in

Сырдың соңғы солдаты

Бүгінде Сыр өңіріндегі бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып жүрген соңғы майдангер – Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде тұратын Яхия Тасыров ақсақал. 

Ғасырдан асқан тұлға

Ғасырдан асқан ғұмыр иесі бү­гінде 105 жасқа толып отыр. Ел­дің ақ батасын алып отырған абыз қарияның айтары аз емес. Оның өмір жолы ерлік пен елдік­ке, төзім мен табандылыққа толы.

Яхия Тасыров Тереңөзек ау­да­нындағы Ақтүйе ауылында дү­ние­ге есігін ашады. Балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңмен тұс­па-тұс келді. 1930 жылдардағы ашар­шылық нәубеті олардың от­басына да оңай тимеді.

Әкесінен ерте айырылған бала Яхия анасының қамқорлығымен өсті. Заманның қиын-қыстау ке­зеңінде тағдыр тауқыметін тарт­қан ана екі баласын ертіп Таш­кент­ке қоныс аударады. Сол жер­де болашақ майдангер еңбекке ара­ласа бастайды. Алдымен Таш­кенттегі училищені ойдағыдай бі­тіріп, кейіннен тоқыма фабри­ка­сына жұмысқа орналасады. Жас­тайынан еңбек ерте есейтіп, маңдай термен нан табуға ма­шық­танады.

1941 жылы соғыс өрті тұтан­ғанда Яхия Тасыров та көппен бірге Отан қорғауға аттанады. Со­ғыс өртінің шырмауында қал­ған кезеңде ол алдымен Фрунзе аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақы­ры­лып, Омбыдағы әскери дайындық курсынан өтеді. Кейін Сталинград майданына жіберіліп, тарихтағы ең қанды шайқастардың біріне қатысады. 

Жас сарбаздың алғаш кезден көрмегені жоқ. Майдан даласында окоп қазып, танкіге қарсы орлар жа­сап, жаумен бетпе-бет шайқас­қа түседі. Бір сөзбен айтқанда, оның майдан даласындағы әр күні өлім мен өмірдің арпалысына толы болды.

Қарт майдангер сол бір ауыр күндерді әлі күнге дейін есінен бір сәтке шығарған емес. Оның ай­туынша, соғыс адам баласына тек қайғы мен қасіретті күндерімен ғана есте қалатын ең қорқынышты кезең болып саналады. 

Сол уақытта соғыс өрті көпте­ген жазықсыз тағдырды талқан­дап, талай шаңырақты ортасына түсірді. Ақ жаулықты аналарды жа­рынан айырып, жесір етсе, көптеген бейкүнә бүлдіршінді әкеден айырып, жетім етті. Талай шаңырақты шайқалтты. Қария ол кезеңді тек адамзат тарихында қа­сіретті сәттерімен ғана есте қал­ғанына қынжылыс білдіреді.

Бозбала сәті оқ пен оттың ор­тасында өткен оған Сталин­град­тағы шайқастарда талай қарула­сының қаза болғанын көру оңай соқпады. Бұл жас жауынгер үшін өте ауыр соққы болды. Бірақ сол уақытта қолына қару ұстаған әр­бір жауынгерді елге деген сүйіс­пеншілік пен жеңіске деген сенім алға жетеледі.

Кейін Яхия Тасыров Курск до­ғасындағы шайқастарға да қа­тысады. Майдан даласында жауынгер станокты пулеметтің оқтаушысы болыпты. 

Яхия талай мәрте неміс танк­тері мен артиллериясының жой­қын шабуылдарына қарсы тұрған. Соғыс даласында алғаш рет осы ұрыста жараланыпты. 

Кезекті бір соғыс сәтінде жау оғы қолын жанап өтіпті. Қатты жараланған оны госпитальға жі­бергенде, өз майдандастарынан қа­лыс қалып қойғанына қын­жы­лып, жылаған сәті қарт солдаттың әлі күнге дейін есінен кеткен емес. Ардагер сол сәтті күні ке­шегідей жиі еске алады. Бұл оның Отан алдындағы жауапкершілікті қаншалықты терең сезінгенін көрсетсе керек.

