in

Өкілеттік көп, өнімділік қайда?

Әдетте біреуі тапсырма береді, екіншісі тапсырманың орындалуын бақылайды, үшіншісі құлаш-құлаш құжат түрінде есеп сұратады, төртіншісі сол есепті қайта тексереді. Сөйтіп, соңында жұмыс біткендей көрінгенімен, түпкі нәтижеге жауапты нақты орган табылмай, мәселе шешілмей қалуы мүмкін. Осындайда қазақтың «Тоғыз ешкіге тоқсан теке» деген мәтелі еріксіз еске түседі.

Президент биылғы Жолдау­ында билік институттарының өкілеттігін қайта қарау мәсе­ле­сіне айрықша назар аударды.

– Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын мін­деттерді, басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір қай мекеменің құзыреті қай жерден басталып, қай жерде бітетінін ажырату қиын. Мемле­кеттік қызмет істері агенттігінің су жаңа дерегіне сүйенсек, уәкі­летті органдарда 470-ке жуық қайталанатын функия бар екен. Мысалы, жер қатынастары сала­сында қандай да бір учаскенің қолданылуы мен қорғалуын министрліктер де, әкімдіктер де қадағалайды. Соның кесірінен жер иелері артық құжат жинап, қосымша бюрократиялық бөгет­терді еңсеруге мәжбүр болады.

Жол саласында да осыған ұқсас түйткіл ұшырасады. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы зертханалық-техни­ка­лық сараптама жасаса, жер­гілікті атқарушы органдар құрылыс, жөндеу және күтіп ұстау жұмыс­ын ұйымдастырып, мемлекеттік бақылауға қатысады. Рас, зерт­ханалық талдау мен мемлекеттік тексеру екеуі бір нәрсе емес. Бірақ алда-жалда жол сапасынан кінәрат шықса, қай органның қорытындысы негізге алынып, жауапкершілік кімге жүктеледі деген сауалдың жауабы көмес­кілеу.

Сондай-ақ агросалада мин­истр­лік субсидиялау қағида­ларын белгілеп, цифрлық мони­торинг жүргізеді. Ал жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімдері өтінімдерді өңдейді, кәсіпкер­лерге субсидиялық төлемдерді аударады әрі сол қаржының тиімді жұмсалуын бақылайды. Әрине бюджет қаржысын жіті қадағалау қажет-ақ. Бұған дау жоқ. Алайда мұндай қадағалау бірнеше деңгейде қайталанса, мекемелердің жұмысы қабат­тасып, еңбек өнімділігі төмен­дейді. Мәселенің мәні – осында.

Қысқасы, бақылау, инспек­циялау, есеп жинау сияқты жұмыстар орталық пен жергілікті органдар арасында анық бөлін­беген. Министрліктің аумақтық бөлімшесіне де, әкімдіктің салалық басқармасына да бірдей өкілеттіктер берілген.

Жалпы, Қазақстанда орта­лықсыздандыру мәселесі талай көтерілген. 2000, 2007, 2014 жыл­дардағы реформаларда һәм 2020 жылдан бері қабылданған тұ­жырымдамаларда өңірлердің құзыретін кеңейту жоспары бір­неше рет жарияланды. Мой­ындау керек, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы бірқатар міндет әкімдіктерге тапсырылған. Деген­мен министрліктер онда да саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоюды ұмытқан жоқ.

Ең қиыны, өңірлерге өкілет­тік берілгенімен, соған қажетті қара­жат қоса берілмеді. Жергі­лікті бюджет орталыққа кіріптар болған соң аймақтың дербестігі қағаз жүзіндегі құзыретпен шек­теледі. Ақшасыз билік моторсыз көлік секілді. Әкімдік өзінен жоғары органдарға алақан жай­ып отырса, одан керемет нәтиже күтудің өзі күлкілі.

Заңнамадағы олқылықтар да осы қайшылықты ушықтырады. Неге десек, «Ветеринария тура­лы» заңда, Жер кодексінде, Эко­логия кодексінде, тағы басқа құ­жат­тарда органдардың өкіл­еттігі «ба­қы­лайды», «үйлесті­реді», «ұйым­­дастырады» дегендей жалпы­­лама сөздермен жазылған. Бұл етістіктердің мағынасын нақтылап, шекарасын айқын сызбасақ, әр мекеме өз құзыретін өзінше ұғынуы ықтимал.

Айтпақшы, мұның астарында ведомстволық мүдде жатқанын да жасырмаймыз. Мемлекеттік органның функциясы көбейген сайын оған бөлінетін қаржы да, штат саны да ұлғаяды. Сон­дық­тан кейбір мекемелер өзіне тие­сілі міндеттерді азайтуға құлық­сыздау келеді. Ақыр ая­ғын­да ел игілігіне бағытталған бақылау тетігі ведомствоның өз қамын күйттейтін құралға айна­луы ға­жап емес.

Бұрынғы реформалардың қайталанатын міндеттерді түбе­гейлі жоя алмауына осындай кедергілер кеселін тигізді. Өйт­кені функциялық талдауды көп жағдайда министрліктердің өзі немесе бағынышты құры­лым­дары жасады. Өз жұмысын өзі бағалайтын мекеменің басы артық қызметінен өз еркімен бас тартуы неғайбыл. Соның салдар­ынан шенеуніктер басқару жүйе­сін барынша жетілдірудің орны­на жекелеген міндеттерді ғана ішіна­ра қысқартуды місе тұтты. Тізі­мнен жойылған бір функция біраз уақыттан кейін басқа атау­мен қайтадан пайда болатын. Қағаз­дағы өзгеріс басқару мә­дениетін жаңғырта алмады.

Қосарланған міндеттер бюд­жетке зілмауыр салмақ салады. Жоғары аудиторлық палатаның былтырғы есебінде: «Орталық пен жергілікті органдарда бір-бірін қайталайтын штат ұстау жалақы, кеңсе, байланыс, ком­му­налдық қызмет шығын­дарын еселеп арттырады», – делінген. Мәселен, ветеринария, ауыл шаруашылығы салаларында орталық және өңірлік құрылым­дар бірдей шараларға тендер жариялап, қаржыны босқа шаш­қан фактілер анықталыпты. Бизнес те бұдан оңбай зардап шегеді. Кәсіпкерлер бір мәлімет­ті бірнеше жерге өткізіп, уақыт­ын құртады, жүйкесін жұқар­тады. Қарапайым азаматтар бір мекемеден екіншісіне сабылып, табанынан тозады.

Осы орайда әлемдік тәжіри­беден үйренетін үлгі көп. Эсто­нияда субсидиарлық қағи­даты бойынша халыққа ең жақын деңгейде шешімдер қабылда­нады. Министрліктер ұлттық саясатқа жауапты болса, муни­ципалитеттер күнделікті опера­циялық жұмыстарды орындайды. Оңтүстік Кореяда орталық, про­винциялық және муниципалдық органдардың міндеттері заңмен жіктелген. Ондағы Реттеуші реформалар комитеті қайтала­натын функцияларды жүйелеу­мен айналысады. Сингапурда әр міндетке бір жауапты агенттік бекітіліп, оның жұмысы нақты көрсеткіштермен бағаланады.

Президент Жолдауда жасан­ды интеллектіні бекер айтқан жоқ. Себебі жүздеген заңды, мыңдаған құжатты адам күшімен салыстыруға қыруар уақыт кет­еді. Өз кезегінде заманауи тіл­дік модельдер әр жерде әр­қалай аталатын, бірақ атқаратын жұ­мысы бірдей міндеттерді лезде тауып, ұқсастықты тап басып таниды.

Әйтсе де бүкіл шаруаны тех­ни­каға толық сеніп тапсыруға болмайды. Жасанды интеллект қайталанатын жұмысты тапқа­ны­мен, оның шынымен артық екенін немесе мемлекетке қажет екенін білмеуі мүмкін. Алгоритм тек қабаттасқан қызметтерді нұсқап көрсетеді. Соңғы шешім­ді мамандар қабылдауы керек.

Сарапшылардың пікірінше, орталық пен өңірдің жауапкер­шілігін де халықаралық озық тәжірибеге сай қайта бөлу керек. Министрліктер стратегиялық саясатқа, заңнамалық стандарт­тарға, жалпыұлттық мәселелерге жауап бергені дұрыс. Әкімдіктер сол саясатты жүзеге асырып, тұрғындарға қызмет көрсетіп, жол, мектеп, коммуналдық шаруа­­шылық тәрізді күнделікті шаруалармен шұғылдануға тиіс. Ал министрліктің өңірдегі өкіл­діктері ұсақ-түйекке араласпай, аса қауіпті эпидемия, шекара­дағы бақылау немесе ірі өнер­кәсіп нысандары сынды страте­гиялық салаларды қадағалауы керек.

Реформаның заңнамалық тірегін күшейту үшін Әкімшілік кодекске және «Құқықтық акті­лер туралы» заңға функцияларды қайталауға тыйым салатын норма­лар енгізген абзал. Жер, Экология, Халық денсаулығы және Кәсіпкерлік кодекстеріне, «Ветеринария туралы» заңға орталық инспекциялар мен әкім­дік басқармаларының бақы­лау шекарасын нақтылайтын түзетулер керек.

Реформа нәтижесі құжаттар не комиссиялар санымен емес, нақты көрсеткіштермен өлшен­гені жөн. Қайталанатын функ­циялар кемінде 80 пайызға қыс­қарса, әкімшілік аппарат пен қосарланған құрылымдарды ұстау шығындары 15-20 пайызға кемісе, мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру мерзімдері екі есе қысқарса, бір ақпаратты мың қайтара сұрататын бюрокра­тия­ның тамырына балта шабылса – діттеген мақсатқа біртабан жақын­даймыз деген сөз. 

Президент Әкімшілігіне 2027 жылдың 1 маусымына дейін арнайы жоспар әзірлеу тапсы­рылды. Бұл жолғы реформа қағаз жүзіндегі кезекті есеп күйінде қалмаса екен дейміз. Сервистік мемлекет дегеніміз – бәрін бақы­лауға тырысатын мемлекет емес, нені орталық шешетінін, нені аймаққа жүктейтінін, әр шешімнің артында кім тұрғанын түсінетін мемлекет. Президенттің Жолдауда меңзегені де – осы мұрат.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