in

Тұрғын үйлерге күн сайын үш сағат тегін электр энергиясы беріледі

Aikyn.kz энергияны тегін таратудың өндірістік, экономикалық себептерін zmescience.com сайтына сілтеме жасай отырып түсіндіреді.

Климаттың өзгеруімен күресті, жаңартылатын энергияны жаһандық деңгейдегі алаяқтық деп санайтындар бар. Дәл осы «алаяқтық» деп сипатталатын жүйе жақын арада миллиондаған аустралиялықтарға күн сайын кемінде үш сағат тегін электр энергиясын ұсынуы мүмкін. Бұл үшін үйде күн панельдерінің болуы да міндетті емес.

Үкімет жоспарының басты мақсаты – тұрғындарды күндізгі уақытта көбірек энергия тұтынуға және кешкі уақытта тұтынуды азайтуға ынталандыру.

Аустралия күн энергиясын мол өндіретін өзге де мемлекеттер секілді бірқатар энергетикалық дилеммаға тап болды. Күн энергиясы тұрақсыз сипатқа ие. Күндіз көп өндіріледі, ал түнде мүлдем жоқ. Сондықтан күндізгі энергияны жинайтын, сақтайтын аккумуляторлық құрылғылар жаңартылатын энергетиканың басты шектеуіне айналған.

Аптаның жұмыс күндері тұрғындардың көбі үйде болмайды. Күндізгі уақытта энергия тұтыну деңгейі төмен. Ал кешке қарай күн батып, күн панельдері жұмысын тоқтатады.

Осы кезде миллиондаған адам жұмыстан келіп, үйлерінде жарық, салқындатқыш, жылытқыш немесе пештерін қосып, электр желісіне төтенше жүктеме түсіреді. Энергияның түнгі тапшылығы көбінесе көмір және газ негізіндегі қымбат электр стансалары арқылы өтеледі.

Енді жаңа бағдарламаға сәйкес, аустралиялықтар күндізгі уақытта кемінде үш сағат тегін электр энергиясын пайдалана алады. Бұл үшін олар тіркеліп, «ақылды есептегіш» орнатуы керек. Бұндай құрылғылар қазір көптеген үйлерде орнатылған. Осыдан кейін үйінде күн панелі болмаса да, олар электр қуатын тегін ала алады.

Жаңа бағдарламаға сәйкес, тұрғындар күндізгі уақытта 3 сағат бойы электр энергиясын тегін пайдаланады. Иллюстрация livejournal.com желісінен алынды. Авторлығы: dbalimov аккаунты

Бүгінде Аустралияда 4,2 млн үй шаруашылығы күн панельдері арқылы энергия алады. Бұл жаңартылатын энергия тұтынушылардың шығындарын азайтып, төлемдерді шамамен 20%-ға төмендетеді. Алайда энергияны сақтау құнының жоғары болуы мен күннің белсенді уақытында тұтынудың аздығынан, материк өзінің күн энергиясы әлеуетін толық пайдалана алмай отыр.

Үкіметтің энергетикадағы жаңа саясаты «үйрек қисығы» деп аталатын құбылысты шешуге бағытталған. Бұл – желілік операторлар қолданатын термин. Ол электр энергиясына сұраныстың күндіз төмендеп, кешке күрт өсуін білдіреді. Күндізгі тұтынудың төмендігі «үйректің қарны» деп, кешкі уақыттағы жүктеменің өсуі – «үйректің мойны» деп аталды.

Үкімет тұтынуды күндізгі уақытқа ауыстыру арқылы бұл қисықты тегістеуді, сөйтіп электр желісін тұрақты әрі экологиялық тұрғыдан таза етуді көздеп отыр.

Бағдарлама мақсатына сәйкес  жұмыс істей ала ма? Жаңа бастаманың табысты болуы бір ғана сұраққа байланысты: адамдар өз тұтыну дағдыларын өзгерте ала ма?

Граттан институтының энергетика және климаттың өзгеруі жөніндегі директоры Тони Вуд: «Егер бұл мүмкін болса, онда елеулі пайда әкелуі мүмкін», – дейді.

Оның айтуынша, егер энергия тұтыну күндізгі уақытқа ауысса, кешкі жүйелік жүктемені азайтып, жалпы энергетика саласының тиімділігін арттырар еді.

Мынадай тұтынушылар үшін 3 сағат тегін электр энергиясы керек пе?

Басқа сарапшылар бұл идеяға скептицизммен қарайды. Виктория энергетикалық саясат орталығының директоры, профессор Брюс Маунтин бұл жобаны «популистік сандырақ» деп атап, бұндай ұсыныстардың нарықта бұрыннан бар екенін және оларды міндетті түрде енгізудің қажеті жоқ екенін алға тартады.

Үкімет болса, ұсыныстың реттелуі тұтынушылар үшін әділеттілікті қамтамасыз етеді деп сендіруде. Профессор Маунтин бұл саясат ұзақмерзімді перспективада бағалардың өсуіне әкелуі мүмкін екенін де ескертеді.

Алғашында бағдарламаны іске қосу 2025 жылдың шілде айына жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта билік қоғамдық пікір жинау кезеңінде. Ал бастаманың қаншалықты табысты болатыны әзірге белгісіз.

Аустралиядағы бұл бастама – жаңартылатын энергияның жаңа, кемелденген кезеңіне өткенін көрсететін айқын дәлел. Енді басты мәселе – энергияны өндіру емес, оны қалай тиімді сақтау мен тұтынуға бейімдеу. Миллиондаған үй шаруашылығына тегін электр қуатын берілуін ашық талқылаудың өзі әлемнің энергетикалық трансформацияда қаншалықты алға жылжығанын байқатады. Бұл бағдарлама жүзеге асса, экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді өзгерістерге жол ашуы мүмкін. Аустралия 20 Гвт энергияны күн сәулесінен алады… 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.