Жарақаты жанына қатты батса да, ел алдындағы азаматтық па­рызы мен майдандастарынан жы­рақта қалғаны жігерін жасы­тпапты. Есесіне жарақатынан тез айығып, соғыс даласына қайта оралуға асығады. 

Жаужүрек жауынгер Берлинге жақын маңдағы шайқастардың бірінде екінші рет ауыр жарақат алады. Бұл жолы наряд жарық­ша­ғы екі аяғына бірдей тиіп, әскери ұшақпен Мәскеуге жеткізіледі. Алты ай бойы госпитальда ем қабылдаған майдангердің аяғын дәрігерлер аман алып қала алды. Алайда сол бір жарақаттан кейін бір аяғындағы оқ жарықшағы әлі күнге дейін сақталып қалыпты.

Қарт жауынгердің майдан даласында көрсеткен көзсіз ерлігі ескерусіз қалмады. Соғыс кезінде көрсеткен ерен ерлігі үшін «Қы­зыл  Жұлдыз» орденімен марапат­талып, сержант атағын алады. Со­нымен қатар І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ер­лігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградта­лыпты. Көзсіз еріктің үлгісіндей болып, кеудесі медальға толы. Бұл марапаттар қанқұйлы кезеңде жүріп өткен жолының белгісі, елі үшін жасаған ерен еңбегінің айғағы десек қателеспейміз.

Көптеген майдангер секілді ол да Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сол жерде қарсы алуды армандаған екен. Алайда ауыр жарақат сал­да­рынан Мәскеу госпиталінде жат­қанда Германияның толық тізе бүккені туралы хабарды естиді. Бұл қуанышты сәт оның жадында мәңгі сақталған.

1946 жылдың қыркүйегінде туған жеріне оралған Яхия ақсақал бейбіт өмірге араласып, ел игілігі үшін еңбек етеді. Ұзақ жылдар Те­реңөзектегі астық қабылдау пунк­тінде жұмыс істеп, ел эконо­микасының дамуына үлес қосады. Қай салада жүрсе де адалдық пен еңбекқорлықты ту еткен майдан­гер айналасына сыйлы болды.

Ардагер отбасын құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ба­қытты ата. Ел-жұрты оны мейі­рім­ділігі, қарапайымдылығы және жанашырлығы үшін ерекше құр­меттейді.

Ғасырлық тарихы бар тағы­лымды өмір жолынан өткен Яхия Тасыров қоғам өмірінен де шет қалған емес. Ол жастармен жиі кездесіп, соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп жүреді. Жас ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін, Отанды сүюдің маңызын түсіндіруден әсте шаршаған емес.

Яхия ақсақал ешқашан атақ қуып, өзін алға шығарған адам емес. Ол майдандағы ерліктері туралы көп айта бермейді. Алайда оның өнегелі ғұмыры нағыз ба­тырлықтың үлгісі көрсетеді. 

Соғыс салған сүрлеу

Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі сана­лады. Сол бір 1941-1945 жылдары болған сұрапыл майдан талай адам­ның өмірін жалмап кетті. 

Өзге елдермен қатар бұл ала­пат соғыс қазақ даласына да ауыр зардабын тигізді. Соның ішінде ел басына күн туған шақта Сыр өңі­рінің азаматтары да қолына қару алып, Отан қорғауға аттанды. Май­дан даласындағы жанқияр­лық ерлік пен тылдағы тынымсыз еңбек арқылы сырбойылықтардың Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз болды.

Соғыс басталған алғашқы күннен-ақ Қызылорда облысында әскери комиссариаттар жанынан әскерге шақыру жұмыстары қар­қынды жүргізіледі. Тіпті, жас жі­гіт­термен қатар өз еркімен ел аға­­лары да майданға сұранып барыпты.

Тарихи дерекке сүйенсек, сол кезеңде Сыр өңірінен 70 мыңға жуық азамат соғысқа аттанған. Олардың арасында ауыл еңбек­керлері, мұғалімдер, дәрігерлер, теміржолшылар, студенттер мен өнер адамдары да болыпты. Өкі­нішке қарай, сол азаматтардың жар­тысына жуығы туған жерге қай­та оралмаған. Бұл әр ша­ңы­рақ­қа қайғы әкелген ауыр қасірет еді.

