Бүгінде шаһардың өзінде иесіз қалған 140-тан астам ғимарат есепке алынған. Қала әкімдігінің мәліметінше, соның 75-і сүрілген. Бұл – мәселені шешу бағытында белгілі бір жұмыстардың атқарылып жатқанын көрсеткенімен, әлі де назар аударуды қажет ететін нысандардың бар екенін аңғартады.
Бір қарағанда, қаңырап бос тұрған ғимараттар қаланың көркін бұзатын ескі құрылыстар ғана болып көрінуі мүмкін. Алайда олардың артында адам қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, қоршаған ортаның тазалығы секілді маңызды мәселелер тұр.
Баспанасы жоқтар «басып алған»
Атырауда заң мен тәртіп аясында «Айқын нәтиже» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мақсат – құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғындар үшін қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру. Жоба негізінен үш бағытты қамтиды. Олар – қараусыз қалған ғимараттарды бұзу, бейнебақылау камералары қамтымайтын аумақтарды анықтау және көшелерді жарықтандыру. Атырау қаласының прокуроры Мерген Меңдіғалиевтың айтуынша, қараусыз ғимараттарды бұзу жұмыстарын мердігер Energy Systems ЖШС жүзеге асыруда.
– Қараусыз қалған ғимараттар мәселесі тек қаланың сәулеттік келбетіне қатысты емес. Иесіз ғимараттардың кейбірі ішімдік ішетін немесе тұрақты баспанасы жоқ адамдардың паналайтын орнына айналған. Сондықтан мұндай ғимараттарды сүру тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға да бағытталған, – деді қала прокуроры Мерген Меңдіғалиев.
Назерке Қалиева – Атырау қаласының тұрғыны. Жергілікті жұртшылық «Шалқыма» деп атап кеткен шағынауданда тұратын ол жатақхана маңындағы қараусыз қалған ғимараттың қанша уақыт өтсе де бұзылмай тұрғанына алаңдаулы.
– Үш балам бар. Бәрі де өсті, аяқтанды. Жолдасым қайтты. Қолда бала-келін, немерелерім бар. Өзім зейнет жасына жете қоймағандықтан, жұмыстамын. Немерелерім үшін алаңдаймын. Бірі таңмен, екінші кештетіп сабаққа келіп-кетіп жатады. Келін де, ұлым да жұмыста болғандықтан, немерелерім сабаққа өздері барып-келеді. Біз сол жатақхана маңындағы жеке үйлердің бірінде тұрамыз. Балалардың сабағына барып-келетін жол дәл жатақхананың маңы. Аты шулы жатақхананы Атырауда білмейтін адам жоқ шығар. Сол жатақхана маңындағы үйдің өртеніп, кейін бос қалғанына пәлен жыл өтті. Адамдарды қолмен ұстап алмасақ та, талай шприц, бөтелкелерді сол үйдің маңынан көріп жүрдік. Кейде топтанып кете бара жатқан адамдар да болады. Балалар сабақтан аман-есен келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Бірақ жұмыста жүргендіктен, уақыт бізге бағына бермейді. Сондықтан қаладағы осындай иесіз қалған үйі бар, ғимараты бар, бәрін тезірек сүріп тастаса деймін. Әйтпесе күніміз бала үшін уайымдаумен өтіп жатыр, – дейді тұрғын.
Зейнеткер Атамаш Қасым да қараусыз қалған ғимараттардан бөлек, қала көшелеріндегі жарықтандыру деңгейіне де назар аудару керек деп ойлайды.
– Жарықтандырумен бірге, бейнебақылау камераларының жеткіліксіздігі де өзекті. Алдымызда қыс келе жатыр. Кешкі және түнгі уақытта жарық аз түсетін көшелермен жүру, қараусыз қалған нысандардың маңынан өту бәрібір қолайсыздық туғызады. Жас келген сайын көру қабілетіміздің де нашарлайтыны түсінікті. Сондықтан мектепке ерте барып, кеш қайтатын бала-шаға, жұмыстан қас қарая шығатын үлкендер, көлік аялдамаларына жаяу баратынымыз бар – осындайда көшелер жарық болумен бірге, қоғамдық кеңістіктердің бақылауда болуы да маңызды ғой, – дейді зейнеткер.
«Айқын нәтиже» жобасы аясында қазір камералармен қамтылмаған аумақтарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атырау қаласының прокуроры Мерген Меңдіғалиевтің айтуынша, бұл қауіпсіздік инфрақұрылымын дамытуда қай аумақтарға басымдық беру қажеттігін айқындауға мүмкіндік бермек.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Олжас Хасановтың айтуынша, сүрілуі жоспарланған ғимараттардағы тұрғындардың барлығы көшірілген. Босатылған аумақтардың бір бөлігіне алдағы уақытта жаңа тұрғын үйлер мен сауда нысандарын салу жоспарланып отыр.
