Егемен елдің еңсесімен бірге тіктеліп, азаттықтың ақ таңымен қатар қанат жайған өнер ордасы осы жылдар ішінде қазақ руханиятының қара шаңырағына айналды. Ұлттық сахна өнерінің дәстүрін жаңашылдықпен ұштастырған театр талай тағдырды тартысты қойылымға, талай шындықты көркем шежіреге айналдырып, көрермен жүрегіне жол тапты. Отыз бес жылда сахна шымылдығы сан мәрте түріліп, әр қойылым уақыттың үнін, қоғамның тынысын, ұлттың жан дүниесін сөйлетті. Мерейтой қарсаңында біз Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры Ербол Жақсыкелдіұлына бірер сауал қойған едік.
– Ербол мырза, театрдың мерейтойы құтты болсын! Жалпы, театр тәуелсіздік алған жылы құрылған екен. Тарихы сол жылдан бастала ма, әлде ескі театр қайта жаңғырды ма?
– Рақмет! Расында, біздің театрымыз Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Еліміз егемендікке қол жеткізген тарихи кезеңде шаңырақ көтерген өнер ордасының өзіндік шежіресі бар. Театрдың негізін қалаған – қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі Жақып Омаров. Ол кісі Жұмат Шанин атындағы Шымкент облыстық театрында режиссер болып қызмет атқарып жүрген кезінде Ақмолаға, сол кездегі Целиноград қаласына келіп, жаңа театрдың іргесін қалады. Бұл Целиноград өңірінде ашылған тұңғыш қазақ театры болатын. Сондықтан біздің театрдың құрылуы тек мәдени оқиға ғана емес, өңірдің рухани өміріндегі тарихи бетбұрыс болды деп айтуға толық негіз бар.
– Ол кезде Астана болатынын білмеген секілді.
– Әрине, ол кезде Целиноградтың болашақта тәуелсіз Қазақстанның астанасына айналарын ешкім білген жоқ. Жақып ағамыз осы өңірге келіп, қазақ театрының шымылдығын алғаш рет «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен ашты. Қарағанды, Алматы, Шымкент және еліміздің өзге өңірлерінен талантты актерлерді шақырып, үлкен шығармашылық ұжым қалыптастырды. Театр аз уақыттың ішінде өз бағытын айқындап, өнер кеңістігінде таныла бастады.
1996 жылы Башқұртстанның Уфа қаласында өткен түркі тілдес елдердің театр фестиваліне Қазақстан атынан біздің театр қатысты. Шығармашылық ұжымды Жақып Омаровтың өзі бастап барған еді. Өкінішке қарай, сол сапар кезінде Жақып ағамыз кенеттен дүниеден өтті. Сөйтіп, театр ұжымы фестивальдан марапатпен бірге өзінің негізін қалаған аяулы азаматтың сүйегін елге алып қайтты. Бұл бүкіл ұжым үшін орны толмас қайғы болды.
– Одан кейін ұмытпасақ, театрға Қадыр Жетпісбаев жетекшілік етті.
– Иә, Жақып ағамыздан кейін театр тізгінін режиссер, драматург Қадыр Жетпісбаев ағамыз ұстады. Ол кісі де шығармашылық ұжымның қалыптасуына, театрдың өнер жолын жалғастыруына өзіндік үлес қосты. Өкінішке қарай, Қадыр ағамыз да театрды ұзақ басқара алмады, өмірден ерте өтті.
– Әзірбайжан Мәмбетовтің келгені қай кез?
– Кейін театрға қазақ сахна өнерінің заңғар тұлғасы Әзірбайжан Мәмбетов арнайы Алматыдан шақырылды. Әзағаңның келуі театрдың шығармашылық тынысына жаңа серпін берді. Алайда денсаулығына байланысты ол кісі де ұзақ уақыт қызмет атқара алмады. Соған қарамастан, осы үш тұлғаның театр тарихында қалдырған ізі айрықша. Олар өнер ордасының іргесін бекітіп, шығармашылық бағытын қалыптастырып, кәсіби деңгейінің өсуіне өлшеусіз еңбек сіңірді.
