Рас, кейінгі жылдары бұл бағыттағы заңнамалық талаптар күшейіп, жауапкершілік қатаңдатылды. Президент әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту қажет деген еді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған заңнамалық өзгерістер аясында әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жауапкершілік күшейді. Қазір ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Солай бола тұра, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қыз-келіншектердің әлі де өзін қорғай алмауының сыры неде?
Белгілі сарапшы, зерттеуші ғалым Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, 2024 жылғы 15 сәуірде қабылданған заң осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Заңнамалық өзгерістер нәтижесінде ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілік аясына қайтарылып, тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату мүмкіндігі шектелді.
– Заңның күшейтілуі – дұрыс бағыт. Бірақ біз зорлықтың салдарымен ғана емес, оған алып келетін ұзақ процеспен де күресуіміз керек. Тұрмыстық зорлық әрдайым бір күнде басталып, бірден ауыр дене жарақатынан көрінбейді. Оның өзегінде адамның автономиясын жүйелі түрде жою жатуы мүмкін. Қаржысын бақылау, кіммен сөйлесетінін шектеу, құжатын алып қою, жүріс-тұрысын қадағалау, үнемі кемсіту – мұның бәрі мәжбүрлеп бақылаудың көріністері. Бірақ осы әрекеттердің көбі біздің қылмыстық заңнамада дербес құрам ретінде қарастырылмайды. Сондықтан заң көбіне зорлық тізбегінің соңғы буынына ғана жетеді, – дейді Әйгерім Құсайынқызы.
Оның пікірінше, мұндай істерде «неше рет ұрды?» деген өлшеммен қарау – жеткіліксіз. «Ал ғалымдардың тұжырымы бойынша дұрыс өлшем эпизод саны емес, бақылау деңгейі. Бір рет те ұрмаған, бірақ толық тәуелділікте ұстаған қатынас өлімге бір емес, бірнеше эпизодтан гөрі жақынырақ тұруы мүмкін. Тәуекелді бағалау құралы бізде енгізілмеген», – дейді сарапшы.
Қауіп – қайдан?
Әйгерім Құсайынқызы халықаралық тәжірибеде тұрмыстық зорлықтың адам өліміне ұласу қаупін бағалайтын арнайы әдістемелер бар екенін айтады. Соның бірі – зерттеуші Джаклин Кэмпбелл әзірлеген Danger Assessment қауіп-қатерді бағалау құралы. Онда қаруға қолжетімділік, буындыру, жүктілік кезіндегі зорлық, өлтіремін деп қорқыту, жәбірленушінің қарым-қатынасты үзуге талпынысы, агрессордың жұмыссыздығы мен шектен тыс қызғанышы секілді факторлар ескеріледі.
Оның пайымдауынша, Қазақстанда осындай тәуекел факторларын бір жүйеге жинақтап бағалайтын ресми хаттама әлі де қажет. Әсіресе әйелдің ажырасуға шешім қабылдауы немесе үйден кетуге дайындалуы, қауіптің азайғанын емес, керісінше, кей жағдайда күшейгенін білдіруі мүмкін.
– Біз «Неге кетпеді?» деген сұрақтан арылуымыз керек. Бұл – зерттеу сұрағы емес, жауапкершілікті құрбанға аударатын формула. Керісінше, «Агрессор неге жібермеді?» деп сұраған дұрыс. Қатынасты үзуге шешім қабылдаған немесе ажырасуға арыз берген адам жоғары тәуекел тобына жатқызылып, оған қауіпсіздік жоспары ұсынылуы керек. Өйткені кету кезеңі – ең қауіпті кезеңдердің бірі, – дейді зерттеуші.
Ол буындыру мен тұншықтыру әрекеттеріне де айрықша назар аудару қажеттігін айтады. Мұндай әрекет кейде көзге көрінетін ауыр із қалдырмағандықтан, оның қаупі толық бағаланбауы мүмкін. Ал халықаралық зерттеулер бұрын буындыруға ұшыраған әйел үшін кейін өлімге әкелетін зорлық қаупі айтарлықтай жоғары болатынын көрсеткен. Сондықтан сарапшы мойын аймағына қысым көрсетуді жеке қауіп факторы ретінде қарастырып, сот-медициналық сараптаманың арнайы хаттамасын енгізуді ұсынады.
Қорғау нұсқамасының берілуі де жәбірленушінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді деген сөз емес. Әйгерім Құсайынқызы келтірген дерекке сәйкес, Астанада 2026 жылдың басынан бері 6,5 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылып, оның талаптарын бұзғаны үшін 300-ге жуық адам жауапкершілікке тартылған. Сарапшының пікірінше, ендігі мәселе – нұсқаманың орындалуын тиімді бақылау. Электронды бақылау, шұғыл байланыс құралдары және кезеңдік тексеру секілді тетіктер қауіпсіздікті күшейте түсер еді.
– Экономикалық зорлық – мәжбүрлеп бақылаудың негізгі құралдарының бірі. Адамның өз ақшасы, жеке банк шоты, тұрақты немесе қашықтан табыс табатын мүмкіндігі болмаса, «кет» деп айту оңай болғанымен, оны жүзеге асыру қиын. Әсіресе қолында кішкентай баласы бар әйел үшін кету – тек құқықтық шешім емес, логистикалық және қаржылық мәселе, – дейді ол.
Дағдарыс орталығы жеткілікті ме?
