in

Әлем үшінші дүниежүзілік соғыс қаупіне жақындап келеді – Financial Times

Әлемде қарулы қақтығыстар көбейіп, ірі державалар арасындағы шиеленіс күшейіп барады. Бұл жағдай жаһандық соғыс қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы Financial Times басылымының шолушысы Гидеон Рахман жазды.

Халықаралық дағдарыс тобының мәліметінше, қазір әлемде 65 қарулы қақтығыс жүріп жатыр. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Сарапшының пікірінше, халықаралық тұрақсыздықтың негізгі себептері – Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекелестік және мемлекеттердің халықаралық қауіпсіздік кепілдіктеріне сенімінің әлсіреуі.

Рахман әсіресе АҚШ-тың одақтастарын қорғауға дайындығына қатысты күмәнді қауіпті деп санайды. Оның айтуынша, тарихта мұндай белгісіздік ірі соғыстарға алып келген қате шешімдерге себеп болған.

Дегенмен сарапшы үшінші дүниежүзілік соғыс міндетті түрде басталады деп мәлімдемеген. Ол халықаралық келісімдер мен қауіпсіздік кепілдіктерінің әлсіреуі жаһандық қақтығыс қаупін күшейтетінін ескертеді.