in

Қазақстандық май өңдеу зауыттары Қытайдағы терең өңдеудің озық технологиясымен танысты

26-30 шілде аралығында Майлы Дақылдарды Өңдеушілердің Ұлттық Қауымдастығы (МДӨҰҚ) Қазақстан делегациясының Қытайдың Хэнань провинциясы Хуасянь қаласында орналасқан Henan Huatai Cereals and Oilseeds Machinery Co (Huatai) компаниясының өндірістік алаңымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Huatai – май өңдеу саласына арналған жабдықтарды өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. Сапар МДӨҰҚ пен Huatai арасында жасалған ынтымақтастық меморандум аясында өтті.

Делегация құрамына МДӨҰҚ өкілдері, Қауымдастыққа мүше тоғыз май өңдеу кәсіпорнының өкілдері, Қазақстанның жетекші ғылыми ұйымдары – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті (ҚазАТЗУ) және Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының (ҚазҚӨТӨҒЗИ) мамандары кірді.

Сапар барысында қатысушылар кәсіпорынның өндірістік қуаттарымен, май өңдеу саласына арналған жабдықтарымен және майлы дақылдарды терең өңдеуге арналған заманауи технологияларымен танысты.
Сонымен қатар қазақстандық кәсіпорындардың өкілдері Huatai басшылығымен перспективті инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша B2B форматындағы келіссөздер өткізді.

Сапардың негізгі іс-шараларының бірі – 28 шілдеде өткен астық және майлы дақылдарды терең өңдеуге арналған озық технологиялар мен интеллектуалды жабдықтар жөніндегі II Қазақстан–Қытай семинары болды.

Семинарды Huatai компаниясы Chinese Cereals and Oils Association ұйымымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға бизнес қауымдастығының, ғылыми ортаның және жабдық өндірушілердің өкілдері қатысты. Ухань политехникалық университеті мен Хэнань технологиялық университетінің жетекші профессорлары сөз сөйлеп, өңдеу өндірістерінің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи ғылыми әзірлемелер мен технологиялық шешімдерді таныстырды.

Семинар аясында ҚазҚӨТӨҒЗИ мен Huatai компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және өңдеу өнеркәсібіне жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді.

МДӨҰҚ-ның мәліметінше, екінші бірлескен семинардың өткізілуі майлы дақылдарды терең өңдеу саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестікті нығайтудың кезекті кезеңі болды. Мұндай өзара іс-қимыл заманауи технологиялардың трансферіне, қолданбалы ғылымның дамуына, отандық кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттыруға және халықаралық өндірістік кооперацияны кеңейтуге ықпал етеді.

Айта кетейік, қазақстандық делегацияның Huatai өндірістік алаңына алғашқы сапары МДӨҰҚ тарапынан 2025 жылы ұйымдастырылған. Тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, іс-шара осы құжат аясында жүзеге асып жатыр.