Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті. Биылғы беделді додаға бес мемлекеттен келген 50 команда қатысып, әскери-қолданбалы спорт түрлері мен зияткерлік сайыстарда бақ сынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының намысын қорғаған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бірнеше сайыс бойынша жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, команда:
* Арқан тарту сайысында І орынды;
* Әскери кросс бойынша І орынды;
* Робототехника сайысында ІІ орынды;
*Әскери эстафетада ІІ орынды иеленді
Бұл жетістіктер қатысушылардың жан-жақты дайындығын, физикалық төзімділігі мен әскери машықтарын ғана емес, сонымен қатар командалық бірлігі мен жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.
«Жас бүркіт» тәрбиеленушілерінің жоғары нәтижелері – жаттықтырушылардың қажырлы еңбегі мен жүйелі дайындықтың жемісі. Сонымен қатар бұл жеңістер жас ұрпақтың әскери-патриоттық рухын нығайтып, Отанға адал қызмет етуге деген ұмтылысын арттыра түсетіні сөзсіз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.