in

Кітап оқитын ұлт: Алматы облыстық кітапханасы 300 кітапты онлайн қолжетімді етті

«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, кітап – адамзат баласының рухани байлығы мен сан ғасырлық тәжірибесін сақтап келе жатқан асыл мұра. Қай кезеңде де кітаптың орны ерекше болған. Себебі кітап адамға білім береді, ой-өрісін кеңейтеді, рухани дүниесін байытады. Сондықтан кітап оқитын ұлттың болашағы да жарқын болмақ.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Жуырда қабылданған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық  – соның айқын дәлелі. Бұл бастама – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам.

Қазіргі уақытта кітапхана саласы да заман талабына сай жаңарып келеді. Бұрынғыдай тек қағаз кітаппен ғана шектелмей, электронды жүйелер арқылы оқырманға қызмет көрсету ісі қарқынды дамып отыр. Соның нәтижесінде кітап іздеу, қажетті мәліметті табу, оқырман тіркеу секілді жұмыстар әлдеқайда жеңілдеді.

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында да кітап қорын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңа түскен әдебиеттер электронды базаға енгізіліп, әр кітаптың толық библиографиялық сипаттамасы жасалады. Бұл оқырманның қажетті кітапты уақыт жоғалтпай тауып алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар сирек қордағы құнды кітаптарды электронды нұсқаға көшіру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Бүгінде кітапхананың цифрлық қорын толықтыру мақсатында кітаптарды сканерлеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда кітапхана сайтында 300-ге жуық кітаптың электронды нұсқасы орналастырылып, оқырман игілігіне ұсынылды. Бұл – кітапхана қорындағы құнды еңбектерді сақтап қана қоймай, оларды қашықтықтан оқуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Әсіресе, шалғайдағы оқырмандар үшін электронды кітаптардың қолжетімді болуы – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Осындай жұмыстар арқылы кітапхана рухани мұраны заманауи форматта насихаттап, оқырман сұранысын қанағаттандыруда.

Соңғы жылдары кітапхана саласында заманауи технологияларды енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде көп жылдан бері қолданылып келген “ИРБИС” бағдарламасы жаңартылып, бүгінгі таңда “БАРЫС” жүйесі ретінде жұмыс істеуде. Жаңартылған бағдарлама кітапхана ісін автоматтандыру мүмкіндігін кеңейтіп, ақпараттық жүйенің сапасын жаңа деңгейге көтерді. Қазіргі таңда бұл жүйе арқылы кітап қорын электронды базаға енгізу, каталогтау, оқырман тіркеу және электронды кітапхана қалыптастыру жұмыстары тиімді жүзеге асырылуда. “БАРЫС” бағдарламасының басты ерекшелігі – қолдануға ыңғайлылығы мен көпфункциялылығында.  Бұл кітапханашылардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқырманға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі кітапхана – тек кітап беретін мекеме емес, ол білім мен мәдениеттің, рухани дамудың орталығы. Осындай рухани ордалардың заман көшінен қалмай, жаңа технологиямен жұмыс істеуі – уақыт талабы. Себебі цифрландыру дәуірінде ақпаратқа қолжетімділік те, оқырман сұранысы да өзгеріп келеді.

Қазақ халқы қашанда кітапты қастерлеп, білімді жоғары бағалаған. Сондықтан кітапқа деген құрмет ешқашан бәсеңдемеуі керек. Өйткені кітап – ұлттың рухани жадын сақтайтын, адамды ойлануға, ізденуге жетелейтін баға жетпес қазына. Бүгінде қолға алынып жатқан осындай игі бастамалардың нәтижесінде кітап оқуға деген қызығушылық артып, рухани құндылықтарға бетбұрыс күшейіп келеді. Бұл – зерделі ұлт қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың жемісі. Демек, кітаппен сусындаған қоғам – болашағы берік, рухани деңгейі жоғары қоғам болмақ.

Жанна КУДАБАЕВА,

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының

қор сақтау бөлімінің меңгерушісі