Қазақстанда тұрмыстық қиындықтан (зорлықтан) қашқан әр әйел паналайтын орын – дағдарыс орталығы. Ал мұндай орталықтар бізде көп пе? Әйгерім Құсайынқызы келтірген мәліметке сүйенсек, ресми құжаттарда елдегі 33 дағдарыс орталығы көрсетілсе, кеңірек есептерде 15 мемлекеттік және 46 мемлекеттік емес ұйымдағы жалпы 976 төсек орны туралы дерек бар. Ал халықаралық әдістемелердегі халық санына шаққандағы есеппен Қазақстанға шамамен 2 мың орын қажет болуы мүмкін. Яғни қажеттілік пен қолда бар мүмкіндік арасында елеулі алшақтық бар. Оның үстіне мұндай орталықтардың басым бөлігі ірі қалалар мен облыс орталықтарында орналасқан. Аудан мен ауылда тұратын әйел үшін орталыққа жетудің өзі жол ақысы, баланы алып жүру, құжаттарды жинау тәрізді қосымша қиындық туғызады.
– Қазіргі модельде кейде зорлық жасаған адам емес, жәбірленуші үйінен кетеді. Әйел жұмысын, әлеуметтік ортасын, баласының мектебін тастайды. Ал агрессор өз үйінде қалады. Сондықтан агрессорды үйден шығару, оның қозғалысын бақылау және мінез-құлқын өзгертуге бағытталған міндетті бағдарламаларды дамыту қажет. Жазасын өтеп келген адамның бұрынғы мінез-құлқы өзгермесе, қауіпсіз деп айтуға тағы болмайды, – дейді сарапшы.
«Шыда» деген бір ауыз сөз де қауіпті
Тұрмыстық зорлықтың тамыры тереңде жатқан секілді. Өйткені кей тұста «әңгімені сыртқа шығарма», «шыда», «ұят болады» деген түсініктер де жәбірленушінің өзгеден көмек сұрауына кедергі болуы мүмкін.
Сарапшы мұндай ұстанымдар әйелдің ата-анасының үйіне қайту жолын жабатынын, басындағы халді ашық айтуға кедергі келтіретінін және жауапкершілікті агрессордан жәбірленушінің өзіне аударып жіберетінін айтады.
– Ата-ананың үйі қыз үшін бірінші деңгейдегі қауіпсіз орын болуы керек. Қайтып келген қызды кінәламау, «ел не дейді?» деп қайтадан зорлық бар ортаға жібермеу – өте маңызды. Кейде осындай қарапайым қоғамдық өзгерістің өзі құқықтық реформамен тең әсер береді. Үшінші тұлғаның үнсіздігі де зорлықтың жалғасуына жағдай жасайды. Көрші, дәрігер немесе әріптес «бұл – өздерінің отбасылық мәселесі» деп одан сырт айналмағаны жөн, – дейді ол.
Әйгерім Құсайынқызы мәселенің алдын алу үшін жасөспірімдерге қарым-қатынастағы жеке шекара, келісім, психологиялық қысым мен мәжбүрлеп бақылаудың белгілерін мектеп жасынан түсіндіру қажет деп есептейді. Мұндай білім тек қыздарға емес, ұлдарға да бірдей берілуге тиіс.
Телефонды үнемі тексеру, достарымен және туғандарымен араласуға тыйым салу, ақшаны толық бақылауға алу, жүйелі кемсіту, әр жағдайға «өзің кінәлісің» деп айыптау, жүктілік кезінде агрессия таныту – бұлардың барлығы физикалық күш қолданылмай тұрса да, зорлықтың басталғанын білдіруі мүмкін.
Мұндай белгілерді тек отбасы мүшелері ғана емес, мұғалім, мектеп дәрігері, әлеуметтік қызметкер де тани білуі қажет. Ал жоғары тәуекел байқалған жағдайда полиция, прокуратура, сот, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және дағдарыс орталықтары өзара ақпарат алмасып, нақты істі бірлесе қадағалайтын жүйе болғаны дұрыс.
Өйткені зорлық – бір отбасының жабық есігінің ар жағында қалатын жеке мәселе емес. Оның алғашқы белгілерін көріп тұрып елемеу – қауіптің тамыр жаюына мүмкіндік беру. Ал кез келген зәбір шеккен адамның көмек сұрағаны әлсіздігі емес, қауіпсіз өмірге жасалған қадам екенін қоғам түсінгені абзал.
Кез келген адам (қыз болса да, ұл болса да) қауіп төнген жағдайда полицияға, медициналық мекемеге немесе дағдарыс орталығына жүгінгені жөн. Ол үшін «ұят» деген ұғымды жиып қойған абзал. Әйтпесе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдап, көніп жүрген кейбір қыз-келіншектердің өмірінің соңы қайғылы аяқталуы мүмкін.
P.S.
Қоғам қатерлі шекке жақындады. Отбасы құндылықтары төңкерілген қазандай аударылып қалды.
Өзара түсіністік, жарасымды сыйластықтың орнын материалдық құндылықтар алмастыруда. Соның салдары – бір аспанның астында жүрсек те, бір шатырдың астында өмір сүруге дайын болмауға алып келді.
Өмірдің тұйығы – батпақтың ұйығы. Бір батқан соң шығу қиын.
Қабырға артындағы қасіретке қашан тоқтам болады?
Әлде осылай кете бере ме?
Гүлзина БЕКТАС