Қарақалпақстан жақтан қара үзіп шығып, көкірегінен Амудария мен Сырдария толқындарын қатар ағытып, қазақы жырдың легімен, Оңтүстіктің оттай ыстық лебімен Айбергенов шықты атойлап. Ойлы өлеңнің қайнарында, өзінше бір әлем болып Жұмекен жатты жыр жайлауында.
Міне, осы кезде, сонау Торғайдың бір толқыны болып Кеңшілік қосылды қазақ поэзиясына. Кеңшілікпен бірге қазақ поэзиясына тың бір екпін, ерекше толқын тоғысты. Кеңшілік бірден келген бетте қазақ өлеңіне өзгеше рең, өр рух әкелді.
Кеңшілік өлең өлкесіне қазақ киіз үйінің туырлығына сіңген түтін иісін, қазақ тарпаңының мінезін, қазақ қымызының дәмін, қазақ қызының қылығын ала келді. Осылайша, қазақ өлеңінің легіне Торғайдан тай болып қосылған Кеңшілік келе-келе, желе-желе аз жылдардың ішінде өзі де жыр тұлпарына айналды.
Әкеден ерте айырылып, жетімдіктің тақсіретін тартқан менен гөрі Кеңшілік ат арқасына мінгенше ата-анасының құшағында асау тайдай, бұғалыққа бағынбай еркін өсті. Екеуміз қатар өсіп, бірге жүріп, тай-құлындай тебісіп, орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін, ол бірден Алматыға аттанды. Мен аз жылдар Торғайдағы аудандық газетте аялдап қалдым.
Кеңшілік Алматыға келген бетте әдеби ортаға күрп етіп кіріп, бірден сіңісіп кетті. Бара сала маған қайта-қайта хаттар жазып, Алматыға шақыра бастады. Сол хаттардың біразы менің архивімде әлі күнге дейін сақтаулы, біраз бөлігі баспасөзде де жарияланды. Енді сол кезде Кеңшіліктің көзімен, ойымен жазылған хаттағы кейіпкерлердің кейпіне назар аударалық. Алғаш көзі көрген жас тұйғындардың кейін хас қыранға айналарын Кеңшілік сол кезде-ақ бағамдап қойғандай:
«Әбіш Кекілбаев. Паң. Құдай маңғаздықты өзінен аямаған. Келбетіне қыз қырылады. Сол паңдығына қарамай сондай кішіпейіл, барсаң арқаңнан қағады. КазГУ-дің филфагын бітірген…
Тұманбай. Тебінгідей көзілдірігі бар, қарттарға тым жақын ғой деймін. Өлеңі қандай от болса, өзі де сондай. Тым сезімге жүйрік адам-ау шамасы деп түйдім.
Жұмекен Нәжімеденов. Өте ойлы. Адамдығы, жастарды түсінуі, Қалиханның Қасымын түсінуі бәрі-бәрі керемет. Келбетті. Ресторанға көп барады-ау, «Қазақстанның» алдынан жиі көрем. Қадыр таныстырған. Өзі түк оқу бітірмеген. 9-шыны жартылап оқуды аяқтапты. Қазір «Қазақ әдебиетінің» поэзия бөлімінде білдей бастық.
М.Мақатаев. Сенен сырт түрі бір аусайшы. Оны көргенде сені көргендей болам, нансаң…
Ақындар көп, бәрі тамаша. Серігім, сенен шын ақын, нағыз ақын шығады. Сау бол. Құшақтаймын. Сағындым сені, тірі Тұрғынбек!
Кеңшілігің, Кеңтайың, Кеңпейілің, Кеңің.
9.11.64 ж.»
Міне, осыдан 60 жыл бұрын жазылған хаттың кейіпкерлері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, Кеңшілік болжағандай болып шыққанына таңғалмасқа шараң жоқ.
Мектеп бітірген соң менен екі жыл бұрын Алматыға кеткен Кеңшіліктің хат арқылы болса да жолдаған лебіздері мені қатты қызықтырып, бірте-бірте астанаға аңсарым ауа бастады. Әкеден ерте айырылған, жастай жетімдіктің зардабын тартып, Алматыға бара алмай, пұшайман көңілде жүрген мен екі жыл өткен соң астанаға жеттім-ау, әйтеуір.