Бүгінде біз сол ағаларымыз қалыптастырған сара жолды жалғастырып келеміз. Міне, биыл театрымыз 35 жасқа толып отыр. Бұл – біз үшін үлкен мерей, маңызды белес. Осы мерейтой аясында театрдың кіші залына Жақып Омаровтың есімін беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ әр жылдары театрда еңбек еткен ардагерлеріміздің құрметіне арнайы галерея ашуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, театрдың 35 жылдық тарихын қамтитын мерейтойлық кітаптың тұсаукесері өтеді. Мерекелік шаралар салтанатты кешпен қорытындыланады.
Алғаш құрылған кезде өнер ордасы Ақмола облыстық драма театры деп аталды. Кейін оған қазақ сахна өнерінің көрнекті қайраткері Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді. Уақыт өте театр академиялық мәртебеге ие болды. Ал 2024 жылы Президент Жарлығымен Ұлттық театр мәртебесі берілді. Бұл ұжымның ұзақ жылғы шығармашылық еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз.
– Алғашқы (құрылған) кезде труппада қанша адам болды? Қазір театрда қанша адам жұмыс істейді?
– Алғашқы кезде театр ұжымы 110 адамнан құралған болатын. Ал бүгінде мұнда 460 қызметкер еңбек етеді. Осының өзі өткен 35 жылда өнер ордасының қаншалықты өсіп-өркендегенін көрсетеді. Қазір біздің қолымызда заманауи ғимарат, кәсіби шығармашылық ұжым және жаңа қойылымдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін материалдық-техникалық база бар. Сондықтан алдағы жоспарымыз да ауқымды. Театрдың шығармашылық әлеуетін арттырып, көрерменге жаңа бағыттағы, заманауи қойылымдар ұсынуға күш салып жатырмыз.
– Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрынан да бірқатар актер осында ауысты. Ол кісілер Әзірбайжан Мәмбетов басқарған жылдары келді ме?
– Иә, Әзірбайжан Мәмбетов ағамызбен бірге Алматыдан қазақ театр өнерінің белгілі өкілдері де келді. Олардың қатарында Гүлжан Әспетова, Ләйлә Ханинго-Бекназар, Тілектес Мейрамов, Кеңес Нұрланов сынды сахна майталмандары бар. Бұл өнер иелері елорда театрының шығармашылық тынысын кеңейтіп, кәсіби деңгейінің артуына үлкен үлес қосты.
– «Ақан сері – Ақтоқтыдан» кейін қандай классикалық шығармаларды қойды?
– Театрымыздың репертуарында қазақ және әлем әдебиетінің классикалық туындылары әрдайым маңызды орын алып келеді. Әсіресе Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған қойылымдардың орны бөлек. Қазір сол шығармаларды қайта жаңғыртып, бүгінгі көрерменге ұсынуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Мәселен, «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі әлі күнге дейін театр сахнасынан түскен жоқ. Әрине, уақыт өте декорациялар ескіреді, сахналық безендірудің кейбір элементтері жаңартуды қажет етеді. Бірақ қойылымның көркемдік құндылығы мен режиссерлік шешімі өз маңызын жоғалтқан емес. Жақып Омаров ағамыздың да кезінде сахналаған бірқатар шығармасы бар. Алдағы уақытта сол туындыларды қайта жаңғыртып, көрерменге ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл театр тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың еңбегіне көрсетілген құрмет болмақ.
– Театрдың 35 жылдық тарихында ең ұзақ қойылған спектакль бар ма?
– Репертуардан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатқан қойылымдардың бірі – «Ғасырдан да ұзақ күн». Бұл спектакль бірнеше буын көрерменнің ықыласына бөленді. Мұндай туындылардың сахналық ғұмыры ұзақ болуы олардың көркемдік қуаты мен көтерген мәселелерінің өміршеңдігін көрсетеді. Сонымен қатар театрымыздың көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиева Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын сахналады. Бұл қойылымды Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздың рухына тағзым ете отырып, қайта жаңғырттық.
– «Қан мен тер» де қайта қойылған жоқ па?
– Иә, «Қан мен тер» спектаклі де қайта жаңғыртылды. Бұл шығарма – қазақ әдебиеті мен театр өнерінің алтын қорынан орын алған туындылардың бірі. Сондықтан осындай классикалық дүниелерді сахнаға қайта әкелу арқылы ұлттық драматургияның құндылығын сақтап, оны жаңа буын көрерменге таныстыруды көздейміз.
– Бір кездері театрға көрермен аз келген кездері де болды. Қазір керісінше, спектакльдердің көпшілігі аншлагпен өтіп жатыр. Бұл қойылымдардың деңгейі өскенін көрсете ме, әлде көрерменнің талғамы өзгеріп жатыр ма?
– Менің ойымша, мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, бүгінгі көрерменнің талғамы өзгерді. Әсіресе жастардың ойлау жүйесі, дүниетанымы, өнерді қабылдауы бұрынғыдан өзгеше. Қазіргі көрерменді сахнадағы оқиғамен ғана қызықтыру жеткіліксіз. Оған тың режиссерлік шешім, терең мазмұн, заманауи сахналық тіл қажет.
Театр басшысы ретінде көрерменнің пікірін үнемі бақылап отырамын. Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерді, сын-ескертпелерді назардан тыс қалдырмаймын. Егер белгілі бір спектакльге қатысты сын айтылса, оны шығармашылық топқа жеткізіп, бірге талқылаймыз. Өйткені сыннан қашуға болмайды. Керісінше, орынды айтылған пікір театрдың дамуына ықпал етеді.
– Репертуар түзгенде көрерменнің сұранысы ескеріле ме? Мәселен, бір спектакль айына неше рет қойылады?
– Репертуар қалыптастыруда қатып қалған қағида жоқ. Ең алдымен, көрерменнің қызығушылығын, шығарманың көркемдік деңгейін және театрдың мүмкіндігін ескереміз. Егер белгілі бір спектакльге сұраныс жоғары болып, билеттер тез сатылып кетсе, оны қосымша сахналауымыз мүмкін. Кейде бір күнде екі мәрте қоюға да тура келеді.
– Қазір қазақ театрлары сырттан режиссер жиі шақыратын болды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» Мәскеуден келген режиссер қойғанын білеміз. Бұл үрдіс тәжірибе алмасу болып санала ма?
– Әрине, мұны шығармашылық тәжірибе алмасудың бір жолы деп қарастыруға болады. Қазір заман өзгерді, көрерменнің талғамы да, өнерге қоятын талабы да басқа. Әсіресе жастар классикалық шығармаларды жаңаша қабылдағысы келеді. Сондықтан белгілі туындыларды заманауи сахналық тәсілдер арқылы ұсынудың маңызы зор. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліне жастар өте көп келеді. Қойылым үнемі аншлагпен өтеді. Бұл ұлттық классиканың бүгінгі буын үшін де қызықты екенін көрсетеді. Одан кейін «Ромео мен Джульетта» спектаклін сахналадық. Оған да Мәскеуден режиссер шақырдық. Ұланбек Баялиев әлемдік классиканы өзгеше режиссерлік шешіммен, заманауи стильде ұсынды. Мені ерекше қуантатыны – бүгінгі көрерменнің театрға деген көзқарасы. Олар қойылымды жай ғана тамашалап кетпейді, режиссерлік шешімге, актерлік ойынға, сахналық безендіруге дейін талдап, өз пікірін білдіреді. Кейде кәсіби режиссер секілді ой қозғайды. Бұл – театр өнеріне бейжай қарамайтын, талғамы қалыптасқан аудиторияның өсіп келе жатқанының белгісі.
– Кез келген шығарманы репертуарға бекітер алдында театр қандай талапты ұстанады? Оның сапасына, көрерменді жинауына (нарық заңына қарай) мән бересіздер ме?
