Парижде (Франция) ИКАО Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының (EURNAT-DGCA) азаматтық авиация бас директорларының кеңесінде ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның ATR Еуропа мен Орталық Азиядағы сату жөніндегі вице-президенті Жером Габоримен кездесуі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Әңгімелесу барысында тараптар өңірлік әуепаркті жаңарту саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, ATR заманауи турбовинтті әуе кемелерін жеткізу мүмкіндіктерін, сондай-ақ техникалық қызмет көрсетуге, персоналды оқытуға және сервистік қуаттарды оқшаулауға байланысты мәселелерді талқылады. SCAT әуекомпаниясы осы ұшақтарды салынып жатқан үш жаңа Зайсан, Қатонқарағай, Кендірлі әуежайларына рейстерді орындау үшін сатып алуды қарастыруда, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ кездесуде тұрақты даму және отын тиімділігін арттыруға және көміртегі ізін азайтуға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу тақырыбына ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар диалогті жалғастыруға және Қазақстанның авиация саласын жаңғыртуға ықпал ететін әріптестікті дамытуға өзара қызығушылық танытты.
Анықтама: ATR – 1981 жылы құрылған француз-итальяндық авиациялық техника өндірушісі. Штаб-пәтері Тулузада (Франция) орналасқан. ATR42 және ATR72 турбовинтті аймақтық жолаушылар ұшақтарын шығарады. Компания аймақтық турбовинтті ұшақтарды (40-тан 74 орынға дейін) өндіруде көшбасшы болып табылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.