Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы, философы және жазушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен қазақ диаспорасы өкілдерінің, Ыстамбұл қаласының зиялы қауымы мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен еске алу және мәдени кездесу шарасы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Шара дәстүрлі түрде Зейтінбұрны ауданындағы Абай алаңында өтті. Жиналған қауым Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы ойшылдың рухына тағзым етті.
Бас консул Нуриддин Аманқұл өз сөзінде Абай Құнанбайұлының мұрасы – қазақ ұлтының рухани тірегі, ұлттық сана мен құндылықтардың негізі екендігін атап өтіп, Абай мұрасының қазіргі заман үшін маңыздылығы мен оның тәлімдік-адамгершілік қағидаттарының қоғам дамуына қосар үлесі кеңінен қамтылғанын еске салды.
Басқосу барысында Ыстамбұлдағы қазақ диаспорасының белсенді мүшелері сөз алып, соңғы жылдары жүзеге асырылған мәдени, білім беру және жастарға бағытталған жобаларға тоқталды.
Сонымен қатар алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған бастамалар таныстырылып, жұртшылықтың ұсыныстары тыңдалды.
Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптеуге, өскелең ұрпақты ұлы тұлғалардың өнегесімен тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам екенін айтты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.