Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлзада Ниетқалиева 61 жасқа қараған шағында өмірден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жеткізді.
Гүлзада Ниетқалиева 1966 жылы 1 маусымда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылында дүниеге келген. Гурьев педагогика институтының тарих факультетін тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол 1987–2000 жылдары Құрманғазы ауданындағы мектептерде сабақ берген. Кейін журналистика саласына ауысып, Атырау облыстық телеарнасында, «Ақ Жайық» апталық газетінде және «Қайсар» басылымында жауапты қызметтер атқарған. Сондай-ақ облыстық «Атырау» газетінің мәдениет, білім және денсаулық бөлімін басқарған.
Ақынның «Ақбота күнді аңсаумен», «Айдың сүттей сәулесі», «Қарлығашы Қиғаштың», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары», «Аллажар» атты жыр жинақтары жарық көрген. Сонымен қатар Есенғали Раушанов пен Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған зерттеу еңбектерінің авторы.
2017 жылы оның «Жүректегі иман гүлі» атты дастаны Ұлыбританияда басылып шықты.
Гүлзада Ниетқалиева Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай «Махамбет-200» телехабарлар топтамасын жүргізіп, «Қарой қасіреті» дастанын жазған.
Ақын қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапатталған.