлемінде жаңа белестерді бағындыруды армандайтынын жеткізді.
«38 жас. Бұйыртса 13 879-таңым атады. Осы жасқа жеткенше ата-анама бала, бауырларыма жанашыр, ата-енеме келін, жолдасыма жар, балаларыма ана, құрбыларыма дос, әріптестеріме маман болуға тырысып келеді екенмін. Қайсысын мінсіз орындап жатқанымды білмеймін. Оларға аян. Дүркіретіп тойласам да жарасар еді. Бірақ күйім бөлек болып тұрғаны. Артыма қарап, өткен өмірге шолу жасап, өзге түгіл өз алдымда есеп бергім келмейді. Пайдасы не? Өткендегінің ештеңесін өзгерте алмаймын! Болашаққа мың сан жоспар болғанымен, адамның басы Алланың добы ғой, не дайындағанын кім білген? Демек, уысымда бүгінім ғана бар. Арман, мақсат, меже жоқ емес, бар. Алдағы уақытымды өзім өлердей жақсы көретін мамандығым, театр саласындағы еңбекке деген қарызымды өтеуге арнасам деймін. Қолдан не келерін, шығар биігімнің тау әлде төмпешек боларын, алар асуымның межесі қай биікке жетерін әзірге білмеймін. Тек Оған тәуекел еттім! Бір анығы – жүрек соны қалайды, ниет еттім», – дейді ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.