in

Иран ядролық шектеулерден ресми түрде бас тартты

Иран БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен енгізілген ядролық бағдарламаға қатысты шектеулерден ресми түрде бас тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ядролық қарудың таралуына жол бермеуді көздеген Иранмен жасалған халықаралық келісім ресми түрде тоқтатылды. Тегеран он жылдық құжаттың күшін жойғанын мәлімдеді.

Иранның Сыртқы істер министрлігі сенбі күні Тегеран енді 2015 жылы қабылданған «Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарының» (БЖІҚЖ) шарттарын орындауға міндетті емес екенін хабарлады. Бұл келісім бойынша Иран өз ядролық бағдарламасын шектеуге келіскен, ал халықаралық қауымдастық санкцияларды алып тастаған еді.

Министрліктің мәлімдемесінде енді «2015 жылғы келісімнің барлық ережелері, соның ішінде Иранның ядролық бағдарламасына қойылған шектеулер мен оған қатысты тетіктер тоқтатылған деп есептеледі» делінген. Сонымен бірге, Иран дипломатияға адалдығын сақтайтынын атап өтті.

Венада Иран, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей және АҚШ арасында жасалған бұл келісім ұзақ жылдарға созылған дипломатиялық шиеленісті тоқтатып, Иран мен Батыс арасындағы жаңа кезеңнің басталуын мақсат еткен еді. Келісім мерзімі 18 қазанда аяқталды, алайда іс жүзінде ол соңғы бірнеше жылда дағдарыс жағдайында болған.

2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің алғашқы мерзімі кезінде елін келісімнен біржақты түрде шығарып, санкцияларды қайта енгізіп, еуропалық одақтастарын ашуландырған болатын. Осыдан кейін Тегеран өз ядролық бағдарламасын белсенді түрде дамыта бастады.

Еуропа басшылығымен жүргізілген келісімді қайта жандандыру жөніндегі келіссөздер сәтсіз аяқталды. Биыл жазда Израиль мен АҚШ-тың Иран аумағын бомбалауы бұл үмітті тіпті жойып жіберді.

Маусым айында Иран парламенті Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты тоқтату туралы заң қабылдады – бұл келісімнен біржолата бас тартудың тағы бір қадамы болды.

Бұған жауап ретінде Ұлыбритания, Германия және Франция санкцияларды қайта енгізу рәсімін бастады. Бұл Иран өз міндеттемелерін бұзған жағдайда БҰҰ шектеулерінің автоматты түрде қайта күшіне енуін қарастырады.

Осылайша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарары қабылданғаннан кейін тура 10 жыл өткен 18 қазан «тоқтату күні» деп жарияланып, келісімнің ресми түрде ыдырауын бекітті.

27 қыркүйекте БҰҰ Иранға қарсы қару-жарақ жеткізуге және басқа да салаларға қатысты эмбарго мен санкцияларды қайта енгізді. Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздер нәтиже бермеген соң мұндай шаралар қолданылатынын мәлімдеген.

 

Сол күні The Washington Post газетi Иран Натанз ядролық кешенінің маңындағы құпия жерасты нысанда құрылыс жұмыстарын жеделдеткенін хабарлады. Бұл АҚШ пен Израильдің Иранның негізгі ядролық инфрақұрылымын бірнеше ай бұрын қиратқаннан кейін болған.