Бізді Кеңшілік бір топ жерлес жігіттермен бірге 2-Алматы вокзалынан қарсы алды. Сол күннен бастап Кеңшілік екеуміздің іргеміз бір сәт бөлінген емес. ҚазМУ-дің журналистер даярлайтын факультетіне сырттай түсіп, баяғы балалық күндерімізді жастық жылдармен жалғастырдық.
Алматыдағы ауылдас ағаларымыз – сол кездің өзінде атынан ат үркетін атақты ақындар Ғафу, Сырбайға бірден бара алмай, өзімізге өзі де, өлеңі де етене жақын Тұманбайды тауып алдық. Тұманбай Жазушылар одағына орналасқан баспада жұмыс істейді екен. Екеумізге де кезек-кезек өлең оқытып, әлгі жерде тәнті болды да қалды. – Осында атақты ақын ағаларың – Сырбай мен Ғафу бар, соларға сәлем бердіңдер ме? – деп сұрады. Біздің «бірден өзіңізге келдік» деген жауабымызды естігеннен кейін, Тұмағаң орнынан тұрып, жазу столындағы қағаздарын жинастыра бастады. Көшеге шықтық. Тұратын үйі Жазушылар одағынан онша алыс емес екен. Әлі көз алдымда, екі қабат ағаш үй. Сондай үйлер сол арада қатар-қатар сап түзеген екен. Солардың біріне кірдік. Көнеден келе жатқан ескі үй екенін біздің таңырқай қарағанымыздан бірден байқаған Тұмағаң:
– Бұл үйде баяғыда, ең алғаш Бейімбет Майлин тұрған. Одан кейін Мұхамеджан Қаратаев… – деп біраз әңгіменің басын қайырып тастады.
Үйде, шағын столда дәм дастарқаны дайын тұр. Үйінде бір емес екі анасы бар екен. Бірі дастарханға сары бауырсақтарды төкті, екіншісі кәрлен кесемен қымыз ұсынып тұр. Біз жас болсақ та жатсынбай, үлкенге жасағандай ізет көрсетіп, дәм ұсынған қос анаға таңғалысымызды жасыра алмадық. Кеңшілік екеуміз осы сәттерді көпке дейін тамсана әңгімелеп жүрдік.
Тұманбай аға менің қырық жасқа келгенде жазған өлеңінде «Ең алғаш мені іздеп келгеніңмен, кейіннен ағаларыңды алдың тауып», – деп айтқан назы бар.
Айтса айтқандай, келе-келе Сырбай, Ғафу ағалардың қасынан табылып, ол кісілердің мерейтойларында, үй іші дастарқан басында жиі араласып, дәм-тұз татысып, жанымыз жарасып кеткені рас еді.
Кеңшілік, ең бастысы, ақын еді. Ақын болғанда да, есімі үлкен әріппен жазылатын, ешкімге ұқсамайтын, текті де тентек ақын еді. Тектілікке тентектігі қосылғанда, ол тіпті онан сайын дараланып, тұлғаланып шыға келетін. Өзінің ұнатпаған адамы болса, одан ықпай, именбей, бірден тура бетке айтып тастайтын. Өлеңде де сондай өр мінез, кесіп айтып, кесек турайтын.
Өзінің бойына да, ойына да тән еркіндік пен еркелік өлеңінің әр сөзінен өрнек тартып, көзге ұрып тұратын.
Ал өлең оқыған кезде арқаланып кетуші еді. Кейбір кездесулерде, үлкен жиындарда тақырып аясында тарылып қалмай, өзінің жанына жақын өлеңдерін тартынбай оқи беретін.
Бірде ҚазМУ-дегі поэзия кешінде жетекші Сұлтанғали Садырбаевты әбден састырыпты.
