in

«Израиль сіздер үшін де күресіп жатыр»: Биньямин Нетаньяху әлем күтпеген мәлімдеме жасады

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеп, ХАМАС тұтқындарына арнап, үндеуін Газадағы дауысзорайтқыштар арқылы жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол тірі қалған жиырма тұтқынды ұмытпайтынын айтып, «бәріңізді үйге қайтарамыз» деп уәде берді.

Нетаньяху Батыс елдерін Палестина мемлекетін мойындағаны үшін сынға алды. Оның пікірінше, бұл – 11 қыркүйектен кейін Нью-Йорк маңында «Әл-Каидаға» мемлекет құрумен тең. Сондай-ақ ол Газа секторындағы операцияның «жақын арада аяқталатынын» айтты.

Израиль үкімет басшысы Иранға да шүйлігіп, оның байытылған уран қорын жоюды талап етті және АҚШ президенті Дональд Трампқа қолдауы үшін алғыс білдірді.

Нетаньяху көтерген плакатта: «Кім америкалықтар мен еуропалықтарды өлтірді?» деген сұраққа «Әл-Каида, ХАМАС, Хезболла, Иран немесе барлығы» деген жауап нұсқалары беріліп, ол «барлығына» белгі қойған.

Премьердің айтуынша, Израиль тек өз мүддесі үшін емес, барлық Батыс елдері үшін ортақ жауға қарсы күрес жүргізіп отыр.