АҚШ президенті Дональд Трамп елдің батыс жағалауындағы ірі қала Портлендке, сондай-ақ Иммиграция және кедендік бақылау қызметінің (ICE) нысандарына әскер жіберу туралы бұйрық берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.bbc.com сайтына сілтеме жасап.
«Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің өтініші бойынша мен соғыс министрі Пит Хегсетуге соғыс азабын тартқан Портлендті және Антифа мен басқа да ішкі террористердің қоршауындағы ICE нысандарын қорғау үшін барлық қажетті әскерді жіберуді тапсырдым», – деп жазды Трамп Truth Social платформасында.
«Қажет болған жағдайда толық күш қолдануға да рұқсат етемін», – деп қосты Трамп. Алайда ол әскердің қандай қарумен жабдықталатынын нақтыламады.
Лос-Анджелес, Вашингтон және Мемфистен кейін Портленд президент әскер жіберген АҚШ-тағы төртінші қала болмақ.
«Портлендте ұлттық қауіпсіздікке ешқандай қауіп жоқ. Халық тыныш әрі қауіпсіз жағдайда», – деді Орегон штатының губернаторы Тина Котек. Сенбі күні өткен баспасөз мәслихатында ол «кез келген әскер кіргізу билікті асыра пайдалану болып саналады» деп мәлімдеді және Орегонның бас прокуроры Дэн Рейфилдпен «қарымта шаралар қажет пе, жоқ па?» деген мәселені анықтау үшін бірлесіп жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Қажет болса, әрекет етуге дайын боламыз», – деп қосты Котек.
Портленд мэрі, Демократиялық партия өкілі Кит Уилсон да бұған дейін Трамптың өз қаласына әскер кіргізу жоспарына қарсы шыққан еді.
«Мен федералды биліктің араласуын сұраған жоқпын, оған еш қажеттілік жоқ», – деген еді ол.
Портлендте бірнеше ай бойы Трамп әкімшілігінің кең ауқымды деп сипатталған заңсыз иммигранттарға қарсы қатаң шараларына наразылық ретінде жергілікті ICE кеңсесінің алдында наразылық акциялары өтіп келген.
Трамп өз жазбасында Ұлттық гвардияны ма, әлде АҚШ-тың тұрақты қарулы күштерін бе қолданатынын нақтыламады және «толық күш» дегеннің не екенін де түсіндірген жоқ.
Сенбі күнгі Трамптың мәлімдемесі Техастағы қайғылы оқиғадан бірнеше күн өткен соң жасалды. Ол жерде ICE нысанында болған атыс салдарынан екі адам қаза тауып, бір адам ауыр халде ауруханаға түскен еді.