Кеш «Лениннің 100 жылдығына» орай өтіп жатқан екен. Мен сол кезде ел жақта жүріп ол жиынға қатыса алмадым. Бірақ соның алдында Кеңшілік маған «Өгіз» деген өлеңін оқып берген болатын. Ол кезде Тұрсынзада Есімжановтың дүрілдеп тұрған кезі еді. Біз Кеңшілік екеуміз оның өлеңдерінің көбісін жатқа айтатынбыз. Бір күні сол кездегі басылымдардың бірінде Тұрсынзаданың «Өгіздер» деген өлеңі шықты. Кеңшілік маған «мен де өгіз туралы өлең жаздым» деп оқып берген. Асығыстау тыңдағаннан ба, сол өлеңі есімде қалмапты. Кейіннен кітабынан да кезіктіре алмадым. Сөйтіп, Кеңшілік «Лениннің» орнына «Өгізді» оқыған ғой. Жұрт у-шу, қыран-топан. Студенттерге де керегі сол емес пе?! Кештің саяси жағы сұйылып бара жатқан соң, Сұлтанғали Садырбаев абдырап:
– Шырағым, Кеңшілік, Ке-кең-шілік! – деп қайта-қайта тоқтатпақ болған екен. Оған қарайтын Кеңшілік пе?!
Кеңшілік көбінесе осылай у-ду, шулы жерде жүретін. Және оны өзі де ұнатып, содан рахат табатын. Бұл да бір ақындық мінездің ерекшелігі болса керек. Содан ба, уақытымыздың көбін ресторан, кафеде өткізіп, көпшілік алдында өлең оқып, кішігірім поэзия кешін өткізіп жіберетін кездеріміз де көп болатын.
Кеңшіліктің талант қыры жан-жақты еді. Және соның бәрінде де оның биіктігі бірден аңғарылып тұратын. Мен оның тіліне қатты қызығатынмын. Ол айтқан сөздерді мен де білем. Елде бала жастан талай естіген сөздерім. Алайда Кеңшілік сол елден естіген есті сөздерді әңгіме, мақалаларында әдіптеп жеткізіп, әсерлі баяндайтын. Көркемдік кестесін келістіріп, кіріктіріп жіберетін.
Кеңшіліктің оқиғалы істері, әзіл-қалжыңдары бірінен бірі асып жататын.
Торғайда Жүрген деген құрдас-дос жігітіміз болды. Кеңшілікке туыс, маған нағашы болатын. Сол Жүргенге Кеңшілік былай депті:
– Әй, Жүрген! Сен «Абай жолын» бір оқып көрші. Ал анау Тұрғынбеков «Абай жолын» әлі оқыған жоқ!
Мен бұл сөзді естіген соң ішек-сілем қатып күліп жатырмын.
Есіме Кеңшіліктің біздің үйде жатып бір жыл қызмет істегені түседі. Ол кезде «Жетісуда» істеп жүрді-ау деймін. Алақандай бөлмедегі жазу столына екеуміз сыйыса бермейміз. Бір жақсысы, Кеңшілік жазуды шамның жарығымен түнде жазады. Мен болсам, жазу столына таңертең ұйқымды әбден қандырып алып, шәй-пәйімді қанып ішкен соң түске таман отырамын. Түні бойы «Абай жолын» оқимын. Кейде Кеңшілік маған пейіл бөліп: «Әй, Тұрғынбеков, түні бойы кітап оқып миыңды қатырғанша, ұйықтасаңшы!» дейтін. Мен «Абай жолын» бетіме бүркеген күйі таңертең бір-ақ тұратын едім. Енді кеп Кеңшіліктің айтқаны – мынау.
Бұған күлмегенде не істерсің?! Шіркін, Кеңшіліктің мұндай қызық қылықтары көп болушы еді-ау. Біразын баспасөзге жариялаған кездерім де болды.
ҚазМУ-ден бір кіріп, бір шығып ұзақ жыл оқыдық.
Бір күні Кеңшілік:
– Серік Сәрсенович (кейде әдейі солай сөйлейтін), сені құттықтаймын! – деді.
– Не үшін?
– Оқуда озық болғаның үшін.
– Сондай қалай?
– Мен ҚазМУ-де – 12 жыл, сен бақандай 13 жыл оқыпсың. Бір жыл болса да менен көп оқып, мықты білім алыпсың, – деп мысқылдайды ғой баяғы.
