in

Кітаптың бағы жанған кезең

Қайбір жылдары қоғамда «балаларға кітап оқыту қиын», «жастар кітап оқымайды» деген сияқты пікірді жиі еститінбіз. Соңғы уақытта керісінше, кітап оқу сәнге айналған сияқты әсер қалдырады. Әрине, бұл жерде «сәнге айналды» дегенді кең мағынасында алып отырмыз. Әйтпесе, елдің бәрі әдеби кітап оқымайтыны белгілі жайт қой. Әйтсе де, қоғамдағы кітап оқу тенденциясының ақын-жазушыларға да оң ықпал еткенін айтуымыз керек. Әсіресе, ақын-жазушылардың кітаптарының әлеу­мет­тік желілерде біршама жарнамалануы – қоғамда әдеби кітап оқуға деген ықыласты оятып жатқанын байқаймыз. Одан бөлек, қаламгер қауымымен кездесу ұйымдастырып, кітабын талқылап отыратын кітапханалар мен кітап клубтары да бүгінгі оқырманның әдеби кітаптарға деген қызығушылығын арттыруға елеулі үлес қосып келеді. 

Соңғы жылдар бедерінде әде­биетіміздің бәсін биіктет­кен тағы бір фактор – әдеби байқаулардың кө­бейіп келе жатқаны. Оның ішінде бәйге алған шығармаларға берілетін сыйақының да қомақты бола түсуі ақын-жазушылардың танылуға, сыйақыны жеңіп алуға деген ша­бы­тын оятатыны түсінікті. Соңғы 4-5 жыл­дың көлемінде мемлекет қар­жы­лан­дыратын «Айбоз» ұлттық сый­лы­ғының, меценаттар қаржылан­дыра­тын Mecenat.kz, «Қазіргі заманғы қа­зақ романы» байқаулары онсыз да мық­ты, мойындалған жазушылармен бірге алғашқы қалам сілтесімен-ақ ерек­шелене білген жас таланттарды да танытып жатыр. 

Мысалы, биыл ғана өткізілген «Қа­зіргі заманғы қазақ романы» бай­қауына 3 мың өтінім түскен. Одан 220 шығарманы сұрыптап алған. Ең соңында оза шапқан 7 жүлдегердің әр­­­­қайсысына 3 млн теңгеден сыйақы берілді. Олар – Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама», Думан Рамазанның «Сынақ», Асқар Ал­тайдың «Каскат», Мұрат Ал­мас­бектің «Екі жағалау», Қуат Бораштың «Тәубе», Нұржан Қуантайұлының «Опасыз ойын», Айым Ақылтайдың «Қарыз» романдары. Ал осы байқауда жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Ке­льндегі көкжал» романы бас бәй­гені, яғ­ни 15 млн теңгенің сыйақысын жеңіп алды. Роман байқауына Eurasian Resources Group (ERG) дирек­тор­лар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов демеушілік жасаса, идея авторы – Арман Сқабылұлы, ұйым­дастыру тобының жетекшісі – Қайнар Олжай. Бұл жердегі жаңа есім – Айым Ақылтай болса, былтыр Mecenat.kz байқауы жас жазушы Әлихан Жақ­сылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» романының бағын ашқан еді. Сол романы арқылы жас жазушы енді өмір бойы ай сайын 500 доллардан алып тұрады.   

Бүгінгінің оқырманы – әлеуметтік желіде отыратын адам. Сондықтан әде­би кітапты оқытудың ең төте жолы – оны жарнамалау. Ақын-жазу­шының өзі «менің кітабым – керемет» де­месі анық. Бірақ кітапты оқыған адам­дардың пікірі сол кітаптың та­нылуы­на, әрі қарай да басқа оқыр­ман­ның қолына тиюіне, бірнеше рет ба­сылуына жол ашып жатыр. Одан бө­лек, кейбір кітаптардың аудио­нұс­қаларының болуы, онлайн оқылымға шығуы, мерзімді басылымдарға ол туралы аға буын танымал қалам­гер­лердің толымды пікір жазуы да кітап­тың бағын ашуға септігін тигізуде десек, қателеспейтін шығармыз. Тө­мен­де соңғы жылдары баспадан шы­ғып, кейбіреуі оқырман тарапынан жы­лы қабылданған, кейбіреуі бірне­ше рет қайта басылған, кейбіреуі ерек­ше жазу стилімен тартымды бір­неше кітапты атап өттік. 

