Себебі ауыр жүк көліктері көшелердің сапасын бұзып ғана қоймай, тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ бұл бастама шаһарда өзекті бола бастаған көлік кептелісі мәселесін де реттеуге тиіс. Сонымен өзгеріс несімен тиімді боларын сараптап көрейік.
Елорданың ең ауыр жүгі
Астана – күн сайын өркен жайып, шекарасын кеңейтіп келе жатқан шаһар. Құрылыс қарқыны, сауда айналымы, халық санының өсуі елорданың өрісін кеңейтіп, экономикалық тұрғыда өрлеткенімен, оның көлік жүйесіне түсетін жүктеме де еселеп ұлғайып келеді. Кейінгі 8 жылда бас қалада жаңа 3 аудан (Байқоңыр, Нұра, Сарайшық) пайда болды. Бір жағынан, оның бәріндегі құрылыс алаңдарына материал, жабдық пен техника жеткізу қажет. Екінші жағынан, аудандардағы сауда орындарының сөресі тауармен толуы керек. Осы тоқтаусыз артқан ауыртпалықты қала әзер дегенде еңсеріп тұр.
Әкімдіктің ресми мәліметінше, Астанадағы көліктің жалпы санындағы жүк машиналарының үлесі 6,8% болғанымен, таңғы, түскі, кешкі қарбалас шақта орталық аудандарда көрсеткіш 24%-ға жетеді. Ал жүк тасуға өзге машина түрлері де тартылатынын ескергенде, әрбір үшінші автомобиль жүк көлігіне айналады екен. Демек, қала орталығындағы кептелістің үлкен бір бөлігін ауыр техника қалыптастырады.
2025 жылы елордадағы жүк ағынының жалпы көлемі 67,9 млн тоннаны құрады. Оның 46,9 миллионы, яғни 69%-ы қала ішінде тасылған. Автомобиль тасымалының егжей-тегжейіне үңілгенде, қай саланың қала жолдарына көп салмақ түсіретінін байқауға болады: мұнда құрылысқа – 14,5 миллион, халық тұтынатын тауарларға – 5,8 миллион, жанармай құю стансаларына – 1,3 миллион тонна тиесілі.
Елордалық көлік тасымалы компаниясының жеткізу тізбегін басқару жөніндегі менеджері Сейілбек Қайыржанның түсіндіруінше, қаладағы жүк тасымалының бір қызықты ерекшелігі бар.
– Астанада құрылыс материалдарын өндіретін негізгі кәсіпорындар, зауыттар негізінен солтүстікте шоғырланған. Ал негізгі тұтыну аумағы оңтүстікте орналасқан. Соның салдарынан ауыр көліктер қала арқылы әрі-бері қатынауға мәжбүр. Әсіресе Ш.Айтматов, Абылайхан, Уәлиханов сияқты көшелер, Тұран, Қошқарбаев даңғылдары, Қорғалжын тасжолы қозғалыстың ең көп шоғырланған бағытына жатады, – деді маман.
Халық тұтынатын тауарлардың логистикасы қаланың барлық аумағын қамтиды: өнімдер алдымен қоймаларға жеткізіледі, кейін супермаркеттерге, базарларға, сауда орталықтарына таратылады. Қала өскен сайын жүк ағынының да тамыры салалана түсері даусыз.
Астана әкімдігі жағдайды күрделендірген тағы бір түйткілді атады, бұл – бақылаудың жеткіліксіздігі көрінеді. Қалаға кіреберісте 12 автоматты өлшеу стансасы орнатылған. Бірақ олар елордаға кіретін жүк көліктерін ғана өлшеп, тексеріп, іріктейді. Ал жүк көліктерінің басым бөлігі қаладан сыртқа шықпайды. Бұл ретте қаланың ішкі көшелерінде, жол желісінде салмақ пен габаритті үздіксіз бақылайтын жүйе жоқ.
Астанада бүгінде шамамен 25-30 мың жүк көлігі ресми тіркелген. Бұған күн сайын өзге өңірлерден кіретін немесе транзитпен өтетін 90 мыңға дейінгі автомобильді қосыңыз. Арасында ауыр жүк тасымалдаушылар аз емес. Әкімдік сарапшылары шамадан тыс жүктелген көліктер жол жамылғысын, асфальтты бүлдіріп, апат қаупін арттыратынына назар аудартты. Кептеліс ұлғайып, қалалық инфрақұрылымға қысым күшейеді.
