in

Ұмытылмас Баубек бейнесі

Иә, Баубек Бұлқышев қа­зақ әдебиетінде най­за­ғайдай жарқ етіп өткен талантты жан еді. Оның қысқа ғұмырына тұтас бір дәуірдің қасіреті мен қай­сарлығы сыйып тұр десек, ар­тық емес. Ол небәрі жиырма сегіз жыл ғана өмір сүрсе де, артына отты сөз, өр рух, өлмес ерлік қал­дырды. Бұлқышевтің өмі­рі – оқ пен оттың арасынан туған әде­биеттің тағдыры. Оның шығарма­ларынан жалынды жас­тықтың үні, қайраты, болмысы сезіледі.

Ұлытаудың өрені

Ұлытаудың батыс бауырында дүниеге келген қарапайым қазақ баласының тағдыры аласапыран ғасырмен тұспа-тұс келді. Дала­ның самалын жұтып, кең сахара­ның төсінде өскен бала Баубектің көкірегінде ерте оянған бір сезім болды. Ол – білімге, өнерге, үлкен өмірге деген құштарлық еді. 1935 жылы арман жетегінде Алматыға келген бозбаланың қалтада қар­жысы, арқада сүйеніші болмаға­нымен, жүрегінде үміті болды. Институтқа түсуге білімі жетпе­ген соң, техникалық колледждің даяр­лық курсына оқуға түседі. Бірақ оның жаны техникадан гөрі әдебиетке жақын еді. Газет-жур­налдарға мақалалар жазып, әдеби ортаға араласа бастайды.

Баубек жастайынан сөздің салмағын түсінді. Оның бо­йында жалын бар еді. Сол жа­лын кейін майдан даласында ла­пылдап жанды. Соғыс басталғанда ол қолына қару алып қана қоймай, қаламын да тастамады. Кейбір адамдар оқпен ғана соғысса, Бау­бек сөзімен де, қаруымен де шай­қасты. Оның майданнан жазған мақалалары сол кездегі қазақ жас­­тарының рухын көтерді. Әсі­ресе, «Майдандағы қазақ жасы­ның дәптерінен» атты мақаласы – тұтас бір ұрпақтың жанайқа­йын­дай әсер қалдырған шығарма. Бұл мақаласында жауынгер жазушы: «Менің үстімде қызыл әскер киі­мі, мен армияда жүрген Азия ел­де­рінің ұлымын. Мен – шығыс адамымын, батысқа кетіп барам. Күн де мені қимағандай ұясына қона алмай тұр. Маған көзін тура қадап: «Шығыс ұлы, жолың болсын! Шығысқа жеңіспен қайт! Мен сені Алатаудың аясында қарсы аламын!» деген сөздері өзекті өртейді. 

Бұл мақалаларында Баубек қорқынышты емес, рухты жазды. Ол соғыстың сұмдығын көрсете отырып, адамның жігерін жоғалт­пау керегін айтты. Майдандағы ауыр күндердің өзінде ол адам бойындағы үміттің өлмеуі керегін түсінді. Оның әрбір мақаласының әр жолынан өр мінезі сезіледі: ел үшін күресу – құр міндет емес, намыс екенін ұғындырды.

Баубек Бұлқышевтің шы­ғар­­­маларын оқығанда, оның ерекше романтик болғанын аңғарасың. Ол өмірді шексіз сүй­ді. Жастықты, махаббатты, туған жерді, азат­тық­ты сүйді. Бірақ дәл сол өмір оған ұзақ ғұмыр сыйла­мады. Соғыс оны ерте жалмады. Жиырма сегіз жас… Кей адам бұл жаста өмірдің енді басталғанын сезінеді. Ал Бау­бек сол жасында тұтас бір елдің рухын көтеріп, от­ты сөздерін қа­ламына арқау етті.

