in

Ұландықтар баласын қалай тәрбиелейтінін көрсетті

Маусымның үшінші жексенбісінде Қазақстанда ер адамның отбасындағы, балаларды тәрбиелеудегі және дәстүрлі құндылықтарды нығайтудағы маңызды рөлін көрсететін мереке – Әкелер күні атап өтіледі. Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері үшін бұл күн ерекше маңызға ие, өйткені олар күн сайын тек Отанның ғана емес, өз отбасыларының да қорғаушысы болып келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында 1700-ден астам көпбалалы отбасы бар. Солардың бірі – 5573 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары подполковник Әділбек Болатхановтың отбасы.

🪖Офицер құқықтық тәртіп әскерінің сапында 20 жылға жуық еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанның төрт қаласында қызмет атқарған. Шаңырақ иесі осыған байланысты отбасымен бірге тұрғылықты жерін бірнеше рет өзгертті. Әскери қызметтің қоныс аударуы мен ерекшеліктерінде кездескен барлық қиындықтарға қарамастан, жұбайы сенімді серік боп, жолдасын әрдайым қолдай білді және үйдегі жайлылықты қамтамасыз етті. Өзара түсіністік пен отбасының қолдауы офицердің Отанға қалтқысыз қызмет етуіне мүмкіндік берді.

Әскери қызмет жоғары жауапкершілікті жәнк тәртіпті талап етеді, десек те кейімкеріміз бала тәрбиесінің маңызды міндет болып қала беретініне сенімді.

– Әке болу — үлкен жауапкершілік. Біз балаларымыздың бізге қарап бой түзегенін қалаймыз, олар үшін үлгі болуға тырысамыз. Әскери қызмет маған тәртіп пен табандылықты, ал әке болу — мейірімділік пен шыдамдылықты үйретті, — дейді подполковник Әділбек Болатханов.

6636 әскери бөлімінің сержанты Махамбет Байжігітов отбасына және қызметтік борышына адалдықтың тағы бір мысалы болып табылады. Әріптестерінің арасында ол байланыс маманы және жауапты әскери қызметші ретінде лайықты құрметке ие. Жұбайымен бірге жеті бала тәрбиелеп, отбасының амандығын, ұлдары мен қыздарының жетістіктерін өмірдегі басты жеңісім деп санайды.

 Көпбалалы әке балаларды спорт арқылы тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Қызметтен бос уақытында ол ұлдарын қазақ күресі бойынша жаттықтырады. Перзенттеріне ұлттық дәстүрлерге деген сүйіспеншілікті, тәртіпті, қарсыласын құрметтеуді және жеңісжолында жігерлі болуды үйретеді. Сержанттың айтуынша, спортпен шұғылдану балаларға мінез-құлық пен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көмектеседі.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттің сенімді тірегі бола отырып, өскелең ұрпақтың бойында патриотизм сезімін, еңбекке деген құрмет пен отбасылық құндылықтарға адалдықты тәрбиелейтін қамқор әке болып қала береді.

“Отан қорғаушы = отбасының қорғаушысы”! Бұл көптеген әскери әкелерді тек қызметте ғана емес, күнделікті өмірде де суреттейтін қағида. Дәл осындай әкелер өз балаларына үлгі болып, отбасы институтын нығайтуға және Қазақстанның  болашақ ұрпағын тәрбиелеуге елеулі үлес қосуда.