in

Бөбек тынысы – болашақ ырысы

Бала – елдің үміті, ең басты құн­дылығы. Ендеше әр сәби – бір әу­леттің ғана емес, тұтас қоғамның ама­наты. Сондықтан шыр етіп дү­ниеге келген әрбір «жаңа қазақ­стан­дықтың» өмірін сақтап қалу дә­рігердің кәсіби міндеті ғана емес, болашақ алдындағы парызы. Бұл сондай-ақ мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігінің биік не бәкене екенін айқындайтын бас­ты бір өлшем.

Осы орайда Мемлекет басшысы 2026 жылғы 18 маусымда медицина саласының қызметкерлерімен кездесуде халықтың басын өсіру мәселесіне мемлекеттің әрдайым баса назар аударатынын айтып, ана мен баланың денсаулығы бірін­ші орында тұруға тиіс екенін атап өтті. 

– Қазір де осы бағытта ауқым­ды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нә­тижелер бар. Былтыр еліміз бойын­ша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жа­қын­дады. Соңғы үш жылда ана өлі­мі 35 пайызға, сәби өлімі 24 пайы­зға қысқарды. Бұл – тәуел­сіз­дік жылдарындағы ең төменгі көр­сеткіш, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұл жетістік өздігінен келген жоқ. Кейінгі жеті жылда ел бойынша 1 300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды. Президент­тің ана мен бала денсаулығына қа­тар көңіл бөлуінің астарында үл­кен мағына жатыр. Ана өлімінің азаюы – жүктілік кезінде ғана емес, оған дейінгі кезеңде де ден­сау­­­­лығына көңіл бөлінгенін көр­сетсе, сәби өлімінің төмендеуі бө­­­­­бектің алғашқы сағаттарындағы және күндеріндегі медициналық көмектің сапасына тікелей байланысты. Кейінгі жылдары бұл ба­ғыт­та тұтас жүйе қалыптаса бастады.

Мәселен, Үкіметтің ресми де­ре­гінше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ана өлімінің көрсет­кі­ші алты есеге төмендеген. Соңғы бес жылдың өзінде бұл көрсеткіш та­ғы 35%-ға қысқарды. Бүгінде жүк­ті әйелдердің 90%-дан астамы жүк­тіліктің 12 аптасына дейін есеп­ке алынады. Бұл – қауіптің ал­дын ала анықталуы және қажетті ме­дициналық көмек көрсетілуі үшін аса маңызды кезең. Өйткені ана мен бала денсаулығына қатыс­ты көптеген мәселені асқындырып ал­май, ертерек байқап, тиісті кө­мек көрсету маңызды.

Қазіргі заманғы пренаталдық диаг­ностика әдістері жүктілік ке­зінде, оның ішінде 18-20 апта мер­зі­мінде туа біткен даму кеміс­тік­тері­нің басым бөлігін анықтауға мүм­кіндік береді. Бұл дәрігерлерге сә­би дүниеге келгенге дейін дайын­дық жүргізіп, қажет болғанда өмі­рі­нің алғашқы күндерінде хирур­гия­лық түзетуге жағдай жасайды.

Елде туа біткен аурулардың ал­дын алу және әйелді дені сау жүк­тілікке дайындау жүйесі де бел­сенді дамуда екен. 2025 жылдан бе­рі жүктілікке дейінгі дайындыққа ба­ғытталған «Аналар саулығы» бағ­­­­­дарламасы іске асырылады. Оның аясында әйелдерге емханада 15 тексеру түрі тегін қолжетімді: биыл аналарды қамту деңгейі 54%-ды құрады.

Сонымен қатар ұрықты сақтау ор­талықтарының базасында «Бір күн­дік клиника» жобасы қолға алын­ған. Ол жүкті әйелдерге қа­жет­ті зерттеу мен мамандар консультацияларынан бір күн ішінде өтуге мүмкіндік бермек. Бұл бастама пренаталдық скринингпен қам­туды 10%-ға арттыруға, патоло­гияларды анықтау деңгейін 12%-ға көтеруге және балалар мү­гедек­тігінің деңгейін 8%-ға төмендетуге мүмкіндік беріпті.

Тағы бір маңызды бағыт – фе­тал­дық хирургия, яғни ұрықтың кей­бір патологияларын жатырі­ші­лік түзету. Мұндай операциялар Ал­маты және Астанадағы маман­дан­дырылған орталықтарда жүр­гізіледі. Бүгінгі күні 39 жатырішілік хирургиялық араласу жасалып, ба­лалардың денсаулығына төнетін ауыр зардаптардың алдын алу, ерте емдеу мүмкіндігі кеңейді.

