Associated Press агенттігінің хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Нью-Йорктің жаңа әкімі мен қазақ Президентінің АҚШ-қа сапарындағы басты оқиғаның арасындағы байланысты талдайды.
АҚШ саясаткерлерінің ішінде ашық түрде Палестинаны жақтайтын тұлғалардың аз болуына қарамастан, Мамданидің жеңісі Израиль қоғамына күтпеген соққы болды. Әлемдегі ең үлкен еврей диаспораларының бірі орналасқан мегаполисте оның жеңісі Израиль мен АҚШ арасындағы стратегиялық және мәдени байланыстар әлсіреуі мүмкін деген уайымды күшейтті. Оның үстіне, еврей сайлаушыларының шамамен үштен бірі оны қолдағаны бұл алаңдаушылықты тереңдете түсті.
«Бұл өте жаман. Еврейлер үшін, Израиль үшін, барлығы үшін жаман. Басқа не айтуға болады?», – дейді Иерусалим тұрғыны Хана Йегер.
Мамданидің сайлау кампаниясы негізінен Нью-Йорктегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге – қарапайым қала тұрғындарының жағдайына, қолжетімді балабақша мен тұрғын үй тапшылығына бағытталды. Алайда Израильде жас мэрдің пропалестиналық көзқарасы негізгі назарда тұр.
Бұл – соңғы жылдары АҚШ-та, әсіресе жас демократ сайлаушылар арасында, Израильге деген көзқарастың өзгергенінің айқын көрінісі. Бұл өзгерісті 2023 жылғы Газадағы соғысқа деген наразылық жылдамдата түсті.
Израиль шенеуніктері Мамданиді «Израильді жек көретін» және «антисемит» деп айыптады. Сарапшылар бұндай қатқыл реакцияның артында Израильдің ішкі қорқынышы жатқанын айтады. Осылайша, бұрынғы саяси тепе-теңдік шайқала бастаған.
Мамдани Израильдің өмір сүру құқығын мойындайтынын, бірақ еврейлерге басымдық беретін кез келген саяси құрылымды адам құқықтарына қарсы деп санайтынын айтады. Израиль қоғамының көпшілігі бұл пікірді мемлекеттің тарихи негіздеріне қарсы шабуыл деп қабылдауда. Мамдани Газадағы соғысты «геноцид» деп атаған және Нетаньяхуды Нью-Йоркке келсе, тұтқындауға уәде берген.
Соған қарамастан, ол антисемитизмге қарсы күресуге және қаланың еврей тұрғындарымен ынтымақта болуға уәде берген. Exit poll нәтижелеріне сәйкес, ол еврей сайлаушыларының шамамен 30% дауысын алған.
Израильдік радиода сайлаудан кейін «қауіп» және «реніш» көңіл күйлері басым болған. Израильдің БҰҰ-дағы өкілі Дэнни Данон Нью-Йорк еврейлері үшін қауіпсіздік әлсіреуі мүмкін екенін мәлімдеп үлгерген. Кей министрлер тіпті Нью-Йорк еврейлерін Израильге көшіп келуге шақыра бастады. Дегенмен Батыс жағалаудағы палестиналықтар Мамданидің жеңісін «тарихи сәт» деп бағалап, оны жас америкалықтардың әділдік пен адам құқықтары үшін күресінің белгісі ретінде көруде.
Мына видеода Дональд Трамптың атынан Орталық Азия елдерінің басшыларының құрметіне Ақ үйде берілген кешкі қонақасында 6 президенттің сөздері толық берілген: Қазақ елінің Ибраһим келісімдеріне қосылуының мәні
Ақ үйдегі кездесу барысында қазақ пен америкалық президенттер Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен. Онда Қазақ елінің Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгіме болған.
Қазақ елінің Ибраһим келісімдеріне қосылатыны туралы жаңалық халықаралық саясатта маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл – Қазақ елінің көпвекторлы сыртқы саясатына, диалог пен бітімгерлікке негізделген ұстанымына толық сай келеді.
Ибраһим келісімдерінің негізгі тұжырымы – мұсылман мен еврей елдерінің арасындағы ресми қатынастарды жақсартумен, бейбітшілік, экономикалық әріптестік және технологиялық ынтымақтастық орнатумен байланысты. Бұл құжат соғыс пен оқшаулаудың орнына өзара пайда мен тұрақты даму идеясына құрылған.
2020 жылдан бері бұл келісімдерге Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Марокко және Судан қосылды. Олардың тәжірибесі көрсеткендей, дипломатиялық байланыстарды қалыпқа келтіру туризм, инвестиция, инновация және қауіпсіздік салаларына пайда әкеледі.
Қазақ елінің келісімге қосылуы бұл тізімді кеңейтіп қана қоймай, мұсылман және еврей халықтары арасындағы сенім мен диалогты нығайтуға жаңа серпін береді.
Қазақ елі – көпэтносты және көпконфессиялы келісім тәжірибесі қалыптасқан мемлекет. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтетін ел. Біздің ойымызша, бұл қадам елдің бейбітшілік көпірі ретіндегі халықаралық рөлін күшейтеді.
Ұлттық ақпарат кеңістігінде келісімнің Ибраһим аталуы да жүректе жылы қабылданады. Қазақ елі келісімге қосылу арқылы Таяу Шығыстағы тұрақтылықты қолдайтынын, экономикалық және технологиялық серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін көрсетті. Бұны қазақ Президентінің дипломатиядағы кезекті жеңісі, елдің беделін өсіріп, сыртқы саяси миссиясын жаңа деңгейге шығаратын қадам деп бағалауға болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.