Осыған дейін бірнеше рет сөз болып, қоғам талқысынан аспаған тақырып ақыры нақты іс-шараға ұласты. Ендігі жылдан бастап дәулеті асқан қазақстандықтар да «байлар салығын» төлеп отырады. Дегенмен сарапшылар ортасында дәулет дегеннің бәрі қолда тұрған байлық емес деген пікірлер бар. Соған қарағанда салық органдары жаңа төлем түрін әлі де жан-жақты пысықтай түсетін секілді.
Жалпы, Мемлекет басшысы сонау 2019 жылы-ақ бұл тақырыптың шетін шығарған. Сол уақытта айына 300 мың теңгеге дейін табатын адам шамамен 7 пайыз салынып, ал халықтың басым бөлігіне жеке табыс салығының 10 пайыздық мөлшерлемесі қатысты сақталуы керек деген ойын білдірген. Бұлар айына 300 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін табатын азаматтарға қатысты. Ал жылына 25 млн теңгеден астам табысқа кенеліп отырғандар 10 пайыздан артық төлеуі керек дегенге меңзеді. Бірақ 15 пайыздан асырмауды қатаң тапсырған еді.
Кешегі сөзінде бұл бастаманың түп-төркіні көлеңкелі экономика мен жемқорлық сын-қатерлерін азайтудан туындап отырғанын, ал жұмысты қолға алу үшін озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану қажет екенін еске салған-ды. Әлбетте, адамның адалынан тапқан дүние-мүлкіне еш шектеу жоқ.
28 қазанда Жолдау жарияланысымен Премьер-министр Олжас Бектенов дереу жиын өткізіп, айтылған тапсырмалардың орындалу жоспарын құруға кірісті. Соның ішінде осы салықтың жаңа түрі де бар. Соған байланысты бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерттеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдері жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде байларға салық салудың негізгі үш тәсілі қалыптасқан. Біріншісі – қатаң прогрессивті салық жүйесі (Скандинавия және Батыс Еуропа елдерінде қолданылады), екіншісі – азаматтардың таза активтеріне, яғни байлығына салынатын арнайы салық, үшіншісі – салықтық жеңілдіктер ұсынатын елдердегі тіркелген мөлшерлемелер мен жеңілдетілген салық режимдері. Әр мемлекеттің ұстанымы әлеуметтік-экономикалық даму үлгісі мен көздеген мақсаттарына қарай біршама ерекшеленеді. Мәселен, бірінші байлыққа салынатын тікелей салық азаматтың табысына емес, меншігіндегі барлық активінің құнына қатысты. Оған жылжымайтын мүлік, акциялар, яхталар, банк шоттарындағы қаражат пен басқа да активтер кіреді. Салық көлемі активтердің жалпы құнынан қарыз міндеттемелерін шегеру арқылы есептеледі. Соңғы онжылдықтарда байлыққа тікелей салық салатын мемлекеттердің саны азайғанымен, Еуропа мен Латын Америкасының кейбір елінде бұл жүйе әлі де өзекті. Айталық, Норвегияда жеке тұлғалар таза активтерінің құнына қарай салық төлейді. Байлығы 1,9 млн норвег кронасынан (шамамен 170 мың доллар) асатын азаматтарға базалық 1 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Ал капиталы 21,5 млн кронадан асқандар үшін салық мөлшерлемесі 1,1 пайызға дейін көтеріледі. Байлыққа салық салудың мұндай жүйелері Испанияда, Швейцарияда және Колумбияда да қолданылады.
Екінші түрі мүліктің жекелеген түрлеріне салынады. Кей мемлекет азаматтың бүкіл байлығына салық салудан бас тартып, оның орнына қымбат мүліктің белгілі бір түрлеріне арнайы салық енгізген. Мысал ретінде, Францияны айтуға болады. Онда ел азаматтарының бүкіл байлығына салынатын салық тек қымбат жылжымайтын мүлікке қолданылатын IFI салығымен алмастырылды. Егер жылжымайтын мүліктің қарыздар шегерілгеннен кейінгі таза құны 1,3 млн еуродан асса, оған 0-ден 1,5 пайызға дейінгі прогрессивті мөлшерлеме бойынша салық төлетеді. Италия, Бельгия сынды елдерде де активтердің жекелеген түрлеріне салық салу тетіктері қарастырылған.
Жалақы, сыйақы, дивиденд және басқа да көздерден тұрақты түрде жоғары табыс табатын миллионерлер үшін табыс салығының ең жоғары мөлшерлемесін қолданатын елдер де бар. Халықаралық зерттеу компанияларының деректеріне қарағанда, топ-менеджерлер мен бизнес иелерінің табысына салынатын прогрессивті салықтың ең жоғары мөлшерлемелері Дания, Финляндия, Жапония, Аустрия және Швецияда тіркелген. Бұл елдерде табыс салығының жоғарғы мөлшерлемелері шамамен 50-60 пайыз аралығында.
Ал үшінші түрі – тіркелген мөлшерлемелер және салықтан босату режимдері. Бірқатар мемлекет шетелдік капитал мен ауқатты инвесторларды тарту мақсатында оларға арнайы салықтық жеңілдіктер ұсынады. Мәселен, Италия мен Грекия елге жаңадан қоныстанатын ауқатты азаматтарға тіркелген мөлшердегі салық төлеу мүмкіндігін қарастырған. Мұндай жүйе бойынша инвестор жыл сайын 100 мыңнан 300 мың еуроға дейін белгіленген салық құнын төлеп, арнайы режим қамтитын табыстарына қатысты өзге салықтардан босатылады.
