in

Ақ үйдегі келіссөз: Зеленский аумақтық мәселелерді тек Путинмен талқылайды

Ақ үйдегі келіссөздер аяқталды

Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп, Украина президенті Владимир Зеленский және Украинаға қолдау көрсету мақсатында келген бірқатар Еуропа мемлекеттерінің көшбасшыларының қатысуымен келіссөздер өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.bbc.com сайтына сілтеме жасап.

Ақпан айындағы келіссөздердегі келіспеушіліктен айырмашылығы, бұл жолы тараптар арасында ашық пікірталас болған жоқ. Керісінше, Дональд Трамп Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл кепілдіктер Еуропа тарапынан ұсынылады, алайда АҚШ-пен үйлесімді түрде жүзеге асады. Сонымен қатар, ол Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің жеке кездесуіне дайындық басталатынын хабарлады. Дегенмен, Кремль бұл мәселе бойынша нақты уәде берген жоқ, өзіне белгілі бір маневр жасауға мүмкіндік қалдырды. Өз кезегінде Владимир Зеленский аумақтық мәселелерді тек Ресей президентімен жеке талқылауға дайын екенін атап өтті.

Костюм мен дипломатиялық этикет

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Украина басшысын қарсы алып жатып: «Мұны көргеніме сене алар емеспін. Маған ұнайды», – деді. Бұл пікір Зеленскийдің сырт келбетіне қатысты айтылған еді. Ол бұл жолы Вашингтонға бұған дейінгідей жемпірсіз, костюм киіп келді.

NBC арнасының хабарлауынша, Зеленскийге алдын ала Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер кеңес берген. Ол әріптесіне Дональд Трамптың дипломатиялық күш-жігері үшін алғыс білдіруге, пиджак киюге және АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трампқа жұбайы Елена Зеленскаяның хатын тапсыруға кеңес берген.

Нәтижесінде Зеленский өз сөзінде Дональд Трампқа 16 рет «рақмет» айтты. Оның алдында отырған АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бұған дейін Зеленскийді «алғыс білдірмеді» деп сынға алған болатын. Бұл жолы Вэнс ешқандай ескерту жасамай, дипломатиялық үнсіздігін сақтады.