Кейінгі жылдары елде аз ин­ва­зия­лық хирургия әдістері де қар­қын­ды дамып келеді. Жаңа туған нә­рестелерге жасалатын опера­ция­­лардың шамамен үштен бірі шағын тіліктер арқылы орындалады. Бұл хирургиялық араласудың жа­рақаттауын азайтып, балалар­дың тезірек сауығып кетуіне мүм­кіндік береді.

Қазір ауыр туа біткен патоло­гия­ларды емдеуде жоғары нәти­же­лерге қол жеткізілді. Туа біткен диаф­рагмалық жарығы бар бала­лар­дың өмір сүру көрсеткіші – 80-90%, өңеш атрезиясында – 85-95%, гастрошизис кезінде  90%-дан жо­ғары. Бүгінде ауыр дертке шал­дыққан жаңа туған нәрестелерге көмекті құрамына неонаталдық хирург, неонатолог, реаниматолог, кар­диолог, генетик және басқа да мамандар кіретін мультидисцип­ли­налық топтар көрсетеді. Мұндай тә­сіл нәресте өмірінің алғашқы ми­нуттарынан бастап емдеуді бас­тауға және медициналық ше­шім­дерді баланың жағдайын жан-жақ­ты бағалау негізінде қабылдауға мүм­кіндік береді.

Қазақстанда салмағы небәрі 500 грамнан басталатын нәрес­те­лерді күтіп-баптау тәжірибесі қа­лып­тасты. Мұндай балалардың өмір сүру көрсеткіші соңғы жылдары төрт есеге өскен. 2025 жылы ел­де шамамен 17 мың шала туған ба­ла дүниеге келіп, олардың бар­лы­ғына жоғары технологиялық ме­дициналық көмек көрсетіліпті. 

Босандыруға көмектесу инф­ра­құрылымын дамыту жалғаспақ. Қазақстанда 273 қалалық және 152 ауылдық әйелдер консультациясы, сондай-ақ облыстық перинаталдық орталықтар жанындағы 24 консультация жұмыс істейді. Бұдан бө­лек, Үкімет болашақ анаға мед­кө­мектің қолжетімділігін арттыру үшін жаңа нысандар ашуға ниетті.

Үкіметтің мәліметі бойынша тәуел­сіздік жылдарында нәресте өлімі 7,5 есеге азайған. Жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар 1,5 мың­ға жуық жаңа туған нәресте жедел ем алады. 2 мыңға жуық балаға ашық жүрекке ота жасайды. Соң­ғы жылдары балаларға мед­көмек көрсетуге бөлінетін қаржы кө­лемі екі еседен астам өсіп, 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін жетті. Бүгінде денсаулық сақ­тау жүйесі шығындарының ша­мамен төрттен бірі балалар ден­сау­лығын сақтауға бағытталады екен. 

Сала кемшілігі анаға сор болмасын

Әйтсе де, республикада сәби­лер­дің бәрін бірдей аман сақтап қалу мүмкін болмай тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2021-2025 жылдары 5 жас­қа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 38,5%-ға қыс­қарды. Өкінішке қарай, елде әр­түрлі себеппен әлі де мыңдаған сәби өліп жатыр. 5 жасқа толмай қайтыс болғандардың саны 2021 жыл­ғы 4,4 мың баладан 2025 жылы 2,7 мың балаға дейін біртіндеп азайд­ы. Олардың жартысынан көбі не­месе 1,5 мыңы – ұл балалар.

Жаңа туған 1 мың балаға шақ­қан­дағы балалар өлімінің коэф­фи­циен­ті тұрақты төмендеу үрдісін көр­сетіп отыр: 2021 жылы әрбір бір мың сәбидің ішінен 9,9 сәби жан тап­­сырса, былтырғы жыл қо­ры­тын­­дысында әрбір мың бө­бектің 8,1-і дүние салған. Өңірлік тұрғы­дан бұл коэффициент  балалар ден­саулығын сақтау деңгейінде тең­­­сіздіктің барын паш етті. Мыса­лы, ірі қалаларда бұл көрсеткіш рес­публикалық орташа мәннен (8,1) едәуір төмен. Астанада коэффициент 6,4 баланы, Алматыда 6,6 ба­ланы құрады. Сондай-ақ төмен көр­сеткіш Ақмола облысында бай­қалды: 5,1. Ұлттық статбюро дере­гін­ше, 2025 жылы балалар өлімінің коэффициенті Қызылорда (10,5) және Ұлытау (10,4) облыстарында тым жоғары болды. 

Бұл аймақтарда көрсеткіштер рес­публикалық орташа деңгейден шамамен үш есеге жуық асып түсті. Бірақ тұрғын саны аз болғандықтан, аб­солюттік мәнде шетінеген сә­би­лер саны ең аз өңір – сол Ұлытау об­лысы (37 нәресте). 5 жасқа толмай өлген балалардың ең көп саны Түркістан облысына тіркелді: 455 бала о дүниелік болған. Демек, жал­пы оң динамика бар болға­ны­мен, әрбір қыршын кеткен сәби, ер­те үзілген өмір денсаулық сақтау жүйе­сінде кемшілік барын нұсқай­ды. 

