in

Ертегідегі ізгілік

Жақында оның «Алтыннан да қымбат достық» атты балаларға арналған тұңғыш жаңа кітабы жарық көрді. Автор ертегі арқылы жас оқырманға түсінікті тілмен өмірлік құндылықтарды дәріптеп, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін ажыратуға жетелейді.

Бұл кітапта әрбір оқиға, әрбір ке­йіпкер белгілі бір тәрбиелік идеяны жеткізуге бағытталған. Автордың басты мақсаты – ­­бала бойына мейірім, адалдық, достық, жауапкершілік, сенім сияқты адамгершілік қасиеттерді сіңі­ру. Шығармадағы кейіпкерлер де жай ғана фантазиялық образ емес, олар қо­ғамдағы мінез-құлықтардың сим­вол­дық көрінісі ретінде берілген. Мә­селен, парасат пен сабырлылықтың бей­несі ретінде Үкі алынған. Ол әрқа­шан ойланып сөйлейтін, дұрыс шешім қа­былдауға ұмтылатын кейіпкер ре­тінде суреттеледі. Бабасынан қалған аманат­қа адал, алайда сол құнды затын жо­ғалтқан кезде оның да ішкі әлемінде арпалыс басталады. Автор бұл кейіпкер арқылы балаларға салиқалы тұлғалар­дың өзі де қиын сәтте уайымға беріле­тінін көрсеткен. Ал еңбекқор, бірақ кейде аңғал Тиін – өмірде жиі кезде­сетін қарапайым, адал адамның бей­несі. Оның басты қателігі сыр сақ­тай алмауында. Тиін кейіпкері арқылы кішкентай оқырмандарға сенімді ақтаудың және достыққа берік болудың маңызы түсіндірілетін болса, пайда­күнемдікті көрсететін Сауысқан, ол тек өз пайдасын ойлайтын мінезді ашады. Сауысқан жылтыраққа құмар, өзгенің дүниесіне көз алартатын жағымсыз кейіпкер. Бұл – өмірде олжасын оңай іздейтін адамдардың прототипі. Ал әділ­діктің символы Тоқылдақ кез кел­ген жағдайда шындықты қорғауға тыры­са­тын бейне ретінде алынған. Кез келген даулы мәселеде шешімді ашу үстінде емес, сауаттылықпен, тәртіпке сүйеніп шешу керектігін дәлелдейтін тұлға.

«Бұл атауды таңдауымның өзіндік үлкен себебі бар. Қазіргі прагмати­калық, материалдық құндылықтар ал­дың­ғы орынға шыққан заманда ба­лаларға шынайы байлықтың не екенін ұғындырғым келді. Атаудың астарында «дүние өткінші, ал достық мәңгілік» деген өмірлік философия жатыр. Ал­тын сағат қанша жерден бағалы жәдігер болса да, ол сенім мен кешірімнің жанында түкке тұрмайтынын баланың санасына егуді мақсат еттім. Қазіргі бәсекеге толы әлемде балаларымызға жетіспейтіні де осы мейірім мен шына­йылық. Ал кейіпкерлерді таңдауда кез­дейсоқтық жоқ. Олардың әрқай­сысы қоғамдағы нақты мінездердің бейнесі», – дейді автор.

Кітаптың дүниеге келу тарихы да ерекше. Бұл үлкен жоспардан емес, қа­рапайым әкелік қамқорлықтан бас­талған. Автор қызына ұйықтар алдында ертегі айтып беру барысында жаңа оқиғалар мен кейіпкерлерді ойлап таба бастаған. 

«Қызыма ұйықтар алдында қазақ тілінде сапалы, мағыналы әрі тағылы­мы мол оқиға айтып бергім келді. Оған ертегіні құрастырып айтып жатқан кез­де оның көзіндегі ұшқынды, кейіп­керлерге деген жанашырлықты байқа­дым. Ол Тиіннің аңғалдығына уайым­дап, адамдардың кесірінен ластанған Бұлақтың халіне шын жүректен мұңай­ды. Баланың тап-таза санасы оқиғаны өте терең қабылдап жатқанын көрдім. Міне, дәл сол сәтте бұл оқиға тек менің отбасымның аясында қалып қоймауға тиіс екенін ұқтым», – дейді автор.

Қазіргі технология дәуірінде ба­лалардың кітапқа қызығушылығын арттыру да күрделі мәселеге айналып отыр. Телефон мен түрлі ойын баланың назарын өзіне тартып тұрған заманда кітаппен бәсекелесу үшін ескі тәсілдер жеткіліксіз. Ең алдымен, кітап оқу балаға міндет ретінде емес, қызық процесс ретінде ұсынылуы керек. Бұл жерде отбасының рөлі ерекше. Егер бала үйде кітап оқуды көрмесе, оны талаппен сіңіру қиын.

Бүгінгі балалар ақпаратты жылдам қабылдайтын, визуалды ойлауы басым буын. Сондықтан кітаптың мазмұны­мен қатар оның безендірілуі, дизайны, динамикасы да маңызды. Заманауи форматтағы, тартымды көркемделген кітаптар ғана гаджеттермен бәсекеге түсе алады. Баланың таңдау еркіндігін шектеу де дұрыс емес. Егер ол фэнтези, детектив немесе ғылыми бағыттағы қа­зақ тіліндегі кітаптарды оқығысы кел­се, оған мүмкіндік беру қажет. Бала­лар әдебиеті тек тәрбиелік емес, со­нымен бірге қызықты контент болуға тиіс.

Айбек Қосанның шығармаларының халықаралық деңгейде мойындалуы да қазақ балалар әдебиетінің дамып келе жатқанын көрсетеді. Болонья балалар кітап жәрмеңкесінде кітаптың көркем­делуі мен мұқаба дизайнына берілген жоғары баға – отандық өнімнің әлем­дік стандартқа сай бола алатынын дә­лелдеген маңызды жетістік. Автордың айтуынша, жобаның жоғары эстетика­лық деңгейде деп танылуы ­– қазақ балалар әдебиеті көркемдеу өнерінің жаңа белеске көтеріліп келе жатқаны­ның айқын көрінісі. Бұл оларға қанат бітіріп, отандық өнімнің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті бола ала­тынына үлкен сенім ұялатады. Еңбек тек ұлттық құндылықтарымызды дә­ріптеп қана қоймай, ғаламдық эстетика­лық талаптарға да толық жауап бере алаты­нын көрсетіп отыр. Деген­мен қо­ғамда кітапқа деген көзқарас әлі де алаңдатады. Кей ата-аналардың рухани құндылықтан гөрі көңіл көтеретін дү­ние­лерге ба­сымдық беруі, баланың кітап­қа қы­зығушылығына әсер етеді. Сондықтан ең алдымен отбасындағы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды.

Балалар әдебиетінің дамуы – тек қаламгер еңбегі емес, тұтас қоғамның рухани жауапкершілігі. Кітап баланың қиялын дамытып қана қоймай, оның адамдық болмысын қалыптас­тыратын маңызды құрал. 

Ақтілек МЕРЕКЕ,

ЕҰУ 3-курс студенті