Сол ҚазМУ-ден алғашқы жылдары жиі шығып кетіп жүрдік. Сол Алматыда жүріп, қысқы сессияға қатысуға уақыт таппағанымызды айтсаңшы. «Қысқы сессияға қатыспады» деп оқудан шығарып жіберген қағаз келді екеумізге де.
Жазғы сессияға ілігу үшін әрекет жасап, деканатқа күнде барамыз. Маңына жолатпайды. Сол кезде жауапты хатшы – Темірбек Қожакеев. Кейін көп жылдар журфакта декан болып істеді ғой. Ол кезде Қожакеевтің жап-жас жігіт кезі. Жалындап тұр. Жанына жолатар емес.
– Бар, бар! Торғайыңа барып жұмыс істеңдер, кейін келесіңдер! – дейді.
Сонымен, оқуға қайта түсе алмай пұшайман күйде жүргенде, бір күні ұстазымыз, елдес ағамыз, осы күнгі қайраткер-жазушы, журналист Әбілпейіз Ыдырысов кездесе кетті.
Хал-жайымызды сұрап білген соң, бізге ақыл берді:
– Сендер бүйтіп сенделіп жүре бермеңдер. Ректорға кіріңдер. Ректор – торғайлық Асқар Закарин деген кісі, парасатты, білімді адам. Көпті көрген, Отан соғысына қатысқан.
Біз шошып кеттік:
– Ойбай, ректорға қалай кіреміз, деканаттың өзіне жолатпайды?
– Есебін тауып кіріңдер. Кірсеңдер болды, еңселерің түсіп шықпайды, қалайда қабылданасыңдар, – дейді.
Ректордың кабинетінің алды ығы-жығы адамнан босамайды. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Кейде тіпті, қабылдау бөлмесіндегі былғары ұзын диванда кезек күтіп, қалғып-шұлғып отырған қарт кісілерді де көріп қаламыз. Біз сияқты «студенттерді» тіпті жолатпайды. Осы тығырықтан Кеңшіліктің бір ауыз сөзі алып шықты. Есік алдындағы хатшы қызға:
– Қарындас, Торғайдан кісілер келіп тұр деп хабарлаңызшы, – деді.
Хатшы қыз зып етіп ішке кіріп кетті де, бөгелмей қайта шықты.
– Торғайдан келгендер, кіріңіздер! – деді. Сол сәтте қолына бума-бума қағаз ұстаған, папка көтерген екі-үш адам қабаттаса кіре берген. Біз де солардың қапталымен кабинетке кіріп үлгердік. Ұзындығы атшаптырым кабинеттің түкпірінде ректор отыр екен. Бізбен бірге кірген кісілер қағаздарын сапырылыстырып көрсетіп жатты. Біз үлкен кабинеттің терезе жақ тұсында үш-төрт орындық тұр екен, соған жайғастық. Қағазды кісілер біршама алданып, өзара әңгімелесіп, асықпай шықты. Біз болсақ іргедегі үстелдерде сол күйі отыра бердік. Ректор жалғыз қалды. Бізге мойын бұрып, көзін де салар емес. Бір кезде ректор көзін жұмып біраз ойланып отырды. Еңгезердей, зор тұлғалы кісі екен. Сәл сұстылау көрінді. Өзімен-өзі сәл ойланып отырды да, бір кезде үстелдегі кішкене түймедей «кнопканы» басып қалды. Зың ете қалған дыбыспен ілесе әлгі хатшы қыз төбе көрсетті.
– Қайда әлгі торғайлықтарың, қайда?!
– Хатшы қыз апалақтап, сасып қалып, кейін шегіне берді. Сол кезде іргеде отырған Кеңшілік:
– Торғайлықтар, біз боламыз! – десін. Ректор бізге еріксіз мойын бұрды. Басы-аяғымызға барлап қарады да:
– Қайдан келген балақайсыңдар?
Екеуміз қосыла:
– Торғайдан. – Торғайдан! – дестік.
– Қане, айтыңдар, шаруаларыңды тезірек!
– Біз зуылдата жөнелдік.
– Торғайда аудандық газетте істеуші едік. Қыс қатты болды. Аудандық партия комитеті науқанға керексіңдер, – деп бізді оқуға жібермеді (Әбілпейіз аға тура осылай деңдер деген).