Жоғарыда келтірілген дерек-тер – тарихқа шолу, өткен жылдар көрсеткіші. Қазіргі ахуал қандай? Денсауминнің мәліметі бойынша Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері ана өлімі 13%-ға төмен­деді. Биылғы сегіз айда бір жасқа дейін­гі балалардың арасындағы өлім-жітім жағдайларының саны былтырғыдан 115 жағдайға аза-йыпты.

Алдағы міндеттің ауқымы кең

Осымен сала болды-толды деу­ге болмайды. Ана мен балаға көр­се­тілетін медкөмектің сапасын одан ары арттыруда атқарылар іс өте көп. Оны осы аптада Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әл­на­зарованың өзі тізбеледі. Министр өңірлерге қызметтің кадрлық әлеуе­тін күшейту, жүктілікке дейін­гі дайындықты, антенаталдық ба­қы­лауды және сыни жағдайларға дайындықты күшейту, сондай-ақ жер­гілікті жерлердегі патронаж қыз­метінің тиімділігін арттыру ту­ра­лы тапсырма берді. Бұл жерде ан­тенаталдық бақылау дегені – әйелдің жүктілік кезіндегі денсау­лы­ғын қадағалап, ұрықтың дұрыс да­муын бағалау және ықтимал қа­терлердің алдын алу үшін жүр­гізілетін медициналық тексерулер мен күтім жүйесі. 

– Проблемалар шегіне жеткенде, асқынғанда ғана анықталмауға тиіс. Қауіптер жүктілікке дейін жә­не оны жүргізудің әр кезеңінде анық­талуы қажет. Әрбір жүкті әйел­дің, әсіресе жоғары қауіп то­бындағы ананың медициналық маршруты нақты болуы керек: оны кім бақылайды, қандай тексерулер­ден өтті, қандай мамандар тартылды және оны қайда уақытылы жі­беру қажет? Осыны білуіңіз қажет. Ана мен нәресте өліміне қатысты мә­селелер күнделікті жеке бақы­лауыңызда болуға тиіс, – деді Ақ­ма­рал Әлназарова әкімдердің са­лаға жауапты орынбасарлары мен өңірлік денсаулық сақтау басқар­ма­ларының басшыларына.

Министр емхана деңгейіндегі жұ­мыстың сапасына ерекше назар ау­даруды жүктеді. Себебі дәл осы дең­­гейде жүктіліктің асқынуына әке­луі мүмкін аурулар және қауіп факторлары уақытылы анықталуға тиіс. Тағы бір басым бағыт – перзентханалар мен балалар ауруханаларын кадрлармен қамту. Өңір­лер­ге екі аптаның ішінде акушер-ги­не­­кологтарға, неонатологтарға, ба­лалар реаниматологтарына және патронаждық медицина мейір­гер­леріне қажеттілікті айқындап, қол­­даныстағы әлеуметтік қолдау те­тіктерін пайдалана отырып, ма­ман­дарды тарту жөніндегі шара­лар­ды қарастыру тапсырылды.

Перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларындағы ин­фекциялық қауіпсіздікке, сани­тария­лық талаптардың сақталуына және медициналық ұйымдардың шұғыл көмек көрсетуге дайын­ды­ғына ерекше назар аударылмақ. Жүк­ті әйелдерге, жаңа туған нә­рес­­телерге және қауіп топтарын­да­ғы балаларға медициналық сүйе­мелдеу сапасын арттыру үшін ДСМ бірыңғай чек-парақтарды әзірлеп жатыр. Сол арқылы емха­на­лардың жұмысын мониторингтеуге арналған негізгі көрсет­кіш­терді онлайн режимде, цифрлық бақы­лауға алады.

Нәресте өлімін әрі қарай тө­мен­дету үшін өңірлер жаңа туған нә­рестелерге патронаж жүргізуді кү­шейтуге және бейінді медкөмекті қол­жетімді етуге міндеттелді. Рес­пуб­ликалық ғылыми орталықтар мен медициналық ЖОО-лар өңір­лер­ге практикалық көмекті кеңей­теді. Осы мақсатта олардың мамандары өңірлерге шығуға, күрделі жағдайларды сүйемелдеуге және жергілікті медицина қызметкер­ле­рін оқытуға тиіс. Министр барлық өңірге осы қазан айында ана мен бала денсаулығын сақтау қызмет­терін нығайтудың нақты жоспарларын бекітуді тапсырды.

Айхан ШӘРІП