«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев баяндама жасады.
Өңірлердегі ветеринариялық дәрігерлердің мәртебесін көтеру және кәсіби бірлестік құру жайы да талқыланды.
Ветеринария мамандығының, әсіресе ауылдық жерлерде, тартымдылығының жеткіліксіздігі кадр тапшылығына, жұмыс істеп жүрген мамандарға түсетін жүктеменің артуына және ветеринариялық іс-шаралардың уақтылы жүргізілуіне кері әсерін тигізуде.
Осы мәселелерді шешу мақсатында заң жобасында ветеринария мамандарын әлеуметтік және кәсіби қолдау шараларын едәуір жақсарту көзделеді.
Атап айтқанда, ветеринария мамандарына:
– кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы төлей отырып, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу кепілдіктері;
– ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақылар: ғылым кандидатына – айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторына – негізгі жұмыс орны бойынша айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы төлеу;
– арнайы киіммен қамтамасыз ету көзделеді.
Сонымен қатар ветеринариялық дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін білдіру және қорғау, оларды есепке алу, біліктілігін арттыру мақсатында ветеринария саласындағы қоғамдық ұйым нысанында ветеринариялық палата құру көзделеді.
Заң жобасының ережелерін іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлу жоспарлануда.