Мамандардың айтуынша, экологиялық салдары да алаңдатарлық. Ауыр машиналар ауаға зиянды заттарды көбірек таратады. Мұндай ұсақ бөлшектер адамның өкпесіне терең еніп, қан айналымы жүйесіне дейін жетуі мүмкін. Даладағы қозғалыстан айырмашылығы, қалада көп тонналық көліктер әрбір дерлік бағдаршамның алдында жиі-жиі тежелуге мәжбүр. Соның кесірінен шиналардан және асфальттан күйе, кадмий, мыс, қорғасын, өзге ауыр металдардан түзілетін микробөлшектер де қоршаған ортаға жайылады.
Ауыр техника 80-85 децибелден асатын шу туғызады. Дөңгелек дірілі топырақты тығыздап, ғимарат іргетастарына, әсіресе ескі құрылыстарға, заңғар нысандарға салмақ түсіреді.
Жүк ағыны жаңа арнада
Проблеманы шешу мақсатында Астана көшелерінің жүктемесін төмендетуге бағытталған реформа қолға алынды. Астана қаласының әкімдігі жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу мен пайдалану тәртібін бекітті. Құжатқа сәйкес, жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне көлік жүйесінің жұмыс тиімділігін арттыру, көлік ағынының өткізу қабілетін ұлғайту, жол үстіндегі кідірістерді қысқарту, сапарлардың қолайлылығы мен жайлылығын арттыру, қоғамдық көліктің қолжетімділігін жақсарту, жол-көлік оқиғаларының санын азайту сияқты міндеттер жүктеледі.
Жүйені енгізу мен оның жұмысын қамтамасыз етуді әкімдік белгілейтін басқарушы компания жүзеге асырмақ. Компания қолданыстағы жол жағдайына талдау жасайды. Бұл ретте жаңа тұрғын үй кешендерінің, коммерциялық және өндірістік нысандардың құрылысы да ескеріледі.
Автоматтандырылған жүйе құрылғанға дейін мамандар интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарланған аумақтың көше-жол желісі паспортын және топологиялық картасын зерттейді. Жүйе іске қосылғаннан кейін басқарушы компания оның орталық және шеткі жабдықтарына ағымдағы қызмет көрсетуге, жоспарлы жөндеу жүргізуге жауапты болады.
Жұмыс мұнымен бітпейді. Халықаралық тәжірибе негізінде «қаланың жүк каркасы» дегенді енгізу жоспарланған. Жобаның түпкі мақсаты кеңірек: жүк көліктері қозғалысын реттеу, тұрғындар денсаулығын қорғау, экологиялық ахуалды жақсарту. Жаңа тәртіп құрылыс материалдарын өндірушілерге, тасымалдаушыларға, халық тұтынатын тауарларды жеткізушілерге, құрылыс саласындағы субъектілерге тегіс қатысты болмақ.
Осы мақсатта жоспар бойынша келесі жылы қаланың жүк қаңқасын қалыптастыру көзделген. Яғни елорданы бірнеше секторға бөліп, «жүк көліктерінің жүруіне рұқсат берілетін бағыттар» мен «шектеу қойылатын аумақтарды» айқындау ұсынылған. Кейбір көшеге жүк машиналарының кіруіне тыйым салатын белгілер орнатылады. Мұндай учаскелерден тек тиісті рұқсаты бар көліктер ғана өте алады. Рұқсатта көрсетілген бағыт, қозғалыс уақыты, өзге де талаптар міндетті түрде сақталуға тиіс. Сөйтіп, жүк тасымалын бейберекет қозғалыстан жоспарлы жүйеге көшіру мақсат етіледі.
Рұқсатты жергілікті атқарушы орган электронды ақпараттық жүйе арқылы береді. Өтініш иесі құжаттарын сол жүйеге жолдайды. Рұқсат өтініш түскеннен бастап 5 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Рұқсаттың болуы тыйым салатын жол белгісі орнатылған учаскеге кіруге заңды негіз болады. Алайда бұл барлық уақытта, кез келген бағытта емін-еркін жүруге мүмкіндік бермейді. Көлік жүргізушісі құжатта белгіленген талаптарды, соның ішінде уақыт шектеуін толық орындауға міндетті.