– Біздің театрда көркемдік кеңес жұмыс істейді. Репертуарға ұсынылатын шығармаларды ең алдымен осы кеңес жан-жақты талқылайды. Мен оның жұмысына тікелей араласпаймын. Өйткені көркемдік кеңестің төрағасы – театрдың көркемдік жетекшісі. Кеңес құрамына он-он бес маман кіреді. Олар ұсынылған шығарманың көркемдік сапасын, идеялық мазмұнын, сахналық мүмкіндігін егжей-тегжейлі саралайды. Шығарма кеңестің талқылауынан өтіп, мақұлданғаннан кейін ғана оны жұмыс жоспарына енгіземін. Яғни репертуар қалыптастыруда ең алдымен кәсіби шығармашылық ұстанымға сүйенеміз.
Алдағы жоспарымызда да маңызды туындылар бар. Жаңа жылға дейін Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын сахналауды көздеп отырмыз. Қойылымның режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Қазір дайындық жұмыстары басталды. Жоспар бойынша спектакльді желтоқсан айының соңына қарай көрермен назарына ұсынамыз.
– Аға буын мен жастар арасындағы сабақтастық қалай?
– Біздің театрда буындар сабақтастығы жақсы қалыптасқан. Аға буын өкілдері жастарға қамқорлық танытып, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ал жас актерлеріміз үлкендердің еңбегін бағалап, оларға ерекше құрмет көрсетеді. Осындай өзара сыйластық ұжымның шығармашылық бірлігін нығайта түседі. Біз үшін театр – тек жұмыс орны емес, үлкен отбасы. Мұнда әр адамның еңбегі, шығармашылық ізденісі, сахнаға деген адалдығы маңызды. Аға буынның мол тәжірибесі мен жастардың тың көзқарасы тоғысқанда ғана өнердің өрісі кеңейеді. Бүгінде театрымыз жаңа шығармашылық белеске көтеріліп келеді деп сеніммен айта аламын. Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген өнер ордасы 35 жыл ішінде талай сыннан өтіп, өзіндік дәстүрі қалыптасқан ұлттық театрға айналды. Ендігі мақсат – сол дәстүрді сақтай отырып, заман талабына сай дамып, қазақ театр өнерінің көкжиегін кеңейту. Біз үшін ең үлкен жетістік – көрерменнің сенімі мен ықыласы. Сол сенімге лайық болу жолында еңбек ете береміз.
Гүлжан ӘСПЕТОВА,
Қазақстанның халық әртісі:
Жақаңның жақсы аты қалды
– Жақаңды жастайымнан білемін. Ол Мұхтар Әуезов атындағы театр жанындағы студияны тәмамдап, өнер жолын актерліктен бастаған екен. Кейін режиссура мамандығына оқуға түсіп, шығармашылық ізденістің жаңа бір белесіне қадам басты. Мен 17 жасымда актерлік бөлімге қабылданған кезде Жақаң режиссурада білім алып жүрген еді. Сол күндер әлі күнге дейін көз алдымда. Орта бойлы, қағылез, қимылы ширақ, мінезі жайдары, кішіпейіл жігіт болатын. Өнерге деген ынтасы ерекше еді. Әсіресе әнді ғажап орындайтын. Әуелетіп ән салғанда айналасындағыларды бірден баурап алатын. Жақаңның қалжыңы да жарасымды еді. Кейде маған қарап: «Әй, Әспетова, сен қыр мұрын болсаң, сондай сұлу болар едің», – деп әзілдейтін. Мен болсам сол сөзді көңіліме алып, үйге барған соң шешеме: «Мені неге пұшық қылып тудың?» – деп ренжитінмін. Қазір ойлап отырсам, жастық шақтың сондай аңғал да алаңсыз күндері қандай қымбат десеңізші! Жақаңның сол бір әзілінің өзінен оның адамдармен етене араласа білетін ашық мінезі, ешкімді жатсынбайтын ақкөңіл болмысы байқалатын.