Сыр бойынан шыққан жауын­герлер Кеңес әскері құрамында Мәскеу түбіндегі шайқаста, Ле­нин­град қоршауында, Сталинград майданында, Курск доғасындағы қанды ұрыстарда ерекше батыл­дық танытты. Олар жауға қарсы жан аямай шайқасып, қайсарлық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Көптеген жауынгердің ерен еңбегі еленіп, орден-медальдармен ма­ра­патталып, ел мақтанышына айналды. Осылайша, соғыста ер­лікпен қаза тапқан боздақтардың есімі туған жер тарихында мәңгі сақталып қалды.

Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласымен қатар тылдағы еңбек те орасан маңызға ие болды. Майданға кеткен ер-азаматтардың орнын қарттар, әйелдер мен ба­лалар алмастырды. Олар таңның атысы, күннің батысына дейін егіс даласында, мал шаруашы­лығында, өндіріс орындарында аянбай еңбек етті. Елдегі барлық күш майдан қажетін өтеуге ба­ғытталды.

Сыр диқандары өндірген күріш сол жылдары майдандағы жауынгерлер үшін аса маңызды азықтың бірі болды. Диқан қа­уымы ауа райының қолайсызды­ғына, техниканың тапшылығына қарамастан, мол өнім алуға күш салды. Әйелдер кетпен шауып, су тасыды, егін екті. Балалар да ең­бекке ерте араласып, үлкендерге қолғабыс болды. Соғыс жыл­да­рын­дағы осындай халықтың тө­зімі мен бірлігі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге болып жетіп отыр.

Негізі, Қызылорда өңірі соғыс жылдары тек азық-түлікпен ғана емес, мәдени және өндірістік тұр­ғыдан да майданға қолдау көр­сеткені айтылады. Аймаққа эва­куацияланған зауыттар мен өнер ұжымдары орналастырылған. Олар өндіріс жұмысын жалғас­тырып, майдан қажеттіліктерін өтеуге атсалысқан. Театр және өнер адамдары жауынгерлерге рухани қолдау көрсету мақсатында ұдайы концерттер ұйымдастырып тұрыпты.

Соғыс кезінде халық арасында патриоттық рух ерекше жоғары мәнге ие болды. Ел ішінде «Бар­лы­ғы майдан үшін, барлығы Же­ңіс үшін!» деген ұран кең тарады. Қа­­­рапайым халық қолындағы барын майданға жіберіп отырды. Әйелдер жылы киім тоқып, қа­риялар бата­сын беріп, аналар ұлдарын Жеңіс үшін аттандырды. Бұл кезең ха­лық­тың ауызбіршілігі мен рухы­ның мықтылығын көрсетсе керек.

Сыр өңірінен шыққан көпте­ген майдангер елге оралған соң да халық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Олар соғыстан кейінгі қиын кезеңде елді қалпына келтіру жұмыстарына белсенді араласты. Ардагерлер жастар тәр­биесіне көңіл бөліп, ерлік пен елдіктің озық үлгісін кейінгі ұрпаққа насихаттады.

Бүгінде майдангерлердің қа­тары сиреп барады. Уақыт өт­кен сайын соғыс куәгерлері азайға­нымен, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Қазір өңірде арда­герлерге құрмет көрсету, ескерт­кіш­терді жаңғырту, тарихи дерек­терді жинақтау жұмыстары тұ­­­­­­рақты түрде жүргізіліп келеді. Мек­теп қабырғаларының да ерлік сабақ­­­­та­ры тұрақты түрде ұйым­дас­тыры­лып, жас ұрпаққа батыр­лардың өмір жолы насихатталып жүр.

Қалай дегенде де, соғыс сүр­леуі оңай болған жоқ. Жеңіс жолы батыр бабалардың қаны мен ана­лардың көз жасымен жетті. Сон­дықтан сұрапыл соғыс жыл­да­рында Сыр өңірінің де тарихы қатпарлары жатыр. Ал оны ұлық­тау, ел үшін жанын қиған боз­дақ­тардың есімін әрдайым құрметтеу кейінгі ұрпақтың басты парызы болып қала бермек. Сол себепті Сыр өңірінің майдангерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі әрдайым ел жадында сақталады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы