Израильдің бүгінгі әуе шабуылы кезінде Иран қарулы күштерінің бас штабының жаңа бастығы Әли Шадмани мерт болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.
Израиль армиясының бұл мәлімдемесіне қатысты Иран билігі әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран жұртына түгелдей көшу туралы үндеу жасады. Қазір мыңдаған адам Иран астанасынан кетіп жатыр. Бірақ жолдар бөгеліп жатқандықтан, халықтың эвакуациялануы қиынға соғып отыр.
Тегеранда жарылыс жаңғырығы естіліп жатыр. Ал Иран болса, Израильдің әскери барлау ғимаратына және «Моссадтың» штаб-пәтеріне соққы берген. Мұны Иран телеарнасы хабарлады. Шабуылдың салдары туралы ақпарат әзірге жоқ. Екі ел арасындағы әуе шабуылы бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр.
Иранда Израильдің шабуылдарынан 224 адам қаза тапса, Израильде 24 адам мерт болған. BBC сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Израильдің көздегені Иран режимін құлату болуы мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.