Жазушы Әзілхан Нұрша­йы­қов­тың естелігінде: «Өзі пионер газетінде істеп жүріп, қолы сәл бо­сады дегенде маған жетіп ке­летін. Тойған қозыдай толықша келген томпақ, ажарлы ақкөңіл ба­ланы көргенде мейірім түсе қа­латын. Сол кездің өзінде орыс әде­биетін көп оқып, ізденіп жүре­тінін байқайтын едім. Кейде Пуш­кин, Лермонтов өлеңдерін де көзін жұмып алып, жатқа оқитын еді», – дейді. 

Әттең, талантты баланың тағ­дырын сұм соғыс ше­шіп кетті. Оның тағдырындағы ая­нышты тұс та осында. Әдебиет­ке енді ғана қанат қағып келе жатқан жас таланттың өмірі келте қиылды. Егер ол соғыстан аман келгенде, қазақ әдебиетінің алып­тарының біріне айналар ма еді? Бұл – жауабы жоқ сұрақ. Бірақ бір нәрсе анық: жазушы қысқа ғұмы­рында ұзақ өмір сүрген секілді өш­пейтін із қалдырды.

Жазушының жүрек сыры

Баубек Бұлқышев пен жазушы Мұқан Иманжановтың достығы ерекше болған. Майданда жүрген жауынгер көп хаттарын Мұқанға жазып тұрыпты. Баубек соғыста қаза тапқанда, Мұқан Иманжанов тебіреніп, «Қош бол, Шығыс ұлы!» атты әңгіме жазған. 

Мұқанға жазған хатта­ры­ның бірінде жауынгер жа­зушы: «Мұқанжан, іш қазандай қайнайды, уақыт болса өтіп ба­ра­ды. Қол сермейтін кезең – дәл осы кез. Не керек, творчестволық жын булығып тұр. Тұншығып бой көтере алмай жатыр. Қайтерсің. Қайран жиырма бес осылай жын соғып селкілдеумен өтіп жатыр», – дейді. 

Шығармашылық дерт жауын­гердің өне-бойын тұмшалап, ала­сұртып тұр. Жазғысы келеді, май­дан даласы оған мүмкіндік бер­мейді. Сұм соғыста жүріп, жазу­шы отты, ызалы сөз төгуге мәж­бүр болды. Қорқыныш бойын кеу­леген жоқ, одан сайын ширыға түс­ті. Соғыс өрті шынықтыра түс­ті. 1942 жылы «Комсомольская прав­да» газеті «Өмір мен өлім туралы» атты жалынды әңгімесін басты. «Бұл әңгімеде қазақ жасы­ның жүрек сыры, жан күйі тербел­ген еді». 

Бұлқышев туралы айтқанда, біз тек жазушыны емес, тұтас дәуірдің символын еске аламыз. Оның бойында қазақ жасының өрлігі, намысы болды. Ол оқ пен оттың ортасында жүріп те рухани биігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан оның есімі уақыт өткен сайын асқақтай түседі.

Тарихшы Тілеу Көлбаев жа­уынгер жазушының соңғы сәттері туралы тебірене жазған екен. 1944 жылдың көктемінде Баубек қызмет еткен полк Ново-Юльевка селосын жаудан азат ете­ді. Бірақ фашистер берілгісі кел­мей, селоны қайтарып алу үшін қайта-қайта шабуылға шы­ғады. Гвардияшылар төрт дүркін жасалған шабуылды тойтарып, жауды өткізбейді. Ақыры шегінуге мәжбүр болған жау артындағы жолдың бәрін миналап кетеді. Бұл кеңес әскерінің алға жылжуына үлкен кедергі келтіреді.

Сол сәтте аға лейтенант Бау­­бек Бұлқышев бір топ жауынгерді ертіп, миналарды тазартуға кірі­седі. Өліммен бетпе-бет келіп тұр­са да, ержүрек ұл тайсалған жоқ. Жарты сағаттың ішінде олар екі жүз сексен минаны залал­сыз­дандырады. Бұл бір батальон әскерді ажалдан арашалап қалу деген сөз еді. Саперлердің ерлігі арқасында жаяу әскер де, танкілер де, артиллерия да алға жылжуға мүмкіндік алады.

