Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуінен бас тартқан британиялық Хамза Шираздың шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды Aikyn.kz
Бұған дейін Шираздың промоутерлік компаниясы WBO-ға британиялық боксшының міндетті үміткер Жәнібек Әлімханұлына қарсы жекпе-жекке шықпайтынын хабарлаған. Кейін Шираз чемпиондық белбеуін өз еркімен босатты.
Жәнібек қарсыласының шешімін қабылдайтынын айтып, оған сәттілік тіледі.
– Ол өз таңдауын жасады. Артық ештеңе айтпаймын, қазір оған оңай емес. Хамзаға тек сәттілік тілеймін. Біз әрі қарай жүреміз. Алдағы күндері чемпиондық атақ үшін кіммен жұдырықтасатынымыз белгілі болады. Қарсылас кім болса да, жеңіп, чемпиондық белбеуді аламыз, – деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желіде.
Енді WBO бос қалған чемпиондық атақ үшін Әлімханұлының келесі қарсыласын анықтауы тиіс. Қазақстандық боксшы бұл салмақта WBO рейтингінде міндетті үміткер мәртебесіне ие.
Жәнібек бұған дейін орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болған. 2026 жылы ол екінші орта салмаққа ауысқан.