Жақаңның ең үлкен арманының бірі қазақ театрының өрісін кеңейту, елге қызмет ететін жаңа өнер ордасын қалыптастыру болды. Сол арманын жүзеге асыру жолында оның қалай жүгіргенін, қаншама есікті қағып, қаншама қиындықты еңсергенін өз көзімізбен көрдік. Театр ашу деген оңай шаруа емес. Оның үстіне, жаңа өнер ұжымын құру үшін тек шығармашылық қабілет жеткіліксіз. Қаншама ұйымдастыру жұмысы, жауапкершілік, табандылық керек. Жақаң осының бәрін мойнына алды. Өнерге деген адалдығы мен қайсарлығы оны ешбір кедергіге мойытпады.
Ақыры, шырылдап жүріп, театрды ашты. Бұл оның жеке басының ғана қуанышы емес, қазақ өнері үшін де маңызды оқиға болды. Әр өңірден талантты әртістерді жинап, бір шаңырақтың астына топтастырды. Жаңа театрдың іргесін бекітіп, шығармашылық ұжым қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсады. Оның үстіне, әртістердің тек сахнадағы өнерін ғана емес, тұрмыстық жағдайын да ойлады. Жан-жақтан келген актерлердің баспаналы болуына көмектесті.
Адам ғұмырының ұзақтығы жылдармен ғана өлшенбейді екен. Артында қалдырған ісімен, елге сіңірген еңбегімен, адамдардың жүрегінде сақталған жақсы атымен өлшенеді. Жақаңның өмірі осының айқын дәлелі. Ол өзі өмірден өтсе де, арманына айналған театры қалды. Бүгінде сол өнер ордасының 35 жылдық мерейтойын атап өтіп отырғанымызда, оның негізін қалаған азаматтың жанкешті еңбегін еске алмау мүмкін емес.
Түймехан АТЫМТАЕВА,
актриса, Жақып Омаровтың жары:
Шәмшіге берілген серт
– Консерваторияның театр бөлімін бітіргеннен кейін мені Алматыда қалдырмақшы болды. Шекспирдің «Асауға тұсауында» Катаринаның рөлін ойнап жүрген кезім. Соған қарамастан, елге кетуді мақсат тұттым да, Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы театрға жұмысқа тұрдым. Сол театрға бас режиссер болып, Қарағандыдан Жақып Омаров келді. Театрда «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклін қойды. Мен Ақтоқтыны ойнадым. «Абай-Әйгерімде» Әйгерім образы бұйырды. Бізді (Жақып екеумізді) сахна табыстырды. Өте талапшыл, талантты азамат еді. Сөйтіп жүргенде Ақмоладан қазақ театрын ашу керек болды. Ол кездері «Целиноград Астана болады екен» деген сыбыстар еміс-еміс айтылып жататын. Сол кезде де осындағы азаматтар (Целиноградтағы) Жақаңды шақырып, театр ашу идеясын ұсынады. Жақаң елдегі ағайынның сөзін жерге тастамай, осында көшіп келдік. Бұл 1990 жыл болатын. Ешқандай ғимаратымыз жоқ, театрдың ашылғанын білдіру керек деген соң, дайындықты бастап кеттік. Жақаң жан-жақтан актерлерді жинай бастады. Театр ашпастан бұрын, концерттік бағдарлама дайындап, айналадағы ауыл-аймақты араладық. Жеке ғимаратымыз жоқ, «не істейміз?» деп күн сайын әкімдікке барады. Ол кезде Светлана Жалмағамбетова Браунның орынбасары, біздің жанашырымыз сол кісі. Жақаңның мінезі тік қой, айғай-шумен жүріп, әйтеуір театр ашуға мүмкіндік алды. Театрдың төл ғимаратына да қол жеткізді. Шағын залы бар, кішкентай ғана ғимарат болса да, қуанышымызда шек жоқ. Жабдықтар алып, еден-терезесін жуып, сахналық киімімізді реттеп, кішігірім ұжымға айналдық. Бірінші рет «Ақан сері – Ақтоқтыны» Конгресс-холлда қойды. Көрерменнің қуанышында шек жоқ. Тұрғындардың бәрі шат-шадыман, қуанып, үйіндегі барын әкеп, бізге тапсырды.