Аталған тетік «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілетін түзету – жаңа 31-1-бап арқылы бекітілмек. Онда Астана мен Алматы қалаларындағы жүк көліктері қозғалысын реттеудің ерекшеліктері қарастырылады. Жүк қаңқасы көше-жол желісінің жекелеген учаскесінде рұқсат беру тәртібін енгізуді қамтиды. Бұл – жүк тасымалының бағытын, уақытын, қозғалыс тәртібін бір жүйеге келтіруге бағытталған құқықтық негіз болуға тиіс.
«Жүк каркасы жүк көлік құралдарының жүріп-тұруын ұйымдастыру жүйесін білдіреді, ол мыналарды көздейді: көлік жолдары желісінің жекелеген учаскелерінде жүк автомобильдерінің қозғалысына рұқсат беру тәртібін белгілеу. Рұқсат беру тәртібі белгіленген көше-жол желісі учаскелері бойынша жүк көлік құралының қозғалысына жарамды рұқсат болған және оның шарттары сақталған кезде жол беріледі», – делінген заң жобасында.
Сонымен бірге төтенше жағдайларға арналған маңызды жеңілдік бар. Жедел жәрдем, өрт сөндіру, авариялық-құтқару, коммуналдық қызметтердің көліктері шұғыл міндеттерді орындау кезінде бұл шектеулерге бағынбайды. Алайда мұндай жеңілдік жоспарлы құрылысқа, жөндеу жұмыстарына, жол салуға немесе өзге шаруашылық қызметтеріне қатысты тасымалдарға жүрмейді. Яғни шұғыл қажеттілік пен күнделікті коммерциялық тасымалдың арасы нақты ажыратылмақ.
Шектеу ме, мүмкіндік пе?
Реттеудің нәтижесінде мемлекет бас қала орталығындағы жүк көліктерінің қатынасын 50%-ға қысқартуды көздеп отыр. Бұған қоса, Үкімет елорданың оңтүстік ауданындарда қоймалар салуды ынталандыруға, солтүстік-шығыс бөліктегі айналма жолдың өткізу қабілетін арттыруға, балама жүк бағыттарын қалыптастыруға тиіс. Арнайы тиеу-түсіру орындарын ашу, бірлескен жүк жеткізу жүйесін мемлекеттік субсидия арқылы қолдау да ұсынылды.
Жаңа тәртіптің бизнеске салмақ түсіретінін де ескерген жөн. Бұрын көлікті шамадан тыс тиеу арқылы шығынды азайтқан кәсіпорындарға енді жүк партияларын бөлшектеуге, қосымша рейс жасауға тура келеді. Күндіз үлгермей, түнгі жеткізілімге көшкен жағдайда қойма қызметкерлеріне, жүргізушілерге, жүкшілер мен экспедиторларға Еңбек кодексі талабына сәйкес қосымша ақы төлеу қажет болады. Бұл операциялық шығындарды өсіреді.
Екінші жағынан, әкімдіктің тұжырымдауынша, автоматты өлшеу стансалары адал бәсекелестікті қорғайды: артық жүк тиеп, бағаны жасанды төмендететіндерге тосқауыл қойылады. Сапалы жолдар көлік жөндеу шығынын азайтып, логистикалық компанияларға жеткізу уақытын жоспарлауға жағдай жасайды. Жүк қозғалысын бақылау жанармайдың мақсатсыз жұмсалуын, рұқсатсыз рейстерді де шектеуге мүмкіндік береді.
Жүк көліктерін қала аумағына кіргізуді реттеу – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан тәсіл. Еуропада экологиялық талаптар басым: Лондонда төмен шығарындылар аймағы қолданылады, 12 тоннадан ауыр көліктер қауіпсіздік рұқсатын алуы керек. Францияның Париж, Лион, Марсель қалаларында жеткізуді цифрлық рұқсат арқылы реттеу тәжірибесі енгізілген. Италиядағы Милан мен Римнің орталығындағы коммерциялық тасымал арнайы тіркеу тәртібіне бағынады. Олай болса, Астанаға ұсынылған жаңа тәртіп тосын емес. Ең маңыздысы – шектеудің әділ, жемқорлықтан ада болуы, талаптың тиімді орындалуы.
Қалаға бүгін керегі – қолда бар жолды тиімді пайдалану. Жүк каркасы осы міндетті лайықты атқарып, елорданы көлік кептелісі мен экологиялық қысымнан арылтуға тиіс.
Айхан ШӘРІП