Ресейдің Қиыр Шығысындағы Камчатка түбегінде соңғы онжылдықтағы ең жойқын жер сілкінісі тіркелді. 8,7 магнитудалы қуатты дүмпу 30 шақырым тереңдікте орын алған. Ресей ғылым академиясының мәліметінше, бұл апат соңғы отыз жыл бойы ғалымдар күткен әрі алдын ала болжанған зілзалалардың бірі болған. Алайда жердің дірілі мен оның ықпалы күткеннен әлдеқайда ауқымды болып шықты.
Жер сілкінісі түбектің бірнеше ауданында қатты сезілді. Электр жарығы мен байланыс уақытша үзілген. Өңірде мектептер мен қоғамдық орындар жабылып, кей аудандарда төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Жергілікті билік шұғыл әрекет ету штабын құрды, ал емдеу мекемелері күшейтілген режимге көшірілді.
Камчаткадағы бұл апат 1952 жылғы 9 магнитудалы жер сілкінісінен кейінгі ең ірі зілзала ретінде тіркеліп отыр. Ол кезде де Северо-Курильск жағалауын цунами басып, мыңдаған адам эвакуацияланған болатын. Бұл жолы адам шығыны мен ауыр жарақаттар туралы ресми ақпарат тіркелмеген.
Ресейлік сейсмологтар мұндай табиғи апаттардың Камчатка мен Курил аралдары сияқты сейсмикалық белсенді аймақтар үшін таңсық емес екенін айтады. Алайда бұл жолғы дүмпу тек Ресейдің ғана емес, тұтас Тынық мұхиты аймағының геосейсмикалық қауіпсіздігіне қауіп төндірді.
Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін Тынық мұхиты бойындағы ондаған елде цунами қаупі жарияланды. Жойқын дүмпудің эпицентрі теңізге жақын орналасқандықтан, сілкініс теңіз түбін шайқап, жағаға қарай жойқын толқындардың жылжуына себеп болды. Алғашқы цунами толқындары АҚШ-тың Гавайи аралдарына жетіп, Халеива қаласында 1,2 метрге дейінгі су көтерілді. Бұл – қалыпты деңгейден бірнеше есе биік. Осыған байланысты штаттағы порттар уақытша жабылып, Hawaiian Airlines және Alaska Airlines компаниялары рейстерін тоқтатты.
АҚШ пен Канаданың бүкіл батыс жағалауы – Калифорния, Орегон, Вашингтон, Британдық Колумбия және Аляска штаттары – бір мезетте дабыл жүйесін іске қосып, тұрғындарға жағалаудан алыстауға кеңес берілді. Цунами қаупі Мексика мен Перуге де жетті: екі елдің әскери-теңіз күштері батыс жағалаудағы тұрғындарды эвакуациялауға дайын екенін мәлімдеді. Перу гидрография және навигация басқармасы апаттың ықтимал зардаптары елдің бүкіл жағалауын қамтуы мүмкін екенін ескертті.
Филиппин мен Индонезия билігі де жағалаудағы халықты сақ болуға шақырып, 50 см-ден 1 метрге дейінгі толқындар болуы ықтимал екенін хабарлады. Қытайдың Чжэцзян провинциясы мен Шанхай маңында да цунами туралы ескерту жарияланып, Жапонияның Чиба префектурасында бірнеше киттің жағаға шығып қалғаны тіркелді – бұл да теңіз астының қатты өзгерістерге ұшырағанының белгісі.
Мамандардың айтуынша, сейсмикалық күш теңіз түбінің пішінін өзгертіп, су ағынын қайта бағдарлайды. Мұндай жағдайларда цунами толқындары мыңдаған шақырымға дейін жетіп, тіпті географиялық тұрғыдан шалғайдағы аймақтарды да шарпуы мүмкін.
Камчаткадағы бұл зілзала – тосын апат емес, ғалымдар бұған отыз жылдан астам уақыт бойы дайындалып келген. Ресей ғылым академиясының Жер физикасы институты директоры Сергей Тихоцкийдің айтуынша, аймақта күшті жер сілкінісі болатыны жайлы ұзақмерзімді ғылыми болжам бұрыннан бар еді. Соның негізінде Камчаткада арнайы инженерлік бағдарламалар қолға алынып, сейсмикалық төзімділік бойынша инфрақұрылым қайта қаралған.
– Бұл соңғы 30 жылда ең нақты болжанған апат болды. Бізде аймақта міндетті түрде күшті дүмпу болады деген болжам негізінде ғимараттарды нығайту, жаңа құрылыс талаптарын өзгерту, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау шаралары жүрді, – деді Тихоцкий.
Ғалымдар Камчатканың геологиялық орналасуы, яғни Тынық мұхитының сейсмикалық белсенді «Отты шеңберінің» құрамында болуы өңірді үнемі бақылауда ұстауға мәжбүр ететінін айтады. Бұл аймақтағы тектоникалық тақталар шекарасы жиі қозғалыста болады, ал олардың соқтығысуы үлкен дүмпулерге алып келуі ықтимал.
Камчатка билігі мен Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі соңғы жылдары сейсмологиялық бақылау жүйелерін жаңартып, халықты құлақтандыру және эвакуациялау механизмдерін жүйелеуге мән берген. Соның нәтижесінде, биылғы зілзала кезінде адам шығыны болмаған және тұрғындар арасында дүрбелең аз болған. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық та өз септігін тигізген. Ресейдің сейсмологиялық қызметі Жапония, АҚШ және Оңтүстік Корея сынды елдердің орталықтарымен деректер алмасып, цунами қаупін ерте болжау жүйелерін жетілдіру бағытында бірлескен жобалар жүзеге асырған.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта климаттық өзгерістер мен теңіз деңгейінің көтерілуі сейсмикалық белдеулерде орналасқан елдер үшін қауіп-қатерді арттыра түсуі мүмкін. Сондықтан Камчатка мысалынан алынған сабақ – тек Ресей үшін емес, бүкіл аймақ үшін өзекті.
Мейір ЖАСЫН