Жақаңның алғаш сахналаған қойылымдарының бірі – Шәмші Қалдаяқовтың өміріне арналған спектакль еді. Бұл туындының дүниеге келу тарихының өзі бір қызық. Ол кезде біз Шымкентте тұратынбыз. Бір күні үйімізге қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқов пен драматург Оразбек Бодықов қонаққа келді. Қолдарында «Қайран, Шәмші» атты пьесаның қолжазбасы бар екен. Көлемі шағын ғана сол қолжазба әлі күнге дейін менің үйімде сақтаулы тұр.
«Қонақтар келеді» деген соң ет асып, дастарқан жайып, күтіп отырдық. Шәмші ағамызды сол жолы алғаш рет жақыннан көріп, әңгімесін тыңдадым. Басында тақиясы бар, өзі жұқалтаң келген, жүзінен жылы жымиысы кетпейтін, өте қарапайым кісі екен. Сөйлеген сөзінің өзінен ерекше бір сыпайылық, биязылық сезіліп тұратын. Сол күні біздің үйдің іші кәдімгі концертке айналды. Шәмші ағамыз ән шырқап, бәрімізді бір серпілтіп тастады. Әсіресе «Құсни-Қорланды» алғаш рет композитордың өз орындауында тыңдағаным әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сол бір ғажайып сәттер жадымда мәңгі сақталып қалды.
Ет желініп, дастарқан басындағы әңгіме саябырсыған соң, пьесаны оқу басталды. Жақаң шығарманы әуел бастан режиссерлік көзбен қабылдайтын адам ғой. Әр көріністің сахнадағы салмағын, драматургиялық тартысын, кейіпкерлердің болмысын ой елегінен өткізіп отырады. Бір кезде Оразбекке қарап: «Мына пьесаңызда ештеңе жоқ қой», – деп қойып қалды. Оразбек те қызуқанды, мінезі тік адам. Мұндай сөзге бірден шамданып, екеуінің арасында кәдімгідей пікірталас басталды. Бірі шығармасын қорғайды, екіншісі режиссер ретінде өз талабын айтады. Біразға дейін сөз таластырып қалды. Ал Шәмші ағамыз сол баяғы биязы қалпынан танған жоқ. Екеуінің әңгімесін сабырмен тыңдап отырып: «Жақа, бұл пьесаны Шымкент театрына да апардым, Жетісай театрына да ұсындым. Бірақ ешқайсысы қоймай жатыр», – деді. Сонда Жақаң еш ойланбастан: «Мені Ақмолаға театр ашуға жіберіп жатыр. Осы пьесаны өз мойныма аламын. Қайтсем де сіз туралы спектакль қоямын», – деп уәде берді. Мұны естіген Шәмші ағамыздың қуанышында шек болмады. Өйткені өз өмірі мен шығармашылығына арналған туындының сахнаға шыққанын көру ол кісі үшін де үлкен арман болса керек. Кейін Жақаң айтқан сөзінде тұрып, пьесаны сахналауға шындап кірісті. Бір күні Алматыдан Оразбек Бодықовты арнайы шақыртып алды. Екеуі бас қосып, шығарманы қайта жазуға отырды. Жақаң режиссер ретінде сахнаға лайық көріністерді ойластырып, оқиғаның өрбуіне, кейіпкерлердің мінезін ашуға ерекше көңіл бөлді. Арасында Шәмші ағамызға хабарласып, өміріндегі кейбір оқиғаларды, деректерді нақтылап алып отырды. Естігендерінің бәрін қағазға түсіріп, пьесаның мазмұнын толықтыра түсті. Сөйтіп, небәрі он бес күннің ішінде жаңа сахналық туынды дүниеге келді.
