Financial Times басылымының хабарлауынша, қызметтік міндеттерді атқаруда жасанды интеллект жүйесінің оң да, теріс те жақтары болады екен. Aikyn.kz британдық басылымның материалына сүйеніп, ЖИ-ді мемлекеттік басқаруда қолдану мүмкіндіктерін талдайды.Мемлекеттік қызметкерлер жасанды интеллект құралдарын пайдаланып, екі апта жұмыс уақытын үнемдеген. Фото bloomberg.com сайтынан алынды. Авторлығы: Zula Rabikowska
Мемлекеттік қызметкерлер әкімшілік міндеттерді орындау кезінде жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, жылына екі апта жұмыс уақытын үнемдеген. Бұл – Британ үкіметінің пилоттық зерттеуінің нәтижесі.
Зерттеу аясында 20 000-нан астам мемлекеттік қызметші Microsoft Copilot жасанды интеллект көмекшісін үш ай бойы құжаттар дайындау, жиналыстардың қорытындысын жасау және есептер әзірлеу үшін пайдаланған. Қызметкерлер бұл құралды қолдану арқылы күніне орта есеппен 26 минут үнемдегенін хабарлады.
Премьер-министр Кир Стармер басқаратын үкімет мемлекеттік секторды цифрлық қызметтер мен озық жасанды интеллект арқылы жаңғырту арқылы 45 миллиард фунт стерлинг үнемдеуді мақсат етіп отыр. Алайда кейбір сарапшылар бұл технологияның әлі де ресми жұмысқа жарамсыз екенін ескертуде.
Министрлер ЖИ саласындағы инвестицияларды ынталандыру үшін авторлық құқық заңдарын жұмсарту арқылы шетелдік капиталды тартуға ұмтылуда. Дегенмен бұл шешім Ұлыбританияның шығармашылық индустрия өкілдері тарапынан қатаң сынға ұшырауда.
Ұлыбританияның технологиялар жөніндегі министрі Питер Кайл дүйсенбі күні (2 маусым) Лондонда өткен SXSW конференциясында зерттеу нәтижелерін таныстыра отырып:
«Жасанды интеллект үкімет жұмыс істеу тәсілін өзгертуде – бізге тиімді жұмыс істеуге, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға және салық төлеушілердің ақшасын тиімді жұмсауға көмектеседі», – деген.
Премьер-министр Кир Стармер мемлекеттік басқаруды цифрлық қызметтер мен ЖИ интеллект арқылы жаңғырту арқылы 45 миллиард фунт стерлинг үнемдеуді мақсат етуде. Фото standard.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: PA Wire
Үкіметтік зерттеудің барысында Companies House (Ұлыбританияның тіркеу палатасы) қызметкерлері Copilot көмегімен клиенттердің стандартты сұраныстарына жауап дайындап, жауаптар құрастырған және жазбаларды жаңартып отырған. Еңбек және зейнетақы департаментінің қызметкерлері бұл құралды жұмыс іздеушілерге арналған ұсыныстарды жекелендіру үшін пайдаланған.
Copilot құжаттарды әзірлеу мен презентациялар жасау кезінде көп уақыт үнемдеген. Респонденттердің айтуынша, бұл тиісінше күніне 24 және 19 минут үнемдеуге мүмкіндік берген. Алайда респонденттердің 17%-ы бұл құрал мүлде уақыт үнемдеуге көмектеспеді деп жауап берген. Мемлекеттік қызметкерлердің 82%-ы бұл технологияны әрі қарай қолданғысы келетінін айтқан.Мемлекеттік қызметкерлердің 82%-ы бұл технологияны әрі қарай қолданғысы келетінін айтқан. Иллюстрация Linkedin әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: Shawn Ten аккаунты
Осы дүйсенбіде (2 маусым) жарияланған тағы бір есеп (оны мемлекет қолдайтын Алан Тьюринг зерттеу институты дайындаған) мемлекеттік сектордағы тапсырмалардың 41%-ы жасанды интеллектпен орындалуы мүмкін екенін көрсеткен. Онда ЖИ құралдары оқытушылар көп пайдаланатыны атап өтілген. Өйткені олар ЖИ көмегімен сабақ жоспарын жасау секілді міндеттерін оңтайландыра алады.
2024 жылдың қаңтарында үкімет мемлекеттік қызметкерлердің өнімділігін арттыру мақсатында Humphrey деп аталатын жасанды интеллект құралдар жиынтығын әзірлеуді бастағанын мәлімдеді. Азаматтарға арналған жаңа цифрлық қызметтер әзірленуде. Олардың ішінде үкіметтік қызметтерге қолжетімділікке арналған мобильді қосымша, чат-бот және жеке құжаттарды (мысалы, жүргізуші куәлігі) сақтауға арналған цифрлық әмиян бар.
Жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша бүкіл әлемде жүргізіліп жатқан тәжірибелер әртүрлі нәтижелер көрсетуде. Мысалы, Нью-Йорк қаласында кәсіпкерлерге көмек көрсетуге арналған чат-бот заңды бұзуға кеңес берген соң, өткен жылы алып тасталынған.ЖИ жүйелері нәсілдік кемсітушілік пен стереотиптерді күшейтеді. Фото civilserviceworld.com сайтынан алынды. Авторлығы: Adobe Stock
ЖИ-дің тиімділікті арттырудан тыс, оны басқа салаларда қолдану белгілі бір қауіптерге де жол ашуы мүмкін. Ұлыбритания полициясының болжамды қылмыстарды анықтауға арналған алгоритмдері Amnesty International секілді құқық қорғау ұйымдарының сынына ұшыраған. Олардың айтуынша, мұндай жүйелер нәсілдік кемсітушілік пен стереотиптерді күшейтеді.
2021 жылы жәрдемақы бойынша алаяқтықты анықтау үшін жасанды интеллект қолданған Нидерланды үкіметі отставкаға кетуге мәжбүр болған. Себебі бұл алгоритмдер мигранттар мен маргиналданған топтарға қатысты негізсіз алалаушылық танытқаны анықталып, мыңдаған жазықсыз адам заңсыз айыппұлдарға ұшыраған.
Әлем елдері жасанды интеллекті мемлекеттік басқару саласына белсенді түрде енгізуде. Алайда технологияның әлеуетімен қатар, оның этикалық және құқықтық тәуекелдері де ескерілуі тиіс. Мемлекеттік қызметтің цифрлық трансформациясы тек үнемдеу емес, сонымен қатар сенім мен жауапкершілік мәселесі екенін ұмытпаған дұрыс.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.