Aikyn.kz қоғамдық орындарда қойылған камераларға байланысты алаңдаушылықты bgr.com сайтындағы материалға сүйеніп бағалайды.
Бастапқыда жолдағы көліктердің нөмірлерін автоматты түрде анықтайтын камералар бүгінде АҚШ-тағы ең ірі цифрлық бақылау желілерінің біріне айналып отыр. Flock жүйелері АҚШ-тың 12 мыңнан астам қаласы мен елді мекенінде қолданылады. Компанияның камералары тек көлік нөмірлерін ғана емес, көліктің маркасын, түсін, зақымдарын, қосымша жабдықтарын және қозғалыс бағытын тіркейді. Тіпті, велосипедтер де жүйенің бақылауынан тыс қалмайды.
Компания бұнымен де шектелмейді. Flock жасанды интеллект арқылы жаяу жүргіншілерді анықтайтын бағдарламаларды, төтенше жағдайларға жауап беретін дрондар мен дыбысты талдайтын арнайы құрылғылардың қызметін де ұсынады. Мысалы, Raven жүйесі атыс дыбыстарын, жол апаттарын және басқа да «қауіпті дыбыстарды» анықтап, құқық қорғау органдарына хабарлама жібереді.
Компания бұл технологияларды қоғамдық қауіпсіздікті күшейтудің құралы ретінде таныстыруда. Шын мәнінде, жоғалған адамдарды іздеу, ұрланған көліктерді анықтау немесе қылмыскерлерді ұстау сияқты жағдайларда жүйе тиімді нәтиже көрсетіп келеді. Бірақ сыншылар мәселенің екінші жағына назар аударуда.
Flock жүйесінің ерекшелігі – деректерді тек жинап қана қоймай, оларды ұлттық деңгейде біріктіріп, іздеуге мүмкіндік беруінде. Құқық қорғау органдары белгілі бір адамды немесе көлікті сыртқы белгілері бойынша іздей алады. Мысалы, «қызыл сөмкесі бар әйел» немесе «көк жейдедегі ер адам» деген сипаттамалар арқылы жүйе үлкен көлемдегі бейнематериалдарды талдайды.Осыған байланысты азаматтық құқық қорғаушылар алаңдаушылық білдіруде. Electronic Frontier Foundation және басқа ұйымдардың мәліметінше, жүйе кейбір жағдайларда наразылық акцияларына қатысушыларды бақылау, аборт жасатты деп күдікке ілінген әйелдерді іздеу және иммиграциялық рейдтерді ұйымдастыру мақсатында қолданылған.
Сарапшылардың пікірінше, басты қауіп технологияның қазіргі қолданылуында емес, оның болашақтағы мүмкіндіктерінде. Бір рет құрылған бақылау инфрақұрылымы кейін кез келген саяси немесе әкімшілік мақсатқа пайдаланылуы ықтимал.
Flock өз тарапынан құпиялылықты қорғау шараларын енгізгенін мәлімдеуде. Әрбір іздеу әрекеті тіркеледі, заңсыз сұраныстарға шектеу қойылады және аудит жүйелері жұмыс істейді. Дегенмен сыншылар бұл бақылау механизмдерінің өзі де адами факторға тәуелді екенін айтады.
Flock төңірегіндегі пікірталас әлемнің көптеген мемлекеттерінде де бар. Мемлекеттің қауіпсіздігі үшін азаматтардың жеке өміріне қаншалықты бас сұғуға болады? Жасанды интеллект негізіндегі бақылау жүйелері қылмыспен күресті жеңілдететіні рас. Бірақ олар бір мезетте бұрын-соңды болмаған жаппай бақылау да жүргізе алады.