in

Үндістанда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 133 адам қаза тапты (видео)

Үндістанда 242 жолаушы мінген Air India әуе компаниясының ұшағы тұрғын үйлер орналасқан аумаққа құлады. Борт Лондон қаласына бет алған, алайда Гуджарат штатындағы Ахмедабад әуежайынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ұшақ көкке көтерілген соң, пилот бір минуттың ішінде диспетчерге апат сигналын жіберіп үлгерген. Диспетчерлік қызмет бірден ұшақ командирімен байланыс орнатуға тырысқанымен, нәтиже шықпаған. Араға аз ғана уақыт салып, әуе кемесі Ахмедабад қаласындағы Меганинагар ауданында құлаған.

Ұшақ құлар сәтте ағаштардың басын шалып өткен, ал оның артқы бөлігі тұрғын үйлердің біріне соғылған. Соққы салдарынан ғимараттардың бірінде өрт шықты.

News18 мәліметінше, ұшақ бортында 242 адам болған. Қазіргі мәлімет бойынша 133 адам қаза тапқан.

Жарияланған тізімге сәйкес, апатқа ұшыраған Boeing 787-8 Dreamliner ұшағында негізінен Үндістан мен Ұлыбритания азаматтары болған. Сонымен қатар, бортта Португалия және Канада тұрғындары да отырған.

NDTV телеарнасының дерегінше, кейбір жолаушылар ауруханаға жеткізілуде.

Апатқа қатысты ресми мәліметтер мен зардап шеккендер туралы толық ақпарат әлі нақтылануда.