Қытай Халық Республикасы АҚШ туы астындағы кемелерге арналған арнайы порттық алым енгізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл шешім 2025 жылдың 14 қазанынан бастап күшіне енеді және Қытайдың айтуынша, халықаралық теңіз нарығында әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚХР Бас кеден басқармасының ресми өкілі Люй Далян бұл шараны «Вашингтонның протекционистік және біржақты саясатына жауап ретінде қабылданған қажетті қадам» деп атады. Оның айтуынша, АҚШ енгізген теңіз саласындағы шектеулер мен алымдар Қытай кәсіпорындарына қысым жасауға бағытталған, сондықтан Бейжің өз мүддесін қорғау үшін қарсы шара қолдануға мәжбүр болған.
«Қытайдың контршаралары — біздің салалар мен компаниялардың заңды құқықтарын қорғауға және халықаралық теңіз тасымалы мен кеме жасау нарығында әділ бәсекелестікті қолдауға арналған. Біз АҚШ тарапынан жасалған дискриминациялық әрекеттерге төзбеушілік танытамыз», — деді Люй Далян.
Шенеуніктің айтуынша, Қытай тарапы Америка Құрама Штаттарын өз қателіктерін мойындап, өзара түсіністік пен диалог жолына оралуға шақырады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, АҚШ азаматтарына тиесілі немесе олардың үлесі 25 пайыздан асатын кемелер, сондай-ақ АҚШ-та салынған барлық кемелер Қытай порттарына кірген кезде арнайы алым төлейді. Алым мөлшері бастапқыда 400 юань (шамамен 56 доллар) көлемінде белгіленген, ал алдағы үш жылда кезең-кезеңімен 1 120 юаньға (157 доллар) дейін өседі.
Бейжің бұл қадамды өз өндірісін және теңіз саласын қорғау үшін қажет деп санайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім Қытай мен АҚШ арасындағы экономикалық және сауда қатынастарының шиеленісін одан әрі күшейтуі мүмкін.