Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шекарада қарулы қақтығыс болып, ондаған сарбаз қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Екі ел арасындағы шекара уақытша жабылды.
Reuters мәліметінше, Ауғанстан билігі 58 пәкістандық сарбаздың мерт болғанын мәлімдеді. Ал Пәкістан тарабы 23 әскери қызметкердің қаза тапқанын растады. Сонымен қатар, Ауғанстан жағынан да бірнеше сарбаздың көз жұмғаны хабарланды.
Қақтығыс Пәкістанның ауған шекарасына әуе соққысын жасауы салдарынан басталған. Бұған жауап ретінде ауған күштері шекара бекеттеріне қарулы шабуыл ұйымдастырған. Қарулы текетірес кезінде екі тарап бір-бірінің шекаралық нысандарына соққы берген. Нәтижесінде шекарадағы негізгі өткелдер — Торхам мен Чаман — уақытша жабылды.
Бұл — Талибан билікке келгеннен бергі екі ел арасындағы ең ірі қақтығыстардың бірі. Сарапшылардың пікірінше, жағдай аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп, сауда мен гуманитарлық қатынастарға кері әсер етуі мүмкін.
Қазіргі таңда тараптар арасында атыс басылғанымен, шиеленіс толық шешілген жоқ.