in

Ғылым – өңір дамуының жаңа бағыты

Онда өңірлік ғылымды дамыту, өндіріс пен ғылым байланысын күшейту, су ресурстарын тиімді пайдалану және экономиканы әртараптандыру мәселелері кеңінен талқыланды. Ау­қым­ды жиын Мемлекет басшысы айқындаған ғылыми-технологиялық жаңғыру мін­деттерін жүзеге асыру ба­ғытында ұйымдастырылды.

Көшпелі отырысқа Ұлттық ғы­лым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұр­бек, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жана­линов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, ғылыми ұйымдар­дың басшылары, жоғары оқу орын­дарының ректор­лары, ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.

Негізінен, Мемлекет басшы­сының Жолдауында жүктелген міндеттерге сәйкес, экономиканың шикізаттық моделінен өнімді терең өңдеу жүйесіне көшу мәселесі жиын­ның өзегіне айналды. Соны­мен қатар су тапшылығы жағдайын­да ресурстарды тиімді басқару, цифрлық технологияларды өндіріс пен ауыл шаруашылығына енгізу, экологиялық тұрақтылықты қам­тама­сыз ету және өңірлік ғылымның әлеуетін арттыру бағытындағы бастамалар ортаға салынды.

Басқосуда облыс әкімінің бірін­ші орынбасары Данияр Жаналинов ғылымды дамыту өңір экономика­сының басты қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін атап өтті.

«2026-2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына ғылы­ми-зерттеу жұмыстары шығын­дары­ның үлесі арнайы көрсеткіш ретінде енгізілген. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, кешенді жұмыс жоспары бекітілген. Жалпы, Президентіміз ғылымды ел дамуы­ның негізгі қозғаушы күші ретінде айқындап отыр. Сондықтан ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейту – уақыт талабы. Бұл тұрғы­да соңғы үш жылда өңірде ғылым саласын дамытуға 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Былтырдың өзінде 1 млрд 300 млн теңге бағыт­талып, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда бес есеге артты. Қазір 400-ден астам маман ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыс­тар­мен айналысуда, – деді ол.

Жалпы, өңірдің ғылыми әлеуе­тін арттыруда Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылы­ми-зерттеу институтының маңызы зор. Институт қазір күріш шаруа­шылығы, су үнемдеу технология­лары және аграрлық ғылым сала­лары бойынша жеті ғылыми жо­ба­ны жүзеге асырып жатыр. Бұл жо­балар ауыл шаруашылығы өнім­дерінің өнімділігін арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған оң бастама саналады.

«Қазір ғылым саласы жүйелі өзгеріс күтеді. Бұл ретте келешекте ғылыми жұмыстармен айналысудан бөлек, оның қорытынды нәтижесін қаржыландыру ісін де жолға қою қажет. Бұдан өзге, Ұлттық ғылым академиясы кореялық ғалымдармен бірлесіп цифрлық платформа да­йын­дап шықты. Осы арқылы Үкі­меттен қаржыландырылған әрбір жоба ұдайы бақылауда болады», – деп өз ойын білдірді Президент жанындағы Ұлттық ғылым ака­демия­сының президенті Ақылбек Күрішбаев. 

Оның айтуынша, қазір елімізде ғылымға бөлінген қаржының 70 па­йыздан астамы Алматы мен Ас­тана қалаларында тиесілі. Өйткені ғалымдардың басым бөлігі осы ірі орталықтарда шоғырланған. Бұл өңірлер үшін өте өзекті мәселеге айналып тұр. Соған орай келешекте өңірлік ғылымды дамытуға барын­ша басымдық берілуге тиіс деп есептейді.

Отырыс барысында DeepBas жо­басының таныстырылымы жаса­лып, ғылым мен өндірісті байла­ныстыратын жаңа мүмкіндіктер сөз болды. Жоба аясында су ресурс­тарын басқару, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, қайта өңдеу сала­сын ғылыми сүйемелдеу, минерал­дық шикізатты кешенді өңдеу және экологиялық ахуалды жақсарту бо­йынша нақты ұсыныстар да бе­рілді.

«Өңірімізде ҚР Президенті жа­нындағы Ұлттық ғылым академия­сының көшпелі отырысының ұйым­­дастырылуының мәні зор. Әсі­ресе, бұл кездесу жоғары оқу орын­дары мен ғылыми институттар арасында тәжірибе алаңына айнал­ды деп айтуға болады. Бұл шарада бірнеше бағыт қамтылып отыр. Оның ішінде күріш шаруашылығын дамыту, мұнай-газ саласының тиім­ділігін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және Арал өңірі­нің экология мәселесін шешуге басымдық берілді. Жалпы өңірдің әлеуметтік, экономикалық және технологиялық дамуына ғылым мен білімнің ықпалы зор. Соған орай бүгінде инновацияға негізделген және экономиканы жаңа үдеріс­терге қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүргізіп жа­тыр­мыз», – дейді облыс әкімінің орын­басары Ардақ Зебешов.

Көшпелі отырыста ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми-өндірістік орталықтардың және жо­ғары оқу орындарының басшы­лары баяндама жасап, өңірдегі экология, су ресурстары, қайта өң­деу және тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты өз ұсыныстарын жет­кізді. Нәтижесінде, Қызылорда облысында ғылым мен өндірісті ұштастыруға бағытталған бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Сыр өңірінде өткен көшпелі отырыс аясында форсайт-сессия ұйымдастырылып, академия ма­ман­дары жергілікті кәсіпорын өкіл­деріне технологиялық олқылық­тарды анықтау тәсілдерін түсіндірді. Сонымен қатар өңір кәсіпорын­дарында енгізуге дайын инновация­лық жобалар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы