in

Инклюзивті спортта білікті маман жетіспейді

Астанадағы балаларды бейімдеу спорт орталығының басшысы Азамат Рамазанов – көп жылдан бері мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеп келе жатқан мамандардың бірі. Оның айтуынша, елімізде инклюзивті спортты дамыту жолындағы басты мәселелердің бірі, спорт мұндай балалар үшін қажетті деңгейде қолжетімді емес.

– Инклюзивті спортта ең алдымен әр балаға жеке көзқарас қажет. Яғни әр баланың ерекшелігі мен қажеттілігін ескере отырып, онымен жеке жұмыс істеу керек. Алайда қазір жаттығулар негізінен топтық форматта ұйымдастырылады. Ал спорттың ерекше қажеттіліктері бар балалардың дамуы үшін маңызы өте зор. Әсіресе бала 15 жастан асқаннан кейін қиындықтар көбейеді. Олардың спортпен әрі қарай айналысуына мүмкіндік беретін арнайы жабдықталған орын табу да, білікті жаттықтырушы табу да оңай емес, – дейді маман.

Азамат Сағатұлының сөзінше, орталық мамандары күнделікті кездесетін өзекті мәселелердің бірі осы. Соның салдарынан спортқа бейімделіп, тұрақты жаттығуды әдетке айналдырған балалардың әрі қарай дамуына кедергі туындайды.

– Біздің орталықтағы балалар есейген кезде оларды әрі қарай қайда бағыттай­тынымызды білмей қаламыз. Өйткені олар спортты тастағысы келмейді, керісінше тұрақты түрде жаттығып, дамуын жал­ғастырғысы келеді. Сондықтан ең алдымен инклюзивті спорт саласындағы арнайы мамандар санын көбейту керек деп ой­лаймын. Сонымен қатар олардың еңбегіне лайықты жалақы төлеу маңызды. Себебі мұндай балалармен жұмыс істеу жаттығу өткізумен ғана шектелмейді. Ол үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты және әр баланың нәтижесіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Мамандардың кәсіби тұрғыдан қажып кетпеуіне жағдай жасап, еңбегінің нәтижелі болуын қамтамасыз ету қажет, – дейді маман.

Қоғам түйткілдерінің біріне айналған мәселе кеше Құрылтайда да көтерілді. «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министріне депутаттық сауал жолдап, параспорт саласындағы қордаланған проблемаларды шешуді ұсынып отыр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік ин­фра­құрылымды жаңғырту бойынша ауқымды міндеттер қойған еді. Осы мақсаттарға 2029 жылға дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трил­лион теңге қарастырылған. Алайда әлеу­меттік инфрақұрылымды дамытуға ба­ғыт­талған қомақты инвестицияның тиім­ділігі салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың халықтың барлық санатына қан­шалықты қолжетімді екенімен де өлше­нуге тиіс.

Депутаттың айтуынша, бүгінде еліміздегі 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адамның 124 мыңнан астамы – балалар. Соған қарамастан спортпен тұрақты айналысатын азаматтардың үлесі төмен күйінде қалып отыр. Денсаулық жағдайы спортпен шұғыл­д­а­нуға мүмкіндік беретін әрбір бес адамның төртеуі тұрақты жаттығуға қатыс­пайды. Айсұлу Сүлейменнің пікірінше, бұл мәселені тек инфрақұрылымның жетіспеу­шілігімен байланыстыруға болмайды. Спорт нысан­дарының нақты қолжетімділігі, арнайы мамандардың тапшылығы және параспорт мүмкіндіктері туралы ақпараттың жеткі­ліксіздігі де назар аударуды қажет етеді.

Депутат бұл мәселені халық қалаулысы ретінде ғана емес, кәсіби параспортшы ретінде де көтеріп отыр. Ол 2011 жылы жол-көлік оқиғасында екі аяғынан айырылып, алты жыл өткен соң ғана спортқа келген. Мұның себебі, спортпен айналысуға құлшыныстың болмауы емес, параспорттың мүмкіндіктері туралы білмеген.

– Бүгінде халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап жүрмін. Кейде ойға қалам, мен сияқты қаншама бала мен жастар әлі күнге дейін параспортпен айналысуға мүмкіндігі бар екенін білмей жүр? – дейді Айсұлу Сүлеймен.

Оның айтуынша, еліміздегі спорт ин­фрақұрылымының қолжетімділігі әлі де өзек­ті мәселе болып отыр. Спорт кешен­де­рінде пандус пен лифт болмай жатады. Сон­дықтан оларды параспортшылардың қа­жеттілігіне толық бейімделген нысан деп есептеуге келмейді. Ол үшін арнайы жабдық­талған жаттығу залдары, бейімделген спорт құралдары, қолжетімді киім ауыс­тыратын бөлмелер мен санитариялық тораптар қажет. Әсіресе өңірлерде мүгедектігі бар азаматтардың спорт секцияларын таңдау мүмкіндігі шектеулі.

Сондықтан депутат елдегі барлық спорт нысанына түгендеу жүргізіп, олардың пара­спортшыларды қабылдауға қаншалықты дайын екенін анықтауды ұсынды. Сонымен қатар жаңадан салынатын және қайта жаң­ғыртылатын спорт кешендерінде пара­спорт­шылардың денешынықтырумен айналысуына қажетті жағдайлар алдын ала қарастырылуға тиіс. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін де олардың қолжетімділігін тұрақты бақылаған жөн. 

Саладағы тағы бір күрделі мәселе – білікті жаттықтырушылардың тапшылығы. Пара­­спортшылармен жұмыс істеу үшін арнайы білім мен кәсіби даярлық қажет. Биылдан бастап спорт мектептерінің жекелеген са­наттарындағы жаттықтырушы-оқытушыларға біліктілік санаты үшін 30 пайыздық үстемеақы енгізілген. Алайда бұл қолдау маманданды­рылған параспорт клубтары мен орта­лықтарының қызмет­керлерін қаншалықты қамтып отырғаны белгісіз.

Осыған байланысты Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министрлігінен өңірлердегі параспорт жаттықтырушылары­ның нақты санын, жалақы деңгейін және маман тап­шы­лығын анықтауды сұратты. Сондай-ақ ма­мандандырылған параспорт ұйымдарында жұмыс істейтін жаттық­ты­рушыларға ынталан­дыру төлемдерін қолдану мүмкіндігін қарас­ты­руды ұсынды. Депутаттың пайымынша, ар­найы даярланған мамандар болмаса, зама­науи спорт кешендерінің өзі күткен нәтижені бермейді.

Балаларды спортқа ерте жастан тарту мәселесі де депутаттық сауалда ерекше қозғалды. Келтірілген мәліметке сәйкес, 109 мыңнан астам мүгедектігі бар баланың шамамен 23 мыңы ғана спортпен айна­лысады. Қалған балалардың спорттан тыс қалуына қандай жағдайлар әсер етіп отырғаны әлі де жан-жақты талдауды қажет етеді. Бұған білікті жаттықтырушының, арнайы жабдықтың немесе қолжетімді спорт секциялары туралы ақпараттың жетіспеуі себеп болуы мүмкін.

Айсұлу Сүлейменнің пікірінше, мүгедектігі бар бала мен оның ата-анасы спортпен ай­на­лысу мүмкіндіктері туралы ақпаратты өз бе­тін­ше іздеуге мәжбүр бол­мауы керек. Ол үшін мектептер, медициналық және оңалту орта­лықтары, спорт ұйымдары мен ата-аналар ара­сында тиімді өзара байланыс жүйесін қа­лып­тастыру қажет. Бұл балаларды денсаулық жағ­дайы мен жеке мүмкіндіктерін ескере оты­рып, спортқа ерте жастан тартуға жол ашады.

Параспортты қаржыландыру мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстан халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен параспортшылардың жетістіктерін мақтан тұтады. Алайда кәсіби спортпен қатар бұқаралық және балалар параспортын дамытуға қанша қаражат бөлініп жатқанын да нақты білу қажет. Осы мақсатта депутат 2027-2029 жылдарға арналған параспорт бюджетінің жеке жоспарланып, есепке алынуын қарастыруды сұрап отыр. Атап айтқанда, бұқаралық және балалар пара­спортын, спорт резервін даярлауды және жоғары жетістіктер спортын қаржылан­дыруды бөлек көрсету жайын айтады. 

Қорыта келгенде, министрлікке 6 бағыт бойынша ұсыныс жолданып отыр. Сонымен қатар 2027-2029 жылдарға арналған бұқа­ралық және балалар параспортының қол­жетімділігін дамыту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет екені ай­тылды. Онда жауапты мемлекеттік ор­гандар, іске асыру мерзімдері, қаржы­лан­дыру көздері және өңірлер бойынша өл­ше­нетін нәтижелік көрсеткіштер белгіленуге тиіс.

Ербол ТҰРЫМБЕТ