in

Қытайда өткен бокстан Әлем кубогында ұландықтар үш алтын медаль жеңіп алды

Қытай Халық Республикасының Гуйян қаласында World Boxing ұйымының бастамасымен бокстан Әлем кубогы өтті. Халықаралық турнирде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының спорт командасының әскери қызметшілері ұлттық құрамасы сапында табысты өнер көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Жарыс қорытындысы бойынша, аға лейтенант Абылайхан Жүсіпов 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, турнирдің алтын медалін жеңіп алды.

Әйелдер арасында ефрейтор Назым Қызайбай 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, үздік нәтиже көрсетті. Ұлттық құраманың қоржынына тағы бір алтын медальді ефрейтор Виктория Графеева салды. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жоғары нәтижелері Қазақстан құрамасының беделді халықаралық турнирдегі табысты өнер көрсетуіне елеулі үлес қосты және отандық спортшылардың әлемдік аренадағы дайындық деңгейінің жоғары екенін тағы бір рет дәлелдеді.

Ұландықтардың Әлем кубогындағы жеңістері кәсібиліктің, мақсатқа ұмтылудың және спортқа адалдықтың жарқын үлгісі болып саналады. Сонымен қатар бұл жетістіктер еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтуға ықпал етеді.