in

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи: «Әлемдегі ең күшті әскердің өзі кейде орнынан тұра алмайтындай шапалақ жеуі мүмкін»

Ассошиэйтед Пресс хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz  бұғаздың жабылуы мұнай бағасына қалай әсер ететінін бағалайды.

Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалының 20%-ы өтетін негізгі су жолы. Бұғаздың толық жабылған-жабылмағаны әзірге нақтыланбады, бірақ ирандық биліктің мәлімдемесінің өзі Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Вашингтонға ескерту жасап: «Әлемдегі ең күшті әскердің өзі кейде орнынан тұра алмайтындай шапалақ жеуі мүмкін», – деген. Ол сондай-ақ АҚШ-ты «келіссөз нәтижесін алдын ала шығарып қоюдан» сақтандырды және «әскери кеме қауіпті, бірақ одан да қауіптісі – оны батыра алатын қару» деп мәлімдеген.

Сонымен бірге Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келіссөздерге байланысты үмітін білдіріп, келісімге келуге «жаңа терезе ашылғанын» айтқан.

«Біз келіссөздер мүдделі тараптар мен бүкіл өңірдің мүддесіне сай тұрақты әрі келісілген шешімге алып келеді деп үміттенеміз», – деді ол БҰҰ-ның қарусыздану конференциясында. Аракчи Иранның «кез келген қауіп пен агрессияға қарсы қорғануға толық дайын» екенін де ескертті. Әрі Иранға соққының салдары «оның шекарасымен шектелмейтінін» мәлімдеген.

Женевадағы келіссөздерге АҚШ делегациясын Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер бастап барды. Кездесу Оман елшісінің резиденциясында өткен. АҚШ шенеунігінің айтуынша, ілгерілеу бар, бірақ талқыланатын жайттар көп. Иран алдағы екі аптада келіспеушіліктерді жоюға арналған нақты ұсыныстарын бермекші. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс: «Белгілі бір мағынада бәрі жақсы өтті, бірақ президент белгілеген «қызыл сызықтарды» ирандықтар әзірге мойындауға дайын емес екені анық болды», – дейді.

Ирандық деректер бойынша, Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазында әскери жаттығуларды бастаған. Сарапшылар мұны халықаралық қауымдастыққа «Иранға соққының жаһандық салдары болады» деген сигнал деп түсіндіреді. Бір сарапшы Иран бұғазды соңғы рет 1980 жылдардағы Иран–Ирак соғысы кезінде миналау арқылы жапқанын еске салды.

Женевадағы келіссөздерден кейін мұнай бағасы төмендеді. АҚШ мұнайы 1,3% түсіп, барреліне 62,06 доллар болды, Brent 2,3%-ға дейін арзандап, 67,03 долларға түсті.

Соңғы апталарда АҚШ өңірдегі әскери қатысуын күшейтіп жатыр. Президент Трамп USS Gerald R. Ford әуе тасушы кемесінің Таяу Шығысқа бет алғанын жариялады. Ол қазір Үнді мұхитындағы USS Abraham Lincoln пен басқарылатын зымыранды эсминецтер тобына қосылады. 

Вашингтон Иранның ядролық бағдарламасын шектейтін келісім жасауға ниетті. Ал Тегеран ядролық қару жасамайтынын айтып, ел ішінде уран байытуды толық тоқтатуға және жоғары байытылған уран қорын беруге қатысты талаптарға қарсылық білдіруде. Соғысқа дейін 2025 жылдың маусымында Иран уранды 60%-ға дейін байытқан. Бұл – қару деңгейіне жақын көрсеткіш.