Бірақ тағдырдың жазуы тым қатал еді. Бұлқышев ең соң­ғы, екі жүз сексен бірінші минаны көтеріп ала берген сәтте, жарылып кетеді. Қайран ер сол жерде құлап түседі. Бұл – жа­уын­гер жазушының соңғы минуты, соңғы демі еді. Сол мезетте гвар­дияшылар сүйікті командирінің денесін тік көтеріп алып, жауға қарай алға ұмтылған екен. Бұл көріністе тек қайғы ғана емес, кек те, рух та бар еді. Өйткені Баубек олар үшін жай офицер емес, жү­ректеріне от жаққан рухани же­тек­ші болатын. Оның өлімі жа­уын­герлердің еңсесін түсірген жоқ, қайта қайратын жандырып, кеу­делеріне намыс құйды.

Баубек Бұлқышев майданда жүріп те болашақ туралы көп ой­ланған екен. Оны жазушының мы­на жазбасынан аңғаруға бо­лады. «Менің жастығым адам ба­ла­сының қызметіне берілді. Мүм­кін, мен жастығымды қайыра алмаспын. Бірақ ол босқа кетпей­ді, менен кіші інілерімнің енші­сіне тиеді. Кейінгі жастар, жас інілерім, сендер бақытты жандар­сыңдар. Сендер соғыс дегенді біл­мей өтетін боласыңдар. Біз жас­тығымызды сендердің бақыт­тарыңның жолына құрбан еттік…»

Бұл – жай ғана сөз емес. Бұл – тұтас бір ұрпақтың ама­наты. Соғысқа кеткен қазақ жастарының жүрек сөзі. Олар өз бақытын емес, келешектің ты­ныш­тығын ойлады. Өздерінің жас­тығын оққа байлап, кейінгі буын соғыс көрмесін деп жанын қиды. Баубек сол буынның симво­лына айналды. Оның шығарма­ларында жалған ұран жоқ. Әдемі сөз үшін айтылған пафос та жоқ. Онда жүректен шыққан шындық бар. Сондықтан Бұлқышевтің мақалалары бүгін де ескірмейді. Өйткені адамзат үшін Отан, ерлік, ар, намыс деген ұғымдар ешқашан көнермейді.

Қазір біз бейбіт күнде өмір сүріп отырмыз. Таңертең алаңсыз оянып, кешке тыныш ұйықтай­мыз. Ба­лалар күлкісі естілетін бей­қам өмір кешіп жатырмыз. Бірақ сол ты­­ныш­тықтың артында Баубек Бұл­қышев секілді қаншама боздақ­тар­дың төгілген қаны, үзілген арманы жатқанын ұмыт­пауымыз керек.

Жауынгер жазушы қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешті. Бірақ ол артына ғасырлық мұра қалдырды. Кей адамдар ұзақ өмір сүріп, артында із қалдырмай кете­ді. Ал кейбір адамдар аз ғана ғұ­мырын­да мәңгілікке айналады. Баубек Бұлқышев – сондай мәң­гілік тұл­ғалардың бірі десек, қа­телеспейміз. Оның есімі уақыт өт­кен сайын биіктей береді, биік­тей береді…

ТАҚЫРЫПТЫҢ ТҮЙІНІ:

Оның есімі ұмытылмайды. Кезінде Қазақстан Журналистер одағы жас публицист журналис­­терге арнайы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлық белгілеген еді. Тәуелсіздік алғанға дейін осы сый­­­лық тұрақты түрде беріліп тұр­ды. Одақ жеке адамдардың қолына өткеннен кейін тоқтап қалды…

Бәлкім, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі «Дарын» сыйлығының журна­­листерге ар­налған номинация­­­­­сын Баубек Бұл­қышев атына белгілесе, олқы­лық­тың орны толар ма еді?!.

Айна ХАСАН