Байлар дегенде біздің елде алдымен көзге түсетін Forbes тізіміндегі қалталы азаматтар екені белгілі. Forbes Kazakhstan басылымының мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанның ең бай он кәсіпкерінің қатарына Вячеслав Ким, Владимир Ким, Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева, Болат Өтемұратов, Тимур Турлов, Ибрагимовтер отбасы, Нұрлан Смағұлов, Айдын Рахымбаев және Сәрсеновтер отбасы енген. Көп жылдан бері өзгере қоймаған, көз үйренген көрініс. Оның үстіне, Қазақстанның жалпы байлығының жартысына (55 пайызына) небәрі 162 адам иелік ететінін білеміз. Бұл дерек алғаш 2019 жылы KPMG зерттеу компаниясының деректерінде айтылды да кейін Президент оны 2022 жылғы 21 қаңтарда қайталады. Бұл статистика бүгінге дейін тағы арта түсті десек қателеспеспіз. Ең ірі деген кәсіпкерлер осылай жүздеп саналып жатқан тұста «байлық салығының» бюджетті біраз толықтырары сөзсіз.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің сөзінше, прогрессивті салық жүйесі – халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын тәсіл. Мұндай жүйе Францияда, Германияда және басқа да көптеген мемлекетте бар. Ауқатты адамдардың мемлекет ұсынатын қоғамдық игіліктерді пайдалануға мүмкіндігі де, қажеттілігі де көбірек. Тіпті мәселені барынша прагматикалық тұрғыдан қарастырсақ, тұрақты мемлекет бай адамдардың дәулетін қоғамдағы наразылықтан, қызғаныштан және өзге де қауіп-қатерлерден қорғайды. Сондықтан ауқатты азаматтар өздеріне қолайлы жағдай жасап отырған мемлекеттің тұрақтылығын сақтау үшін көбірек салық төлей алар еді. Дегенмен Қазақстанда салық мөлшерлемесін Еуропадағыдай 45 пайызға дейін көтеру мәселесі қарастырылып отыр деуге негіз жоқ. Болжам бойынша, елімізде әлдеқайда жұмсақ прогрессивті салық жүйесі қолданылуы мүмкін деп топшылайды.
Экономист Алмас Чукин мәселенің тағы бір қырын еске салады. Мәселен, стартаптың негізін қалаған кәсіпкер қарызға батып жүріп кәсібін бастайды, сосын компаниясының үлестерін инвесторларға сатады. Уақыт өте келе, компаниясы өсіп, табысты бизнеске айналады. Соның нәтижесінде кәсіпкердің компаниядағы үлесінің құны миллиард доллардан асады. Қағаз жүзінде ол аса бай адамдардың қатарына қосылады. Енді оған сол миллиардтың 5 пайызын, яғни 50 млн долларды бюджетке төлеу міндеттеледі. Бірақ оның қолында ондай ақша жоқ. Өйткені компания ұзақ уақыт нақты пайда әкелмеуі мүмкін. Оның байлығы – банк шотында жатқан ақша емес, компания үлесінің нарықтық бағасы ғана. Демек, салықты төлеу үшін кәсіпкер өз үлесінің бір бөлігін сатуға мәжбүр болады. Бұл – өзі құрған бизнесті бақылаудан айырылу деген сөз. АҚШ-та осындай кереғар жағдайдан құтылу үшін көптеген кәсіпкерлердің басқа штатқа көшуге мәжбүр болатынын мысал етіп келтіреді. Ал ең қиыны, кәсіпкер салықты төлегеннен кейін бір жылдан соң стартап банкротқа ұшыраса не болады? Ондай жағдайда бар байлығынан айырылудан бөлек, қарызға батқан күйі қалуы мүмкін.
Тура сондай жағдай мұрагерлік жағдайында да болуы мүмкін. Әкеден қалған кәсіп балаларына тигенде біреуі сол істі жалғастырып әкетеді де, қалғандары үлесін алып бөлек кетуі мүмкін. Шаруашылықты қолға алған баласы бауырларының еншісін де, жоғары салықты да төлеуі керек. Ал шаруашылық не кәсіп дегенің тұнып тұрған ақша емес, әлгінде айтқандай, нарықтық құны ғана «бай» деген атақ береді. Ал мойнына осынша ауыртпалық түскен адамның ақырында кәсібі тұралап, ол да барынан айырылып қалуы мүмкін. Демек, «байлар салығы» дегенде кімнің бай, кімнің кәсіпкер екенін нақты ажырататындай тетіктер қарастырылуы керек.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, алдағы жылдан бастап қазақстандықтардың табысының басым бөлігіне прогрессивті салық шкаласы бойынша салық салынады. Жеке табыс салығының мөлшерлемесі азаматтардың жылдық табысына қарай 10 немесе 15 пайыз болады. Егер жылдық жиынтық табыс 36 млн теңгеден асса, белгіленген шектен асқан бөлігіне жоғары мөлшерлеме қолданылады.
Оның ішінде бірнеше жерден табыс табатын азаматтар жылдық жиынтық кірісінің мөлшерін өздері бақылауға тиіс. Егер декларация тапсырғаннан кейін табысы белгіленген шектен асып кеткені анықталса, шектен асқан құны үшін қосымша 5 пайыз салық төлеуі қажет болады.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде оңайлатылған салық режиміне қатысты да бірқатар өзгеріс қарастырылған. Қазір оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі қолданылып келеді. Бұған дейін осы режим бойынша жылдық табыстың ең жоғары шегі 48 мың айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құраса, жаңа Салық кодексінде бұл меже 600 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылған. Бұл қазіргі межемен шамамен 2,5 млрд теңгеге тең.
Ербол ТҰРЫМБЕТ