«Жүз жетінші көктем» – әдеби ортаны жалт қаратқан кітап. Образды ой­лау, соны теңеу, болмыс-бітімі бас­қа­ша кейіпкерлер, жұмбақ тағдыр­лар… Жалғыз кітабымен өзіне ескерт­кіш қойып кеткен Ғалымбек Елубай­дың шығармашылығы туралы жазу­шы Айгүл Кемелбаева «Тірісінде ай­тыл­маған сөз» деген тақырыппен кө­лемді мақала жазды. Сонда мы­на­дай жолдар бар: «Елубайдың Ғалым­бегі Алтай адамдарын анық бейнелеп кеткен екен. Типаждық бейнелерден көз арбайды. Ол адам психологиясын, болмыс-бітімін бір сөйлемге сыйдыра салады. Әр әңгімесі бір-бір тағдырды жоқтайды. Ғалымбек Елубай жазуын­да қыстығу мен өксік бар. Ішін өртеп бара жатқан қайғы-шерін, наласын шығармалары арқылы шығарады». 

«Дардай» романы. Ақын, жазушы Ақберен Елгезектің «Болмаған бала­лық шағынан» кейінгі прозалық шы­ғармасы әлеуметтік желіде көп тал­қыланды, оқырман тарапынан көп жылы пікір айтылды. Сондай пікір иесінің бірі – жазушы Дәурен Қуат. «Дардай – дардай болған соң, оның кейпі, түр-тұлғасы «кішкентай адам­дар» өріп жүрген бүгінгі шығарма­лар­дағы кейіпкерлерге ұқсамауы керек. Дардайдың бойы – 81 метр. Неге 81 метр? … 81 – құпия цифр. Құпия сан. Бұл, бәлкім, екі тоғыздың еселенген квадраттық мәні болуы мүмкін. Бәл­кім, қасиетті Құран аяттарынан алын­ған сүрелердің реттік саны ма екен?», – дейді ол.  

«Дайағашшы» – ақын, жазушы Ұлар­бек Нұрғалымұлының осы күнге дейін 11 рет жарық көріп, бестселлерге айналған кітабы. Бұл заманда бір автордың кітабы осынша рет қайта ба­сы­лып шығуы – үлкен жетістік. Оқыр­манның сұранысына, талғамы­на жауап беріп жүрген кітап қалам­гер­лер тарапынан да жоғары бағалан­ған. «Мына «Дайағашшыны» оқыған­да, әуелде бір күн, бір түн кетіп еді, ар­­­тынан ұзақ таңға созып оқыдым. Осын­дағы көзге көрінбейтін кейіпкер ме­нің өзім сияқты әсер қалдырды. Жас жігіттің өмірде кездескен, содан түй­ген пікірлері маған қатты әсер етті. Иненің жасуындай кішкентай нәр­седен өмірдің жібін сабақтап өткізеді екен. Мұнда біз ұмытқан өмірдің та­мыры бар. Осы бағыттағы жаңа бір про­заның қалтанағы көрінеді». Бұл – жазушы Тұрсын Жұртбайдың пікірі.

 «Жошы хан» романы. Романның құн­дылығы авторы ақын, жазушы Ұлар­бек Дәлейұлының сол дәуірге қа­тысты жазылған, ең сенімді деген де­реккөздерін пайдалана отырып, оқи­ғалар өрісін шынайы фактілермен түйіндеуге тырысуында. Таңғұт, шүр­шіт соғыстары, ғалам тарихында елеу­лі орны бар Хорезм жорықтары жыл-айы, шайқас орындары, адам ат­тары сол қалпымен көркем тілде хат­қа түсірілген. Жошы ханның Үргеніш түбіндегі ауыр шайқастан кейін Хорезм жорығынан қайтып, Ұлы­тауға келіп ірге тебуі, Жошы ұлы­сын құруы тарихи мәліметтермен сәй­кеседі. «Автор тарихи оқиғаны баян­дай отырып, ненің қалай бола­тынын, қай кейіпкер қандай әрекет жасайтынын тұспалдамайды, ашып айтады. Бұл мәнер – көне қиссаларда сақталған. Солай бола тұра, автор көркем шығармаға қиялды кіріктір­мей, шындықпен өргісі келеді. Тарихи деректер молынан қамтылып, ұшан-теңіз қазына сыйлайды», – деп жазды роман туралы ақын Біржан Ахмер. 

«Ағыраптағы аты жоқ адам» ро­ма­нында жазушы Қанат Әбілқайыр шырғалаң тағдырларды шынайы бей­нелейді. Өмірдің сынақтарына төзе алмаған, рухани күйреген кейіпкерлер туралы роман бас кейіпкердің ныс­пы­сының жоқтығымен тартымды. Бұл кітап туралы журналист Әтіргүл Тә­шім былай дейді: «Кешегі 30 жылда на­рыққа өтерде аналар ала дорба ар­қа­лап, жанбағыстың қамымен білек түре алға шықты да, әкелер «қазаншы» болып үйде отырып қалғаны бар. Бұл көп жыл отбасында өз орны бар, (жұ­мы­сы бар) аттан түспеген әкелердің ру­хын сындырды, Әкелер институты то­қырауға тап болды. Аты жоқтың әке­сі дін жолын таңдап, Сирия асып, ақы­рында темір тордан бір-ақ шы­ға­ды. Інісі Елдостың туған бауырына сат­қындығы, өз-өзін ғажап пси­хи­ка­лық ауытқуға апаруы, анасының бас­қа ердің етегінен ұстауы шығарма иі­­ріміне тартып, оқырманды баурап алады». 