Нұрай Танабаев деген әнші бар. Түр-тұлғасы Шәмші ағамызға қатты ұқсайтын. Өзі ақсары, беті жұқалтаң, тіпті сөйлеу мәнері мен дауыс интонациясына дейін келетін. Жақаң Шәмшінің бейнесін сахнада осы әнші сомдаса деген ойға тоқтады. Оразбек арқылы Нұрайдың суретін Шәмші ағамызға беріп жіберген екен. Суретті көрген композитор: «Әй, мынау менің көшірмем ғой!» – деп таңғалыпты. Мұны естігенде бәріміз де қуанып қалдық. Жақаң Шәкеңмен күн сайын дерлік хабарласып, спектакльдің дайындығы туралы айтып отыратын. Композитордың көзі тірісінде қойылымды сахнаға шығарып, өзіне көрсетуді қатты армандады. Бірақ тағдырдың өз дегені бар екен. Бір күні Оразбек келіп, Шәмші ағамыздың қатты ауырып, ауруханаға түскенін айтты. Бұл хабар бәрімізді алаңдатты. Арада көп уақыт өтпей, композитордың дүниеден озғаны туралы суық хабар жетті. Жақаң мұны өте ауыр қабылдады. Өйткені Шәкеңе берген уәдесін орындап, спектакльді көзі тірісінде көрсеткісі келген еді. Соған үлгере алмағанына қатты өкінді. Дегенмен бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға бекінді. «Қалайда бұл спектакльді сахнаға шығаруым керек. Шәмші ағамызға берген уәдемді орындауға тиіспін», – деп бар күш-жігерін жұмсады. Ақыры сол туынды «Айналдым, Ақмаңдайлым» деген атпен сахнаға жол тартты. Бұл Жақаңның Шәмші ағамызға деген құрметінің, өнер адамына берген сертке адалдығының көрінісі еді. Өкініштісі, композитор өз өміріне арналған қойылымды көре алмады.
Театрымызға бес жыл толған жылы Уфа қаласында түркі елдері театрларының фестивалі өтіп, соған шақырту алдық. «Алдаркөсе» спектаклін апардық. Бүкіл ТМД елдерінен келген театр сыншылары қазылық етті. Спектакль үш номинацияны жеңіп алды: үздік режиссер, ең үздік актер аталымы мен «Үміт» сыйлығын иемдендік. Қуанышымызда шек жоқ. Бірінші сөзді Жақаңа берді. Ол ортаға шығып, сөйлеп тұрған. Бір сәт жүрегін ұстап, сол жағына қарай қисая кеткені…Бүкіл түркі тілдес театр ұжымдары отырған. Жедел жәрдем шақырдық. Аман алып қала алмады. Тура көз алдымда аттанып жүр берді ғой… Сүйегін елге алып келдік…
Жақаң өмірден өткенде артында әке мейіріміне әлі де зәру, шиеттей төрт баласы қалды. Үлкені небәрі 12 жаста, ал кенжесі беске енді толған еді. Тағдырдың жазуымен әке алақанынан ерте айырылған сол балалар бүгінде ержетті, өз алдына азамат болды. Ал Жақаңның бар ғұмырын арнап, жүрек жылуымен іргесін қалаған театры биыл 35 жылдық мерейлі белесіне көтерілді. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас өнер ордасы азат елдің руханиятымен бірге түлеп, уақытпен бірге есейіп, бүгінде қазақ театр өнерінің іргелі шаңырағына айналды. Жақаңның өзі осы қуанышты күндерді көре алмаса да, оның асыл арманы сахна төрінде өмір сүріп келеді.
Қазір Астанада Жақып Омаровтың есімі берілген көше бар. Бір ғажабы, сол көшенің бойында өзі кезінде табанынан тозып жүріп ашқан театрдың ғимараты әлі тұр. Бұл да бір тағдырдың ғажап үйлесімі секілді. Алайда Жақаңның қазақ өнеріне сіңірген еңбегі бұдан да биік құрметке лайық деп ойлаймын. Көңілімізде көптен бері жүрген бір арман бар. Ол – Астанадағы бір театрға Жақып Омаровтың есімі берілсе деген тілек. Адам өмірден өтсе де, артында қалдырған еңбегі ұмытылмауға тиіс. Жақаңның есімі театрмен бірге жасаса, бұл бір азаматқа ғана көрсетілген құрмет емес, тұтас қазақ театр өнерінің тарихына жасалған тағзым болар еді.
Гүлзина БЕКТАС