Жаттап алған сөзімізді зуылдатып айтып шықтық. Ректор бізге мойын бұрмастан:
– Е, қыс қатты болды деңдер. Торғайда 3-4 жылдан бері су тасымай елді титықтатып тастады деп еді, биыл қалай болды?
– Биыл су қатты тасыды.
– Ағыл-тегіл, – деп қосып қойды Кеңшілік. Ректор мойын бұрмаған қалпы, көзін жұмып, ойға батып, толғанып отырды да:
– Сонда Торғайдың қай тарабынан боласыңдар? – деді.
Мен:
– Тосыннан! – дедім.
Кеңшілік:
– Қызбелденмін! – десін. (Қызбел Закириннің туған ауылы. Соны білген Кеңшілік әдейі айтып отыр). Ректор бізге мойын бұрды. Кеңшілікке қарап: – Қызбелде кімнің баласысың? – деді. Кеңшілік Қызбелде болмаған. Мүдіріп қалды. Мен аудандық газеттің тілшісі ретінде Қызбелде талай рет болғам. Сөзге мен араластым:
– Бұл Мұхтар Дәуеновтің баласы. (Ферма меңгерушісі. Қызбелге барғанда осы кісінің үйінде жатқанмын).
– Мұхтар, Мұхтар! – деп ректор бізге тағы да мойын бұрып. – Мұхтар Дәуенов, иә, ол бізге нағашы, ол да соғысқа аттанып еді, е, аман екен ғой…
– Иә, аман, жақсы жүріп жатыр.
Ректор түймедей «кнопканы» қайта басты. Хатшы қыз кірді.
– Шақыр, әлгі Қожекеевті.
Кеңшілік екеумізде зәре қалмады. Қазір ол бізді жамандайды. Кешікпей-ақ кіріп келді. Ректор кабинетінде отырған бізді көріп Қожакеевтің көзі атыздай боп кетті. Бірақ сыр білдірмеді. Ректордың алдына барып отыра қалмай Қожакеев қаздиып түрегеп тұрды. Нәтінде асықпай сөйлейтін Асқар Закарин сөзді баяу бастап:
– Мына балалар менің туған жерімнің балапандары екен. Біздің ел шалғай ғой. Сонау Торғайдан жеткенше қысқы сессияға үлгіре алмай қалыпты. Оқудан шығарып жіберіпсіңдер. Енді осы балалардың оқуын қайтадан восстановить етіңдер! – деді.
Қожакеев ыршып түсті:
– Мен бұл балаларды жақсы білемін. Өздері өлең жазады. Анау үлкен ақындарға еріп, ресторанның маңынан шықпайды. Осы қулар қысқы сессия кезінде де осы Алматыда болды-ау деймін…
Біз жамырай сөйлеп:
– Жоқ, Торғайда болдық.
– Торғайдан жақында ғана келдік, – деп жатырмыз.
Қожакеев бізге қарап басын шайқады.
Ректор тағы сол жай сөйлеген қалпын бұзбастан:
– Тыңда, Темірбек, бұлар қалай болғанда да шалғай алыс ауданнан келіп тұр ғой. Бір тәужімін жаса! – деді. Қипалақтап қалған Қожакеев:
– Тізімді бекітіп жібердік қой, – деп қалды.
– Ештеңе етпес, маған қайта әкел.
Қожакеев бізге зілдене бір қарады да, зып етіп шығып кетті.
Отырып қалған бізге Закарин:
– Бар, барыңдар енді! – деді.
Ызаланып барған Қожакеевтің кабинетіне батылымыз барып кіре алсақшы. Біршама төңіректеп жүріп қалдық. Бір кезде Кеңшілік:
– Әйда кеттік! – деді.
– Қайда?
– Ресторанға.
– Не үшін?
– Оқуға түскеніміз үшін.
– Қайдағы түскен?
– Ректор айтқан соң, олардың орындамауға қақысы жоқ! Өздері шақыртып алады!
Ақыры Кеңшіліктің айтқаны келді. Бұл ҚазМУ-де алғашқы шыққан кездегі оқиға еді. Одан кейін, талай шығып, талай кірдік қой.
Айта берсе, Кеңшілік туралы әңгіме ешқашан толастамас еді.