– Бұл ретте иесіз ғимараттарды бұзу жұмыстары қаланың бос жатқан аумақтарын тиімді пайдалануға да жол ашады. Яғни қауіпсіздік мәселесін шешумен қатар, қаланың құрылыс әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Олжас Хасанов.
21 мың камерасы жеткілікті ме?
Осыдан екі жыл бұрын Атырау Қазақстандағы қылмыс өршіп тұрған топ үш өңір тізіміне кірді. Бас прокуратураның ресми мәліметіне сәйкес, Маңғыстау, Атырау және Павлодар облыстары тіркелген қылмыс саны бойынша көш бастаған еді. Одан бері арада екі жыл өтті. Атырау облыстық полиция департаментінен білгеніміздей, қазір бір ғана қала аумағына 21 мың бейнебақылау камерасы орнатылған екен.
– Жалпы, қоғамдық тәртіпті сақтау – полиция үшін ең басты миссия. Біздер иесіз ғимараттар болса да, болмаса да жұмысымызды жалғастыра береміз. Жыл басынан полиция департаменті қызметкерлері «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 8 479 тұрғын үйді тексерді. Тексеру барысында жеке және жалдамалы үйлер, көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер, саяжайлар, шаруа қожалықтары мен қараусыз қалған ғимараттар қамтылды. Қауіп болуы мүмкін аймақтар қашан да бақылауымызда, – дейді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Аты шулы Жангелдин трагедиясын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген қанды қылмыс кезінде бір отбасының мүшелері түгел көз жұмған еді. Ата-енесін ауылдағы өз үйлерінде, қос балдызын қаладағы жалдамалы үйде өлтірген Сұлтан Сәрсемалиевтің қылмыстан кейін ұзақ уақытқа дейін жасырына алуына да бақылау камерасы жоқ «соқыр аймақтардың» әсері болды деп айта аламыз. Себебі қылмыстық оқиға толық баяндалған сот залынан білгеніміздей, Сәрсемалиев Атырау қаласы маңында жалдап тұрған үйлер камерамен жабдықталмаған, полицияның толықтай бақылауындағы учаскелер емес.
«Соқыр аймақ» дегеннен шығады, осыдан бір жыл бұрын Жылыой ауданында болған қанды қылмыс та әлі күнге дейін ел есінде. 7 жасар қыз баланы қорлап өлтірген қылмыскер әрекетін «соқыр аймақта» жасаған болатын. Қылмыстың қанды ізін анықтауға кедергілердің болуына да сол камера орнатылмаған аумақтың көп болуы кері әсерін берген еді. Сондықтан бейнебақылау камераларын қалалық жерге ғана емес, ауыл-аймақтарға да орнатудың маңызы зор.
Атырау облысы полиция департаментінің ресми мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы 10 айында Атырау облысында камералар көмегімен 735 қылмыс ашылған екен. 2025 жылы 302 қылмыс қылмыс ашылған. Бұл цифрлар өңірдегі криминогендік жағдайды бағалаудың басты критерийі бола алмауы мүмкін. Дегенмен қылмыстың алдын алуда, қоғамдағы тәріпті, қауіпсіздікті сақтауда – көшедегі бейнебақылау камераларының қаншалықты маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Әлеуметтанушы Ақтоты Дәулетбаеваның айтуынша, қараусыз қалған ғимараттар – тек қаланың көркін бұзатын нысандар емес, қоғамға да кері әсерін тигізетін мәселе.
– Мұндай ғимараттар көбейген сайын тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығы артады. Әсіресе иесіз қалған, қоршауы жоқ, кез келген адам кіріп-шыға алатын нысандар түрлі келеңсіз жағдайларға себеп болуы мүмкін. Оның үстіне, адам тұратын ортаның да көңіл күйге әсері бар. Қираған ғимараттар, қараусыз қалған аумақтар қаланың жалпы келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың өз ортасына деген көзқарасына да ықпал етеді. Адам өзі өмір сүретін жердің таза, қауіпсіз әрі жайлы болғанын қалайды. Ал осындай мәселелер ұзақ уақыт шешімін таппаса, халықтың жергілікті билікке деген сеніміне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге тек құрылыс немесе сәулет тұрғысынан қарамау керек. Ең алдымен, мұндай аумақтарда тұратын адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығы ескерілуі қажет. Қалай десек те, қараусыз қалған ғимараттар ретке келтіруді, мүмкіндігінше қайта пайдалануды немесе сүріп тастауды қажет етеді, – дейді әлеуметтанушы.
Ресми деректерге сәйкес, қараусыз ғимараттар мәселесі жалғыз Атырау облысында ғана емес, Алматы, Шымкент, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Тараз және Қостанай қалаларында да айрықша байқалып отыр. Торғай төсіндегі Арқалық қаласындағы бос қалған аумақтар мәселесі өз алдына бөлек тақырып. Қалай десек те, иесіз ғимараттарды сүру уақыт оздырмауы қажет.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы