Америкалық CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz күтпеген жерден 4 трлн доллар тапқан компания қаржысын қайда, қалай жұмсап жатқанын түсіндіреді.Nvidia-ның нарықтық құны – 4,28 триллион доллар. Бұл – 12 нөлі бар сан!!! Фото ixbt.com сайтынан алынды. Авторлығы: DALL-E генеративті ЖИ
Бүгінгі басты әрі жолы болғыш кейіпкер – Nvidia. Ол бір түннің ішінде графикалық процессорлардың басты тұтынушысы геймерлер ғана жақсы білетін компаниядан, жасанды интеллектінің өзегінде тұрған чип өндірушісіне айналды.
2023 жылы Nvidia компаниясы 1 триллион долларлық бағалаудың шегіне жетті. Екі жылдан кейін оның нарықтық капитализациясы 2 триллион да, 3 триллион да емес, 4,28 триллион долларды құрады. Бұл – 12 нөлі бар сан!!!
Бөтеннің қалтасындағы ақшаны санау ыңғайсыз болса да, CNBC телеарнасы «компания өз ақшасын қалай пайдаланып жатыр?» деген сұрау тастаған. Кейбір адамдарға долларлық банкноттарға шомылу – өмірдегі ең үлкен рақат, ең басты мақсаты мен арманы болуы мүмкін. Бірақ өзін сыйлайтын кез келген бас директор мен инвестор қолма-қол ақша дамудың, табыс пен пайданың тежегішіне айналатынын жақсы біледі.
Әлемнің ең бай компаниясы Nvidia қаржысын аса ірі көлемде оңды-солды жұмсап жатқан жоқ. Дегенмен ол жасанды интеллектпен айналысатын басқа компаниялардың үлестерін сатып алып, олармен ынтымақтастық орнатып келеді. Осылайша, бүкіл ЖИ саласының ортасында ұзақ уақыт тұрақтағысы келеді.Сәрсенбі күні (17 қыркүйек) компания өзінің бұрынғы бәсекелесі Intel-ге 5 миллиард доллар көлемінде ауқымды инвестиция салатынын мәлімдеді. Осы мәміле арқылы екі чип өндірушісі серіктестіктің жаңа деңгейіне шықпақшы.
Сол күні-ақ жасанды интеллект саласындағы стартаптың бас директорын жұмысқа алу және оның технологиясын лицензиялау үшін Nvidia шамамен 1 миллиард доллар жұмсағаны туралы жаңалық тарады. Ал сейсенбі күні (16 қыркүйек) чип өндіруші Ұлыбританияға 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатынын хабарлады. Бұл қаражаттың бір бөлігі Тұманды Альбионда 120 000 Blackwell чипін орналастыруға жұмсалады.
OpenAI және Anthropic пен DeepSeek секілді компаниялар «компьютерлермен сөйлесу» деген тағы бір дүрлігуді бастап кетті. Бірақ мамандар бұндағы адам мен компьютер арасындағы тікелей байланысты «аппараттық қамтылыммен (hardware)» түсіндіруде. Бұл Nvidia компаниясы нарықтағы көшбасшылығын сақтай алса, қолындағы ақшасы одан да көбейе түседі дегенді білдіреді. Қандай керемет «мәселе»!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.