Мен Кеңшіліктің азаматтығы мен ақындығы жайлы, өзі өмірден өткеннен кейін біраз басылымдарда ой толғаппын. Солардың бірінде былай деген екем: «Көзінің тірі кезінде де Кеңшілік өз тұрғыластарымен салыстырғанда кітап шығарудан кенже қалып, кенделік көрген емес. Замананың зардапты қайшылықтарына килігіп, қайшыға іліккен бірен-саран өлеңдері болмаса, жалпы, сол кездің өзінде оқырман ілтипатына іліккен Кеңшілік жырлары көп аса қиянат көрмей, қайшыға түспей, оқырманына түгел жетіп жатты. Қашанда кең сілтеп, кемел тыныстайтын. Кеңшіліктің әдеби сыннан да «әттеген-айы» аз болса керек».
Ақын үшін ең басты бақыт – оқырманның ыстық ықыласына бөлену. Кеңшілік – осы бақытқа көзінің тірісінде ие болған санаулы саңлақтардың бірі.
Кеңшілік өзінің туған күні 6 маусымды дәлел етіп «Пушкин екеуміз бір күнде дүниеге келіппіз» деп мақтана сөйлейтін. Айтса айтқандай, Кеңшілік 1946 жылы 6 маусымда Ақшығанақ ауылына жақын, Торғай өзенінің бойындағы «Ешқырған» («Ешкі қырылған» деген сөз ғой) деген жерде дүниеге келген.
Егер тірі болса, Кеңшілік те 80-ге толып, тойын тойлап жатар еді. Әйтсе де, оның мәңгілік ғұмыры – артында қалған қазыналы шығармалары тірі күніндегідей талай тойдан артық және мәңгілік екені даусыз.
Кеңшілік туралы толғанысымды өлеңмен түйіндегім келіп отыр. Ол тірі болғанда бұл өлеңім бәлкім, мақтау-мадаққа тола болар ма еді, енді міне, жазған жырым мұңлы сырға қарай бейімделе берді:
Ақсұңқардай сағат сайын түлеген,
Ақын едің аузын айға білеген.
Зарланады көңілімнің гөй-гөйі,
Арналады тағы саған бұл өлең.
Бауырым ең.
Бала болып бірге өскен,
Тәуірім ең,
Дана болып тілдескен.
Жұлдыздарын бірге санап
Аспанның,
Асық атып,
Асау тайға мінгескен.
Көңіл қалмай
Аққудан да, тотыдан
Махаббаттың өлең ұрлап отынан.
Құрдасым ең,
Қалжыңдасып қағысқан,
Сырласым ең,
Бір сыныпта оқыған.
Бал шараптың кермек дәмін татысып,
Ашық күнде шығушы едік шатысып.
Алматыда алшаң басып жүрдік қой,
Алатаудың ақ жамбысын атысып.
Талай жерге жете білген батылы,
Қаз дауысты –
Қазағымның ақыны.
Биік қырға бірге шыға бергенде,
Мені тастап кете бардың ақыры.
Көнбеуші едің жетекке де, қамытқа.
Неге қидың, неге сыйдың табытқа.
Өзің барып жатып алып жұмаққа,
Мені тастап кете бардың тамұққа.
Бүгін дүние,
Алас-күлес қарбалас.
Заман туды,
Жоққа – көнбіс,
Барға – мас.
Баяғыдай майлы сүйек кемірмей,
Қорегіміз – шеттен келген арзан ас.
Байқағаным –
Маған тықыр тақады.
Шалға айналдым, жып-жылмағай
сақалы.
Баяғыдай айта алмаймын әніңді,
«Бурылтайдың» бұзылған соң мақамы.
Баяғының әуені – жат, күйі – жат.
Сен жатырсың жақсыларды жиып ап…
Жердің бәрі кеткеннен соң сатылып,
Төрден орын алып жүрген досыңа,
Көрден орын бұйыра ма?..
Қиын-ақ!
Ақын досым!
Жан сырымды білдің бе?
Арулар аз, ұсынамын гүл кімге?!
Алашапқын жанталасқан заманда,
Өлуге де уақыт жоқ бұл күнде!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