Иран билігі тыйым салынған «Моджахедин-е Халқ» (MEK) ұйымының екі мүшесін елдегі азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасағаны үшін дарға асты. Бұл туралы жексенбі күні Иран сотының ресми Mizan агенттігі хабарлады.
Мехди Хассани мен Бехруз Эхсани-Эсламлу қолдан жасалған қарулармен тұрғын үйлер мен қоғамдық нысандарға шабуылдағаны үшін 2024 жылы өлім жазасына кесілген. Жоғарғы сот олардың апелляциялық шағымын қабылдамай, үкімді күшінде қалдырды.
БҰҰ дерегінше, Иранда 2024 жылы кемінде 901 адам өлім жазасына кесілген, бұл – 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Amnesty International бұл істі «әділетсіз» деп атап, айыпталушылардың азаптау арқылы мойындатылғанын мәлімдеді. Ұйым мәліметінше, олар 2022 жылы ұсталып, адвокатсыз тергеліп, жалғыз камерада ұзақ уақыт отырған.