in

Қособа, Маконда, Йокнапатоф

Әрине, жас автор титандардың ықпалын сезсе де, көлеңкесінде қалып қойған жоқ, қайта керісінше ізденісін өрістете түскені анық. Мені таңғалдырғаны – Арман Әлменбеттің персонаждарға деген ұқыптылығы, тиянақтылығы. Яғни, автор персонаждарды шашып алмайды, қайта шашау шығармай шығарманы сомдау барысында уақиғаны үнемі тізгіндеп уысында ұстап отырады. Үлкен панорама шағын эпизодтардан тұрады. 

Оқиға желісі – жүйелі, бір-бірімен бай­ла­ны­сып, өріліп дамып отырады. Тосын, күтпеген, кез­дейсоқ нәрсе жоқ, бәрі де сол Арман өзі құр­ған тәртіп бойынша, заң бойынша жазылып оты­ратыны айқын. Арман шығармаларында, әсі­ресе осы біздің назарымызға ұсынылып отыр­ған романда оның әдеби тұлғасы, жазу мәнері жақ­сы көрінеді. Шытырман оқиғалы шығарма қа­лай болғанда да көркемдік дәрежесінен ай­нымайды. 

Бұл шығарма жанр тұрғысынан детективтік туынды, бірақ көркем роман биігінен кө­рініп тұр. Арманның тілі жатық, оқиғаларды бей­нелегенде, адамдарды типтегенде шеберлігін көр­сетеді. Соншама күш салып, еңбектенген, бұл шы­ғарма оқырман қауымға тез жетсе екен деп ті­лейміз.

Тағы бір ұнағаны – пафостың жоқтығы. Кез кел­ген оқиғаны автор айқайға салмай, шулатпай, са­бырмен, байыппен, қалыпты етіп суреттейді. Мы­салы, бас қаһарман өзі істі болғандағы оның жай-күйін Арман өте ұтымды бейнелейді. Толс­той­дың «Совершилось величайшее счастье – и так просто, без шума, без блеска, без озна­ме­нова­ния» дейтіні бар. «Буденброктарда» да сондай тә­сілдер көп. Қайғы-қасіретті немесе үлкен қуа­ныш­ты жай ғана жазып бере салу. 

Тағы бір басты қаһарманның бірі – Гүл­мира­ның оқиғасынан да соны байқаймыз. Бүкіл аудан Гүлмираны іздеп таба алмай жүрсе, өл­діге санап дүрліксе, ол бар болғаны үйден қа­шып кеткен боп шығады. Мұның бәрі де Ар­ман­ның қаламының жүйріктігінен деп білеміз.

Тағы бір айтатын жайт, шығарма, әсілінде үш оқи­ғадан тұрады. Ең әуелгісінің қаһарманы – Гүл­мира, екіншісінде – Бағылан, үшіншісінде жыл­қыны мылтықпен атып алатын Әшө.

Кейіпкерлер бір-біріне ұқсамайды, шатас­тыру мүмкін емес. Бірақ бәрі де үлкен оқиғамен бай­ланысып жатыр. Оқып отырып мұның бәрі шын өмірден алынған шығар деген ой келеді.

Шығармада техникалық та, орфографиялық та қате жоқ. 

Оқып отырып сыншылар неге зерттемей жа­тыр деп таңғалдым.

Бұл шығарма Габриэль Гарсиа Маркестің Макондасын, Фолкнердің Йокнапато­фын есіме түсірді. Ол Фолкнердің ойдан шы­ғар­ған штаты – елу бірінші штат. Ондағы кейіпкерлер әр шығармада кездесе береді. «Бұл елдің қо­жайыны менмін» деген екен Фолкнер. Қособа ма­ған сол Йокнапатоф секілді көрінді.

Шығарма өте екпінді жазылған. Оқиға дамып оты­рады, өріліп отырады, асығып отырады, алға же­­­телеп отырады. Бұл жақсы қасиет.  

P.S. 

Туындыгер аспайды да, саспайды да: уақиғалар алдына шығып кетпейді. Бір қоңыр әңгіме. Сонысымен құнды. Қарапайым айтылған сөздің күші ерекше. Нысанасына дөп тиеді. Пафос әдетте фальшке жетелейді. Біздің автор көркемдік шындыққа сүйрейді. Сенбесеңіз, оқыңыз.

Дидар АМАНТАЙ