in

Ыстамбұлда ұлы Абайды ұлықтады

Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы және ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Ыстамбұл қаласында ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Мерекелік бағдарлама аясында Абай шығармашылығына арналған арт-көрме, мәнерлеп оқу челленджі және эссе байқаулары өткізілді. Шараға Ыстамбұлда білім алып жатқан қазақстандық жастармен қатар, түрлі ұлт өкілдері де белсенді қатысып, ұлы ойшылдың шығармаларын заманауи көзқараспен зерделеп, өз туындыларын ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылғандар мен белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

Сонымен қатар түрік тарапының ұсынысына сәйкес Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен Сұлтанғази ауданындағы Абай Құнанбайұлы атындағы лицейде Ұлы ақынды Түркияда кеңінен таныту мен дәріптеу мақсатында жыл сайын өтетін «Абайды тану» атты шығармашылық конкурсы екінші мәрте ұйымдастырылды.

Шығарма жазу байқауына 400-ден астам аталған оқу ордасында білім алатын түрік оқушылары қатысып, мектеп мұғалімдері, ата-аналар және белсенді қандастардан құралған арнайы комиссия ең үздік 16 шығарманы таңдады.

Кештің сахналық бағдарламасы екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде Абайдың балалық шағы, ауыл өмірі, ертегі арқылы берілген рухани тәлім, жас Абайдың ішкі ізденістері мен шығармашылыққа бет бұрысы сахналық көріністер арқылы бейнеленді. Ал екінші бөлімде Абайдың танымал өлеңдері мен әндері музыкамен, бидің және поэзияның үйлесімімен көркем сахнада ұсынылды.

Іс-шараға Ыстанбұл қаласының билік өкілдері, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі, Түркияның беделді жоғары оқу орындарының басшылары, қазақ диаспорасының мүшелері, сондай-ақ түрік университеттерінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.

Аталған мәдени бастама Абай мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттап, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.