«Иесіз көлеңке» романы. «Алишер Рахат – өзі жайлы айқайламайтын жазушы. Бірақ жылтыраған даңқы мен даңғазасы көбейген бүгінгі за­ман­да адамдардың ізіне түсіп, үнсіз еріп жүретін қорқыныштың сұлбасы бол­са, Алишер оны «қара адам» бей­не­сі арқылы қазақ әдебиетіне әкелді. Жай ғана әкелген жоқ, төтеннен сұп-суық қолдарын сумаңдатып, су-сіле­мік қалпы ұсқынсыз бейнеде ту сыр­тымыздан телміртіп қойды. Сол ар­қылы көбіміздің ішімізде жатқан қор­қыныштардың көлеңкесін қозғап жі­бергендей болды….». Бұл – заман­да­­­­­сының романы жайлы жазушы Жәудір Нартайдың пікірі. Үздіксіз ізденісте жүретін, еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен танылған жас жазу­шының бұл романы хоррор жан­рында жазылған.

«Сандық». Жадыра Шамұратова­ның бұл кітабы «Фолиант» бас­па­сы­ның «Бүгінгі проза» сериясымен шық­­­қан. Шағын жанрда көп ізденетін жазушы бүгінгі қоғамның ең өзекті мә­селелерін қозғайды. Техника мен тех­нология дамыған замандағы кейіп­керлердің жалғыздық торына шыр­малуын дара­лап көрсетеді. Оның кейіп­­керлері бір-біріне ұқ­самайды. «Төрт­бұ­рыш адамның бір күні», «Бейуақта ашыл­ған құпиясы» немесе «Құрылыс­шы­сы» болсын сю­жет­тік тар­тымды­лы­ғымен ерекшеленіп тұрады. 

«Абыл мен Қабыл» ро­­ма­ны. Жазушы Мақ­сат Мә­лік­тің бұл шығар­ма­сында кеуде тұсынан қо­сыл­ған, тәндері қосақталған Абыл мен Қабыл есімді сиам егіз­дері­нің өмірі су­­реттелген. Роман «Таң­­­­­­сәрі», «Талтүс», «Ала­­­­­­геуім» және «Түн қа­раң­­­ғысы» атты төрт бөлім­нен тұрады. Төрт бөлім табиғат пен адам жара­тылысының төрт кезеңі сияқты бей­не­лен­ген. Яғни, романда таң­сәрі­ден бас­талып, түн қараңғысына жал­ғас­қан біркүндік оқиға мен Абыл мен Қа­былдың 33 жылдық ғұмыры сөз бо­лады. Шығармада адамзат тари­хын­дағы мыңдаған жылдан бері келе жат­қан ақ пен қараның айқасы бедер­ленген.

«Бүкір» романы. Жазушы Есболат Айдабосын осы шығармасымен Mecenat.kz байқауына қатысып жа­тыр. Соңғы күндері «Фейсбук» әлеу­мет­тік желісінде бұл роман туралы пі­кірлер толастамай тұр. Ақын Тоқ­тар­әлі Таң­жа­рық замандасына «Ес­болат – клас­сикалық мәнерді өте терең меңгерген жазушы. Сөйлем құрауы Әуезов дәс­түрінің жаңғырығы. Оқып отырып, шұрайлы тілге таңдай қақпай тұра алмайсыз», – деп баға беріпті. 

Әрине, бір ғана мақалада ақын-жазушылардың соңғы жылдары шық­қан шығармаларын толық қамти ал­майтынымыз түсінікті. Біз негізінен прозалық шығармаларға және оның ішінде романдарға басымдық бердік. Өйткені оқырман арасында көбінде прозалық шығармалар өтімді екенін байқаймыз. Поэзияның да өз оқыр­маны бар, бірақ салыстырмалы түрде аздау. Бұл ойланарлық құбылыс… Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы он­жылдығындағы, бәлкім, одан да кө­бірек мезгілден соң қазақ әдеби шы­ғар­маларының, яғни кітаптардың күні туып келе жатқаны қуантады. Оған мемлекет тарапынан да, жеке адам­дар тарапынан да қолдаудың кө­бейе түсуі – әдебиетке, қазақтың асыл сөз үлгісіне шын жанашырлық деп түсінеміз. 

Айгүл СЕЙІЛ